Сапарғали Ләмбеков

Өзі жазған ғұмырнамасынан Мен 1936 жылғы 5 маусымда Кеңбидайықта дүниеге келіппін. Бұл ашаршылық жылдары еді. Әкем Ләмбек өнерге бейім, домбыра тартатын, ән-жыр айтып, өлең де шығаратын. Ұлы Отан соғысына аттанып, қайта оралмады. Шешем Рысбала ұжымшарда еңбек етті. Мен де қаршадайымнан мал бақтым, өгіз арбамен пішенші, егіншілерге айран тасыдым, ат жегілген қырлы таспен қырманда астық та бастырдым. Соғыс жылдары бірінші сыныпты үйде бітіріп, екінші сыныптан кейін төртіншіні тәмамдадым. Ауырдым, емделдім, одан еш нәтиже шықпады. Бірақ мені, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романының әсері, қазақтың қолөнері өмірге қайта әкелді. 1951 жылғы 1-қыркүйекте тұңғыш рет тырнақалды туындым «Еңбек жыры» деген атпен жарық көрді. Тек өзіме сеніп, өзімнің іздену, оқуымның арқасында аудан, республикалық басылымдарда еңбектерім жарияланып, өмірге «Әке жолы», «Тайталас», «Тәттімбет», «Арыстар», «Қарқаралы саздары», «Сырперне», «Азаттық құрбандары», «Тұтқын ару», «Ана туралы аңыз», «Тағдыр мен талай», «Қарқаралы қазылық» т.б. роман, поэма, жауһар жырлар, шығармалар әкелдім...

Толығырақ...

Жастайынан тағдырдың тәлкегіне ұшырап, екі құлағы естімей қалса да көкірек көзі ояу болған Сапарғали Ләмбекұлы бала күнінен жазушы болуды армандаған. Осы жолда тынбай еңбек етіп келешек ұрпаққа өшпестей із қалдыра білген қайсар жанды азамат өмірден көргені мен көңілге түйгендерін қаламмен қағазға түсіре білген. Ол өмір үшін күресе білген қайталанбас тұлға. Ауылда құр алақан жатпай қасиетті туған өлкесінің тау тасын, өзен қыратын, ел есінде қалған майталман тұлғаларын қағаз бетіне түсіре жүрген. Биыл Сапарғали Ләмбекұлының туғанына 85 жыл толып отыр. Осыған орай қайнаған өмірден өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушының құрметіне өлкетану әдебиеті бөлімінде «Тағдыр мен талант» атты кітап көрмесі қойылды. Көрмеде жазушының өзі жазған кітаптары, мерзімді басылымдар бетіне шыққан мақалалары және ол туралы жазылған замандастарының естеліктері қойылды. Сапарғали Ләмбекұлының ғибратқа толы шығармаларын біздің кітап көрмемізден алып оқуларыңызға мүмкіндіктеріңіз бар.

Толығырақ...