31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Осыған орай Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Өзекті өртер шындық» атты ақпараттық сағаты мен «Зұлмат Жылдар Зобалаңы» атты иллюстрациялық кітап көрмесінің таныстырылымы өтті.
Шараның мақсаты - оқырмандарға саяси қуғын-сүргін кезеңінің тарихи маңызын түсіндіру және азаттық жылдарында құрбан болған бабаларға тағзым ету.
Аталмыш шараға Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті «Қазақстан тарихы» кафедрасының қауымдастырылған кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Касимова Сәуле Сүйіндікқызы, Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің тарих пәнінің ұстазы Халелова Майдагүл Ерліковна және Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінің студенттері мен қатысты.
Шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты Сауле Сүйіндікқызы «Саяси қуғын – сүргін, тоталитарлық, әкімшілік, әміршіл - жүйенің қылмысы» атты бейне презентация арқылы қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылардың есімдерін еске алып, не үшін қудаланғанын жан-жақты талқылап берді.
Ал тарих пәнінің ұстазы Майдагүл Ерліковна Қазақстанда қасірет жылдарында болған АЛЖИР, ҚАРЛАГ, СТЕПЛАГ арнайы лагерлер, 20-50 жылдардағы депортацияға ұшыраған халықтар жайлы тарихи деректерді мәлімдеді. Сонымен қатар тарихшылар құғын-сүргін құрбандарын еске алу, олардың рухтарына құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Шара соңында оқырмандар назарына саяси қуғын-сүргін кезеңі және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ұжымдастыру жылдарындағы ашаршылық тарихы, туған жерінен кетуге мәжбүр болғандар, қуғын-сүргін кесірінен жазықсыз жапа шеккен қайраткерлерге арналған «Зұлмат Жылдар Зобалаңы» атты иллюстрациялық кітап көрмесі ұсынылды.
Көрмеге кітапхананың қорындағы саяси қуғын-сүргін кезеңі мен ашаршылық тақырыбына жазылған «Азалы кітап» (атылғандар тізімі), «Алаштың азалы тарихы», «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника», «Нәубет», «Қасіретті тағдыр беттері», К. Сардарбектің «58-статья зарзаман», «Қызылдар қырғыны», «Түнекте тұншыққандар», А.Тасымбековтың «Жан дауысы», Т.Омарбековтың «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті», М. Әбдәкімұлының «Зобалаң», М.Қозыбаевтың «Ақтаңдақтар ақиқаты», Д.А. Шаймұхановтың «Қарлаг», «Қарлаг: Нәубет жылдардың жазылмас жарасы», «Тағдырларды біріктірген Қазақстан», Е. Кузнецованың «Карлаг: по обе стороны «колючки», В.Могильницкийдің «Великие узники Карлага» және т.б. әдебиеттермен қатар баспасөз беттерінде жарық көрген материалдар қойылды.