Қарағанды облыстық «SARYARQA» телеарнасында «Ой орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы кездесу – қазақ телевизиясының алтын дәуіріне жол салып, алғашқы дикторлардың бірі атанған, еңбек ардагері Майра Ахметованың 100 жылдығына арналды.
Кештің арқауы – «Дикторлық өнердің дара жолы». Арнайы ұйымдастырылған экскурсия барысында клуб мүшелері телеарнаның бай тарихымен танысып, эфир мәдениетінің қалыптасу кезеңіне терең үңілді. Жетекшілік еткен – тележурналист, ҚР Мәдениет қайраткері Әли Тойжігіт.
Экскурсия барысында қатысушыларға өткен ғасырдың 60-70 жылдары қолданылған ескі камералар, микрофондар, радиоқабылдағыштар көрсетіліп, эфир жұмыстарының қалай жүргізілгені жайлы қызықты мәліметтер ұсынылды. Сол жылдардағы техникалық шектеулер, монтаж қиындығы, түсірілім лентасының тапшы кездері, бір хабарды эфирге дайындаудағы үлкен жауапкершілік – бәрі де журналистикаға деген шынайы адалдық пен жанкешті еңбек, әсіресе, дикторлардың дауысы, мәнері мен мәтінді жеткізу мәдениеті – бұл өз алдына бөлек өнер болатынын ортаға салды.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – телеарна ардагерлері Әли Тойжігіт пен Нұрғайын Әліпбекқызының естеліктерімен бөлісуі болды. Олар Майра Ахметовамен бірге еңбек еткен жылдарын тебірене еске алып, оның кәсіби шеберлігі мен биік адамгершілік қасиеттері жайлы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Сөз кезегінде «Майра Ахметова – сөзге жауапкершілікпен қарайтын, дауыс мәнері мен ішкі мәдениеті үйлесім тапқан, эфир әдебінің үлгісін көрсеткен нағыз тележурналистика символы» - деді Нұрғайын апай.
Кездесу барысында Майра Ахметованың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, ойордалықтар оны ерекше ықыласпен қабылдады. Фильмнен кейінгі пікірталас алаңында клуб мүшелері ардагер диктордың өмір жолына тәнті болғандарын жасырмай, оның рухани биіктігіне құрметтерін білдірді.
Кеш соңында Әли Тойжігіт белсенділік танытқан қатысушыларға өз қолтаңбасымен «Телеарна тынысы» атты еңбегін тарту етіп, жастармен ашық сұхбат құрды.
Бұл кездесу – дикторлық өнерге, оның дара тұлғаларына деген шынайы тағзым әрі ұлағатты ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Кітапхана ісіне жанашырлық танытып, кәсіби алаң ұсынып, бізбен бірге рухани шараны бөліскен телеарна ұжымына алғыс айтамыз.