Қазақтану ілімінің қара нары Ақселеу Сейдімбек жайында Әбдіраш Жарасқанның «Құлпытас» деген эпитафия кітабында мынадай эпиграмма жазыпты:
Бойы бар ерек көрінер!
Ойы бар зерек өрілер!
Жазушы,
әнші
һәм күйші,
саятшы,
ұста,
зергер...
Сөзіне сенсең – осындай,
өзіне сенсең – досыңдай.
Көкпарға түсіп кетпегей,
бәрінің басы қосылмай...
Иә, ол аз ғұмырында Алла тағала берген қабілеттің бәрінің басын біріктірді. Артында аңыз қалды.
Сөзі абызға, өмірі аңызға айналған Ақселеу Сейдімбекке арналған «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафоны аясында «Естеліктегі Ақселеу» айдары бойынша 12 шілде күні кезекті онлайн кездесу өтті.
Бұл кездесу өте ерекше кездесулердің бірі болды. Себебі әлем мойындаған ғалым, жерлесіміз, физикада ашқан жаңалығы үшін ХХ ғасыр адамы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ақселеу Сейдімбектің досы Темірғали Әбілдаұлы Көкетай біздің қонағымыз болды.
Кездесу өте әсерлі болды. Темірғали Әбілдаұлы Ақселеумен қашан қалай таныс болғанын, достық қарым-қаныстары қалай жалғасқандығы жайында ортаға салды.
Әңгіме барысында Темкең «...Менің руханият әлеміне көзімді ашқан адам – Ақселеу. Мен физикамен айналыстым. Өзімнің ашқан жаңалығымен, сол ғылымның шылауында жүріппін. Мені ұлтымның ұлы құндылықтарымен қайта табыстырып. Көзімді ашқан осы Ақселеу. Ақселеу – менің рухани ұстазым, тірі болса қазақ еліне әлі талай керемет шаруаларды тындырар деп көзіне жас алды. Бұл досына деген сағынышы еді.
Танымдық әңгімеден А.Сейдімбектің мұрасы несімен құнды деген сұрақтарға жауап алдық.
Қазақтың әдебиетін ғана емес, қалың тарихын да тереңдеткен Ақселеу жайында айтарымыз әлі де көп. Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Ең бастысы, артында том-том боп тасқа басылған сөзі қалды. Ол кісі туралы жеткізетін осындай Темкең сияқты ағаларымыз бар.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева