Құрметті оқырман қауым биыл жергілікті жазушы ,ақын, журналист Сүйіндік Жанысбай мен Жанболат Башар 75 жасқа толып отыр. Осыған орай сіздердің назарларыңызға мерейтой иелерінің шығармашылығына арналған «Көп қырлы қаламгер» атты викторина-көрмесін ұсынамыз.

Көрмеден  Сүйіндік Жанысбай мен Жанболат Башардың өмір жолынан, шығармашылығынан мағлұматтар  аласыздар. Сонымен бірге викторинаға жауап берген жеңімпазға сыйлығымыз бар.

Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР ақпарат саласының үздігіСүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай 1949 жылы 13 ақпанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданына қарасты «Қызыларай» ауылында туған. Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1972 жылы бітірген.

Шығармашылық еңбек жолын Қарағанды облыстық теле-радио комитетінде редактор болып бастаған. Оның қаламынан туған мақалалар мен очерктер, әңгімелер, әзіл-ысқақтар кезінде республикалық мерзімдік басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Көптеген кітаптардың авторы. Солардың ішінен милиция өміріне «Өкініш» (орыс тілінде) «Визитка» атты әңгімелер мен очерктер жинағын «Адамша кел» әзіл сықақ әңгімелерін, «Ауылымды аңсадым» Өлеңдер жинағын, облыстың экологиялық мәселелеріне арналған «Сарыарқаның самалы» атты жинақты, орыс тілінен аударған «Алтай ертегілері» атты кітапты, «Кездесу» атты повестер мен әңгімелерді, «Ақбақайдың ала қабы» атты әзіл сықақтар кітабын атауға болады. Ақтоғай ауданының білім саласының тарихына арналған. «Білімнің қия жолында» атты кітап құрастырды және оның жауапты редакторы болды. Кейіннен «Тәртіп сақшылары» -«На страже порядке» әңгімелері мен очерктерін «Азаматым-ардағым», «Азаматым-асқарым» деп аталған порттреттер кітабын жариялады. Социалистік Еңбек Ері С.Тоқымтаевтың атынан «Өнімді еңбек көздері» деген кітапша (1981 ж.) шығарды. «Жалын» баспасынан (1989 ж.) эстон жазушысы Эллен Нийттің «Пилле-Рийн» атты балаларға арналған кітапшасын аударып бастырды. Той басқаратын асабаларға арналған «Ақ босаға» атты кітапша құрастырып шығарды. Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығы «Әлемдік әдебиетті қазақ тіліне аудару» арнайы жоба аясында әйгілі италияндық жазушы Марио Пьюзоның «Өкіл әке» кітабын (Қарағанды, 2022 ж.) аударды.

Толығырақ...

Жанболат Башар 1949 жылы 25 қарашада Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының «Қоңырат» колхозында дүниеге келген.

1967 жылы Ақтоғайда орта мектепті, 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастаған.

Балқаш қалалық Советінің депутаты болып сайланды. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы құрылтайына Балқаштан делегат ретінде қатысты.

1981 жылы Балқаш қалалық телестудиясында аға редакторы, 1991 жылы Балқаш қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, аймақтық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы болып қызмет істеді. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аймақтық тілшісі (1998-2005) болды.

Балқаш кен-металлургия комбинатының Шығыс Қоңырат, Қоңырат кеніштерінен «Кенші көкжиегі», «Жұмысшы әулеті» атты тележурналдары республикалық телеарнада көрсетіліп, жоғары бағаға ие болды. Алғаш рет «Қос тіл – қос қанатың» атты хабар ұйымдастырып, туған тіліміздің толғақты мәселелерін көтеріп, ұлттық балабақшалардың ашылуына ұйтқы болды.

Жанболат Башар өлеңді мектепте оқып жүрген кезден бастап жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде жарық көрді. 1991 жылы «Шашубай» атты естеліктер жинағын құрастырып шығарған. 1990 жылы «Балхашский рабочий» газетінің айына бір рет шығатын қосымша беті ретінде «Балқаш жұмысшысы» газетін қоғамдық негізде шығарып тұрды. Ж. Башардың проза саласында бірталай әңгімелері облыстық, аймақтық баспа беттерінде жарық көрген.

Толығырақ...