24-25 сәуір күндері Қарағандыда жастардың ғылыми ізденіске деген ынтасын танытатын, тарихи тұлғаның рухани мұрасын жаңғыртатын маңызды басқосу болды.
Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Алаш қайраткері, қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермековтің мұрасына арналған «АЛАШTІМЕ» форумы үш бағытта ұйымдастырылды:
- «Жасасын Алаш, Жасасын!» ашық баяндама байқауы. Қатысушылар докторанттар, магистранттар мен ЖОО 3-4 курс студенттері.
- «Quiz Time» интеллектуалды ойыны. Қатысушылар Қарағанды өңірінің колледж студенттері
- «Ә. Ермеков және математика» пәндік олимпиадасы. Қатысушылар Қарағанды қаласы мектептерінің 10-11 сынып оқушылары.
Бұл шаралар жас ұрпақтың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттырып, Әлімхан Ермековтің ғылымға қосқан үлесін жаңа қырынан танытуға ықпал етеді.
Форумның ашылу салтанатына Алаш мұрасын зерттеп, зерделеп жүрген, алаштануға сүбелі үлес қосып жүрген Қазақтың Сары Тентегі, ақын, бард, соңғы жылдары Алаш қайраткерлерін, оның ішінде Әлімхан Ермеков туралы игі істерге ұйытқы болып жүрген Мақсұтов Қуаныш, Астана қаласындағы «Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің директоры Мұқанов Қадырғазы, белгілі журналист Қашқынов Ернат, «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Әдебиет Белгібайұлы, филолог ғалым Жақан Әлімжан, ұстаздар, кітапханашылар, жоғары оқу орындары мен колледжстуденттері, оқушылар қатысты.
Ашылу салтанаты С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері Ерназар Рамазан сомдаған Әлімхан Ермековтің әсерлі монологымен бастау алды.
Сөз кезегін алған Қ. Мақсұтов, Қ. Мұқанов, Е. Қашқынов форум қатысушыларын құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз сөздерінде олар Ә. Ермековтің қазақ ғылымындағы, әсіресе математика және Алаш қозғалысы тарихындағы рөліне тоқталып, оның мұрасын жас ұрпаққа танытудың маңыздылығын атап өтті.
Ашық баяндама байқауына еліміздің жетекші оқу орындарының магистранттары, докторанттары, оқытушылары мен студенттерінен 15 қатысушы өтінім білдірді. Қазылар алқасының іріктеуінен өткен 8 үздік баяндама қазылар алқасы алдында қорғалды.
Қазылар алқасының құрамында:
- Қасымова Сәуле Сүйіндікқызы – ҚарТУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты (қазылар алқасының төрайымы)
- Смағұлов Нұртас Бірлікұлы – ҚарУ профессоры ассистенті, PhD докторы
- Қасенов Еламан Балтаұлы - Қарағанды «Bolashaq» академиясының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты
Баяндамалар көрермендерге тың ой, терең толғаныс, танымдық тұжырым ұсынды. Жас зерттеушілердің әрқайсысы Алаш мұрасын ұлықтауға лайық үлес қосып жатқанына көзіміз жетті. Осындай байқаулар – ұлт тарихына қызығушылықты арттырудың пәрменді тетігі. Әрбір сөз, әрбір ой – болашаққа жол салатын бағдар.
Қарағанды колледжері арасында «Quiz Тime» интеллектуалды ойыны «ORTAU» креативті орталығында өтті. Ойынға 8 топ қатысты. Бұл жарыс тарихи білім, логика және жылдамдық сайысына айналды.
Қатысушылар тек білімдерін сынап қоймай, ұлт зиялыларының рухани мұрасына деген қызығушылығын да көрсетті. Ойын жастардың белсенділігін, ойлау шапшаңдығын, ұжымдық рухын танытты.
Қазылар алқасы:
- Мейрамбеков Аслан Қуанышұлы – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінің аға оқытушысы (қазылар алқасының төрағасы)
- Адилбаев Ардақ Маралұлы - Қарағанды облыстық білім басқармасының «Сарыарқа» дарын орталығының әдіскері
- Қинаятова Жания Хамидиқызы - Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының жобалар мен программалар секторының инспекторы
Интеллектуалды додада студенттер бір-біріне қолдау білдіріп, рухани үндестіктің жарқын үлгісін көрсетті. Сайыс рухани-мәдени бірлікті күшейтті. Білімге сүйенген жаңа буын – Алаш арманын жалғайтын ұрпақ.
Форумның үшінші бағыты Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейде Қарағанды, Астана және Балқаш қалаларынан келген 10-11 сынып оқушылары арасында «Ә. Ермеков және математика» атты пәндік олимпиада өтті.
Барлығы 46 оқушы бақ сынаған бұл білім бәсекесінде жас математиктердің логикалық ойлау, дәлдік және жүйелі шешім қабылдау қабілеті сыналды. Олимпиада жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, тарихи тұлғаның мұрасына құрметпен қарауға жол ашты.
