Ұлы Отан соғысында жауқазын ғұмыры қиылған қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова (1925 – 1944) рухына арнап көше аты да берілді, ескерткіш те қойылды, өлең де жазылды. Ал, қаһарман қызға жасалған тағзымдардың ішіндегі ең ерекшесі Сейдолла Бәйтеректің «Әлия» әні.
«Әлия» әні дүниеге 1975 жылы келген. Көзі тірісінде сазгер былай деген екен: «Ән ойымда біраз жүрді. Күрделі әуен жадымды баурай жөнелді. Басында ыңылдап қана жүрдім. Бірде Бәкір Тәжібаевтың жыр жинағын қолыма алып, аша бергенім мұң екен, көзіме ақынның Әлия Молдағұловаға арналған өлең жолдары түсті. Жадымда жүрген әуенге салып едім, құйып қойғандай дәл келді. Бұл ән арнау емес, бұл ән – жоқтау. Балғын қыздың ерлігін ұлықтау, ел жадында қалдыру үшін осындай ән қажет – ақ».
Дайын ән жас әнші Нағима Есқалиеваға ұсынылды. Алайда, ән кеңінен сол кезде 17 жасар әнші Роза Рымбаеваның орындауында танылды. 1976 жылы «Золотой Орфей» байқауында ән шырқалып, бірінші орын иеленді. Мәскеуліктер «Әлия» әнін «Ең үздік жыл әні» деп бағалап, марапаттаған. «Әлия» әні арқылы әнші Роза Рымбаева көпшіліктің көзайымына айналып, өнер көгінде кеңінен қанат қағуына жол ашты. Сондай – ақ ән көпшілікке сазгер Сейдолла Бәйтерековты де таныстырды.
Ән Алия Молдағұлованың айтарлықтай ерлігі, Сейдолла Бәйтерековтың талантты әрі кәсіби шеберлілікпен жазған музыкасы, мәтін авторы ақын Бәкір Тәжібаевтың жан тебірентер өлең жолдары, Роза Рымбаеваның керемет орындауы мен әннің өзі – міне осы бесеуі «Әлия» әні феноменінің құрамдас бөлігі болып табылады.