Тамыры тереңде жатқан ауыз әдебиетінің саф алтын нәрін кейінгі ұрпаққа жеткізген небір дүлдүлдер Сарыарқа өңірінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған. Олардың санатында Бұқар – жырау (1668-1781), Жанақ Сағындықұлы (1770-1856), Нарманбет Орманбетұлы (1860-1918), Әсет Найманбайұлы (1867-1923) және т.б. Сарыарқа ақындары мен жырауларының шығармашылығы қазақ фольклоры қазыналарының бірегейлері болып саналады. Қазақстанда ресейдің колониалды саясаты орнап жатқан кезде ауызша әдебиетпен қатар жазбаша әдебиет пайда болды. Қазан төңкерісі және одан кейінгі оқиғалар Доскей Әлімбаев (1850-1946), Ілияс Манкин (1880-1954), Шашубай Қошқарбаев (1865-1952), Қайып Айнабеков (1885-1954), Ғабдиман Игенсартов (1902-1976) және т.б. шығармаларында кең насихатталды. Олар жаңа өмірді жырлап, Ленин және большевиктер жайлы әндердің негізін қалады. 30 жылдары Қарағанды жұмысшыларының жинақы образдары бейнеленген бірнеше шығармалар жазылды. Бұл авторлардың ішінде – С. Сейфуллин, Б. Майлин, О. Беков және т.б. Қазақ әдебиетінде жұмысшы тақырыбына арналған шығармалардың бірі С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы. Ә. Әбішев пен Ғ. Игенсартов өздерінің шығармашылығында Отанды қорғауға жалынды үндеу тастаған. Соғыстан кейінгі кезеңдегі шахтер еңбегіне Н.Заболоцкий, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов шығармаларын арнады. 1956 жылдан бастап Қарағандыда Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімі жұмысын бастады (қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының Қарағандыдағы филиалы – төрағасы С. Ақсұңқарұлы). Қарағандылық жазушылардың шығармалары кеңінен танылып, республикалық баспалардан басылып шығарылған. Облысымыздың қазіргі заманғы әдеби жүйесі тарихи және тарихи – құжаттар мен поэтикалық жинақтардың шығуымен сипатталады. Қарағанды әдеби өмірінің жағдайына Е. И. Зейферт өзінің «Литературный пейзаж Караганды: прожилки в кварце» (Знамя, 2007. -№1. –www.nashasreda.ru) мақаласында шолу жасайды.