Журналист, жазушы, ақын, қоғам және мәдениет қайраткері Орынбек Бековтың туғанына биыл 125 жыл толып отыр. Осыған орай, құрметті оқырмандар, сіздердің назарларыңызға Орынбек Бековтің қызметі мен шығармашылығы жайында қысқаша мағлұмат ұсынамыз.

Өмірбаяны мен берілген әдебиеттер тізімі бойынша берілген викторинаға қатысып, бірге жауап берейік!

Орынбек Беков Семей губерниясы, Ақадыр кентінде 1898 жылы ауыл батырағының отбасында дүниеге келген. Әкесі Бек көп жылдар бойы Спасск мыс қорыту зауытында жұмысшы болып істейді. Орынбек сауатын мұсылманша ашады, 3-4 жылдай оқиды. Кейін 1912 жылы зауыт жұмысшыларының балалары оқитын төрт жылдық училищені бітіреді. 1913-1914 жылдары осы зауытта қара жұмысшы болып істейді. Қазан революциясына белсене араласады. 1918 жылы зауыт жұмысшыларының ұсынуымен Совдеп төрағасының орынбасары болады. 1920 жылы Спасск партия ұйымы Орынбек Бековті партия қатарына мүшелікке қабылдайды. Осыдан бастап қай салада болмасын алдымен мәдениет құрылысына назар аударады. 1923 жылы Қарқаралы уездік милициясының бастығы болады.

Алғашқыда жалшы, батырақтардың сауатын ашу, саяси үгіт, мәдени ағарту жұмыстарын жүргізуде, олардың еңбегін қорғауда жігерлі қызмет атқарады. Кейін белгілі журналист, жазушы, театр қайраткері ретінде таныла бастайды. Орынбек Беков партия, Кеңес, кәсіподақ, халық ағарту, милиция органдарында лауазымды қызметтер атқарады. 1928 жылы Алматыда шығатын «Тілші» газетіне редактор болғанда бұл кездегі тап күресіне өткір қаламымен белсене араласып мақала жазды. «Халық қараңғы, хат танымайды. Латын әрпімен оқытып сауатын ашу керек» деп саяси үгіт жүргізді. 1930 жылдан Қазақ драма театрының директоры болады. Мұхтар Әуезовпен бірігіп «Қазақ мемлекеттік театрының жеті жылдығы» мақаласын жазды. Орынбек М. Әуезовтің «Еңлік Кебегін» дайындап жарыққа шығарды. Еңліктің ролін Орынбектің әйелі, Қазақ ССР-нің халық әртісі Рәбиға Есімжанова ойнады.

Толығырақ...