2025 жылдың 13 мамыр күні кітапханамызда «Әділ қоғам» жобасы аясында «ZERDE» әдеби клубының кезекті отырысы Қарағанды жоғары гуманитарлық колледж студенттерінің қатысуымен өтіп, жазушы Дулат Исабековтың «Сүйекші» кітабы талқыланды.

Бұл кітаптың терең философиялық мәні мен қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді көтеруі оқырмандардың қызығушылығын арттырады. Талқылау барысында клуб мүшелері тіршіліктен сый көрмеген, тек әділетсіздік пен қорлықтан жапа шегіп өмір сүрген кітаптың басты кейіпкері Тұңғыштың өмір жолына тереңірек үңіліп, қызу талқылады.  Кейіпкерлердің мінез-құлқы мен оның өмірге деген көзқарасы туралы пікірлер алмасып, әрқайсысы өзіндік түсініктерімен бөлісті.

Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенті Олжабай Бүркіт өмірден жапа шегіп, қорлық көрген басты кейіпкер Тұңғыштың тағдырына өзі өмір сүрген орта кінәлі деп ой түйді.  Қанатқызы Алуа кейіпкердің  «Бала болса болған шығар, балалық шағы болған жоқ. Өзгелер құсап ол күлмейді, күлдірмейді. Қымыз ішіп қызара бөртіп жүргісі де, бозбала боп қызға қарағысы да келмейді», себебі ата-анасынан айрылып, өмірден көп теперіш көрген бала ештеңеге қызықпайды деп өз ойын жеткізді. Қалдыбай Ақбота Тұңғыштың есімінің Аманат-Үндемес-Кеңкелес-Дуана-Сүйекші болып өзгергені жайлы айта келіп, бәрібір оның Алладан үмітін үзбегенін, оның күнә, қылмыс атаулыдан пәк күйінде, өзгеге де, өзіне де иман тілей жүріп, арғы дүниеге аттанғаны жайлы  өз ойын ортаға салды.

Қатысушылар шара соңында Жазушының шеберлігі де сол болса керек, елде жоқ көр қазушы кəсібін меңгерген, Сүйекші аталған Тұңғыштан - асылдың сынығындай, жаныңды суырып беруге дайын тұратын сенімді бейне туғызуы. Автор осынау повесі арқылы әділдікке, əсемдік пен сұлулыққа кұштарлык жоғалған жерде адамның адамдығы қоса құрбан болатынын шебер дәлелденгенін айтып ой түйді.