Жауынгер-авиатор. 1942 жылы қарағандылық жауынгер қыздармен бірге Вольск қаласындағы авиация училищесінде атқыш-радистер, оқтаушылар даярлайтын курсты аяқтайды. Раиса оқтаушы болып орналасқан 659-авиациялық истребитель полкы Сталинград түбіндегі шайқастарға қатысады. Алапат шайқастағы жеңіске үлес қосқаны үшін «Сталинградты қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалдарын омырауына тағады. Кейін майдан жодарымен Дондағы Ростов, Воронеж, Ворошиловград, Керчь, Одесса қалаларын неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатысады. 1944 жылы денсаулығына байланысты елге оралады. Әскери комиссариатта, ауаткомда жұмыс істейді. 1964 жылдан зейнеткерлікке шыққанша облыстық тұтынушылар одағының кадрлар бөлімінде жемісті еңбек етті.
Әскери дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты (1955). Алматы медицина институтының шапшаңдатылған курсын 1942 жылы бітіріп, өз еркімен Ұлы Отан соғысына аттанады. Сол жылдың күзінде Волхов майданында 59 армияның қарамағындағы 3393 далалық госпиталінің дәрігер хирургы болады. Ленинград қоршауына қатысып, 1944 жылы Новгородты азат ету жолындағы ұрыстарда талай жауынгерді ажалдан арашалап қалғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталады (ол сол кезде Ленин орденінен кейінгі екінші сатыдағы орден болып есептелетін). Одан кейін 1-Украин майданының құрамында Польшаны азат ету жөніндегі ұрыстарға қатысады, мұнда 12 мың әскери тұтқын отырған госпитальды басқарады. Соғыстан кейін ғылыммен айналысты. Алматы өлкелік патология институтында істейді, 1955-85 жж. Қарағанды медицина институтының тері аурулары кафедрасын басқарады. 1965 жылдын соғыс ардагерлері Советтік комитетінің мүшесі болды. Ленин, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, 11 медальмен марапатталған. Қазақ КСР жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері.Қарағанды қаласының құрметті азаматы.
Әскери байланысшы. 12 жасында жетім қалып, Павлодарда балалар үйінде тәрбиеленеді. Өз еркімен майданға сұранғандықтан әскери комиссариат Раушанды радистердің оқуына жібереді. 1942 жылдың 1 тамызында майданға аттанады. Мәскеу түбінде 119-атқыштар полкінің байланысшысы болады. Ұрыс даласында жараланады да. 1943 жылдың соңынан өжет барлаушы Ленинградтың қоршауын бұзу операциясына табылады.Ұрыс жолдарымен Харьковті, Киевті, Польша жерін азат етуге қатысады. 1946 жылы елге оралып, Қарағандыда №1-бис шахтасының подстанция көмекшісі болып істейді. Денедегі мина жарықшамасын алып тастау операциясынан кейін жер асты жұмысына жарамай қоғамдық тамақтандыру саласына ауысады. Майдандағы ерліктері және еселі еңбегі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдарымен, «Совет саудасының үздігі» белгісімен марапатталады. Жолдасы Тұяқ шахтермен бірге үш қыз тәрбиелеп, өсірген.
Әскери-авиатор. Қарағандылық елу жауынгер қыздардың қатарында 1942 жылы Саратов облысындағы Вольск авиатехни калық училищесінде әскери дайындықтан өткен соң жерлесі Евдокия Садмановамен бірге кейін «1- гвардиялық Минск авиациялық истребитель корпусі» атанған әскери бөлімнің 66-шы авиация полкына жіберіледі. Корпус сынау атақты 1944 жылы Белоруссия операциясына қатысқаны үшін алған еді. Ал Мария болса «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін омырауына қадады. Бұдан кейін М.Ососкова Берлин операциясына да қатысып, жаудың тізе бүккеніне куә болды. Оның командирі Николай Зайцев фашистердің сегіз ұшағын атып түсірді.Осы шайқаста Мария Ососкованың әріптестері корпустың ұшақтарын 32438 рет жауынгерлік тапсырмаға дайындап, аттандырыпты. Мария Игнатьевна 1981 жылы Минск қаласын азат етудің 37 жылдық мерекесінің құрметті қонағы болды.
Әскери-авитор, аға сержант. Қарағандылық елу қыздың қатарында 1942 жылы Саратов облысындағы Вольск авиатехникалық училищесінде әскери дайындықтан өткен соң жерлесі Мария Ососковамен бірге кейін 1- гвардиялық Минск истребительдер авиакорпусі атанған әскери бөлімге жіберіледі. Ұшақтарды оқтаушы міндетін атқарады. Бірақ Мәскеу түбіндегі шайқастардың бірінде жараланып қалып, емделген соң өз полкіне емес, 78-ерікті бригаданың 256 атқыштыр полкі батальонында санитарлық нұсқаушы болуға тура келеді. Оның жауынгерлік жолы Мәскеу түбінен Германияның Лансберг қаласына дейін жалғасты. Екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, басқа да мерекелік медальдармен марапатталды. Соғыстан соң еліне оралып, Қарағанды кен техникумында бастауыш әскери дайындық пәнінен ұстаздық етті. Бұдан соң жиырма жылдай Қарағанды шина жөндеу заводында жабдықтау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады.
3 бет. Барлығы: 4