«Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар. Саналы ғұмырын сахарасын зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген Ақселеу Сейдімбектің бейнесі зорая түсуде. Өзі болмағанмен, сөзі қалды. Өшпес, өлмес мұрасы қалды.
Кітапханада өтіп жатқан «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафонының «Естеліктегі Ақселеу» атты кезекті айдарының қонағы жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жұмабайұлы Жанысбай болды.
Тікелей эфир барысында Сүйіндік Жұмабайұлы өз естеліктерімен бөлісіп, оқырмандар сұрағына жауап берді. Ақселеу Сейдімбекпен қалай, қашан кездескендері жайында қызықты әңгімесін өрбітті. А.Сейдімбектің домбыра жасаудағы шеберлігін ортаға салды. «... ақын С.Бексейіт өзінің «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Ақселеу Сейдімбековті жақсы танитындығын айтып өтті. Бұл газеттің жастар түгілі үлкендердің өзі қолынан тастамай, жастанып жатып оқитын уақыты. Онда шыққан әрбір материалды түк қалдырмай оқитынбыз. Ақаңның өзін сырттай білгеніммен көзбе-көз жолығып көрмеген кезім. Бұған қоса сол кезде ауылда бір жігіт өзінің алты баласы мен әйелін тастап, үш баласымен ауылға қонаққа келіп жатқан жас келіншекті алып қашып кетіп, келіншектің үш баласы сол ауылда қалып қойған оқиға болған еді. Сол туралы жастар газетіне «мораль тақырыбына» мақала жазуды ойлап жүрген болатынмын. Сол ойымды Сәбитке айтып:
– Ақаңа барып, осы жайлы ақылдассақ қалай болар екен? – деп едім, Сәбит келісе кетіп, телефон шалып еді, ол кісі үйде екен.
«Келіңдер» деді, Жүр кеттік,– деді Сәбит орнынан көтеріліп.
Ақаңның үйі облыстық радиодан онша алыс емес екен. Михайловкадағы «Монша» аялдамасының жанында, Крылов көшесінде болып шықты.
Біз келгенде есікті спорттық киім киген ағамыздың өзі ашты. Шағын ғана үш бөлмелі пәтер екен. Бір бөлмесін кабинет етіп қойыпты, біз сонда кірдік. Бір қабырғада төбеге тигізе қолдан жасатқан сөре толы кітап. Мұншама көп кітапты көрмеген басым, соған қарап аузымнан су ағып қалды. Сәбитпен Ақаң сөйлесіп отыр. Сөз ауаны Павлодарда өткен жастар конференциясы. Оған Ақаң да газет тілшісі ретінде қатысқан екен. (Ол уақытта «Лениншіл жас» Қарағанды мен Павлодар облысында бір-ақ тілші ұстайтын).
Бір кезде бұрышта сүйеулі тұрған, әлі жасалып бітпеген домбыра сұлбасына көзім түсті. Жанында құрал-саймандар салулы кішкене қобдиша.
- Өзіңіз жасайсыз ба? – деп сұрадым.
-Иә, өзім жасаймын,– деп жауап берді ағамыз. – Әлі бітпей жатыр. Анау-мынау шаруалардан қолым тимей жүргені. Алла қаласа, бітіремін ғой… Жасап жатқан домбырасын қолына алды. Бүтін ағаштан шанағының ішін ойып, мойынын жіңішкертіп жонып қойыпты. Басын оюланып келетіндей етіп, нобаймен жұмырлаған. Әсем аспап болып шығатыны әлден-ақ көрініп тұр...
– Өзіңіз жасаған тағы бір домбыраңыз бар еді ғой,– деп Сәбит те бізге қосылды.
– Иә, бар, – деп Ақаң екінші бөлмеден бір домбыра алып келді. – Өткен жылы ғана жасағанмын. Мына домбыра да тура осындай болып шығады ғой деп отырмын.
Біз естісін дегендей, бір-екі рет жай ғана қағып қалды. Сол-ақ екен, қазақтың домбырасына тән, жүректі тербейтін жағымды қоңыр үні құлаққа жетті. Жалпақ тілмен айтқанда «өзі сөйлеп тұрған» тамаша аспап екен. Сыртына жұқалап қана қоңырқай лак жалатқан сияқты...» - деп қонағымыз Ақселеудің домбырасы туралы тамаша естеліктерімен бөлісті. Кітапханадағы қолға алынған іс-шараға ақ жол тілеп, кітапхана ұжымына алғысын жеткізді.
Оқырман назарына Ақселеу Сейдімбектің шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұсынды.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева