Балалар мен жастар кітабы апталығының аясында кітапхана қызметкерлері "Таңшолпан" өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерімен кездесті.
Іс-шараны ұйымдастыруда көзделген мақсат – балаларға көркем әдебиеттің озық үлгілерін оқуға ұсынып, кітап арқылы адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, қайырымдылық сияқты асыл қасиеттерді бойына дарыту.
Кездесу барысында кітапханашылар қызықты кітаптармен таныстырды, балалар қандай кітаптар оқитыны, болашақ жоспарлары туралы ойлармен бөлісті. 14 жасар Лиля Б.Момышұлының "Ұшқан ұя", Ғ.Мүсіреповтің "Ұлпан", М.Әуезовтің әңгімелерін оқығанын айтып, кітапханашылар ұсынған Д.Ф.Купердің "Могиканның соңғы тұяғы" және Ш.Айтматовтың "Қош бол, Гүлсары" кітаптарына ерекше қызығушылық танытты.
Орталықта тәрбиеленушілердің ең кішкентайы - 6 жасар Жанат "Жұлдыздар және ғаламшарлар" энциклопедиясы туралы зор ықыласпен тыңдап, кітап өзіне тарту етілгенге өте қуанды.
Тағдырлары бөлек болғанымен, сәби жүректері, пәк саналары: «Мен де осы елдің азаматы болуға лайықпын, тек жолын нұсқасаңыздар болды» деп тұрғандай.