9 мамыр – әрдайым бәріміздің мерейімізді үстем ететін күн. Бұл күн - адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста жеңіске жеткен, жеңіске жетеміз деп мерт болған боздақтарды еске алатын күн. Майдан даласындағы жанқиярлық ерлік пен тылдағы қажырлы еңбекке бас иіп тағзым ететін күн.
1418 күн. Осынша уақытқа созылған алапат соғыс өрті қаншама ғұмырды жалмады. Жазылған деректерге сүйенсек атылған оқ пен жарылған бомбадан 72 мемлекеттің 62 млн тұрғыны ажал құшқанын айтады. Соның арасында 60 мыңға жуық қазақстандықтар да бар.
Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925 – 1944) рухына арнап көше аты да берілді, ескерткіш те қойылды, өлең де жазылды. Ал, қаһарман қызға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтеректің «Әлия» әні.
«Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән – жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет – ақ».
Ойшыл оқырмандар мен поэзияның талғампаздары үшін кітапханамызда ақын, публицист, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің туғанына 85 жыл толуына орай «Ақыл – ойдың айсбергі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде ақынның өмірбаяны, шығармашылық және қоғамдық-саяси қызметінің негізгі кезеңдерінен тұратын кітаптар мен фотосуреттер ұсынылды. Ақын туындыларының орыс тілінде жарыққа шыққандары да осы көрмеден табылады. 1961 жыл жас талапкер үшін әдеби ғарышқа самғау жылы болды. «Арғымақтар» және «Адамға табын, жер, енді» атты жинақтары жарық көріп, бүкіл жұртты елең еткізді. Қай тақырыпта сөз қозғаса да, Олжас туындылары өткір тартысқа құрылып отырады. Осыдан келіп ақынның биік азаматтық үні, белсенді позициясы анық байқалады. Өзіндік асқақтық, шынайылық, сезім астасуы, ойнақылыққа ойыса білу, т.б. ерекшеліктерімен көзге түседі. «Біз жаңаша өлең жазуды Олжастан үйрендік» дейді - Сергей Марков.
Бүгін, 2021 жылғы 19 мамыр күні Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында кітапханамыздың өлкетану бөлімінің басшысы, кітапхана ісінің шебері Сандуғаш Орынбайқызы Телпекбаева облыстың және еліміздің кітапхана ісін дамытудағы мінсіз жұмысы, кітапхана саласын жетілдірудегі қосқан үлесі және инновациялық жұмысы үшін Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынғы сыйлығының «Үздік кітапханашы» номинациясының иегері атанды.
Кез-келген адам өміріндегі мұндай сәт жүрек толқытар және есте қаларлық, осы деңгейдегі марапаттар жоғары кәсібилікті растай отыра, жеке тұлға ретінде қалыптасудың көрінісін, сондай-ақ өмір жолының жемісті кезеңдерін бейнелейді.