Қазылар алқасы:
- Аханова Меруерт Тлеубековна – «Сләмия Саттаров атындағы мектеп-лицейі» КММ математика пәнінің мұғалімі, педагог зерттеуші (қазылар алқасының төрайымы)
- Балтабаева Айгуль Маратовна – «Мағжан Жұмабаев атындағы гимназиясы» КММ –нің математика пәнінің мұғалімі, педагог- сарапшы, педагогика ғылымдарының магистрі
- Айнабаева Жансая Маратовна - «№14 мектеп-гимназиясы» КММ-нің математика пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші
Бұл сайыс – жас өрендердің тек білімін емес, табандылығы мен ізденісін де паш еткен ерекше сәт болды. Оқушылардың әрбір жауабынан білімге деген құштарлық сезілді. Олар өз саласының болашақ көшбасшысы болуға дайын екендерін көрсетті.
Түстен кейін форум қатысушылары ұлт қайраткері, ғалым Ә. Ермековтің мәңгілік мекеніне барып, рухына тағзым етті. Зират басында Құран бағышталып, гүл шоқтары қойылды. Бұдан соң қатысушылар Ә. Ермеков тұрған үйге – Қарағанды қаласындағы Абай көшесі, 58-үйге барып, ғалымға арналған мемориалдық тақтамен танысты. Бұл тағылымды сәттер форумға қатысушылардың есінде терең әсер қалдырды.
25 сәуір күні жеңімпаздардың есімі жарқырап аталған күн болды.
Білім мен парасаттың, ұмтылыс пен ұлтшыл рухтың мерекесіне айналған «АлашTime» форумының қорытынды күні Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-гимназияның 9–10 сынып оқушыларының қатысуымен басталды. Олар «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Біржан Ахмердің «Жер үшін жанталас» атты тарихи-деректі драмасынан үзінді сахналап, көрерменге әсерлі көрініс ұсынды.
«Жасасын Алаш, Жасасын!» атты ашық баяндамалар байқауының жеңімпаздары:
- 1 орын дипломы және 200 мың ақшалай сыйлықпен - Әділет Жағыпар (Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің докторанты)
- 2 орын дипломы және 150 мың ақшалай сыйлықпен - Казахбаев Ақансері (Астана халықаралық университеті, Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің 4 курс студенті)
- 3 орын дипломы және 100 мың ақшалай сыйлықпен - Иманбаева Гульзия («Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК тарих пәнінің мұғалімі Астана қаласынан)
- Арнайы дипломы және 50 мың ақшалай сыйлықпен - Мақатай Ербұлан (Қарағанды жоғары гуманитралық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы)
«QuizTime» интеллектуалды ойынында білімімен, тапқырлығымен көзге түскен колледж студенттеріне арналды.
Ойын барысында қатысушылар тек білім емес, бірлік пен серіктестік те көрсете білді.
Жеңімпаздар:
- 1 орын дипломы және 120 мың ақшалайсыйлықпен Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «ІЗБАСАР» тобы
- 2 орын дипломы және 100 мың ақшалайсыйлықпен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «ҰЛЫ ДАЛА ҰЛАНДАРЫ» тобы
- 3 орын дипломы және 90 мың ақшалайсыйлықпен Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің «ҰЛАҒАТ» тобы
- Арнайы дипломы және 70 мың ақшалай сыйлықпен Қазатұтынуодағы Қарағанды университеті Экономика, бизнес және құқық колледжінің «ЖЕТІ ҚАЗЫНА» тобы
Санның сырын, есептің мәнін түсінген жас математиктерге арналған – «Әлімхан Ермеков және математика» атты пәндік олимпиада.
Жеңімпаздар:
- 1 орын дипломымен, 50 мың ақшалайсыйлықпен және алтын медалімен Жанай Ділназ (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы МГ Жетекшісі Сартай Нұргүл)
- 2 орын дипломымен, 30 мың ақшалайсыйлықпен және күміс медалімен Төлегенова Дильназ (№4ЖББМ Жетекшісі Совет Ақнұр)
- 2 орын дипломымен 30 мың ақшалайсыйлықпен, күміс медалімен Крюкова Анжелика (Ә.Ермеков атындағы МЛ, Балқаш қ. Жетекшісі Макенбаева Динар)
- 3 орын дипломымен, 20 мың ақшалай сыйлықпен және қола медалімен Амангелді Мирас (Әл-Фараби атындағы МГ, Жетекшісі Макажанова Зәуре)
- 3 орын дипломымен, 20 мың ақшалай сыйлықпен және қола медалімен Абат Нұр (Ә. Ермеков атындағы МЛ, Қарағанды қ. Жетекшісі Ербол Нурганат)
- 3 орын дипломымен, 20 мың ақшалай сыйлықпен және қола медалімен Сахимова Жанель (Шәкәрім атындағы гимназия Жетекшісі Бекмаганбетова Арайлым)
«АлашTime» – жалғасатын уақыт!
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы С.Телпекбаева