Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасын, халық мұрасын тірнектеп жинап, хаттап қағазға түсіріп, рухани әлеміміздің ұмытылмауына өлшеусіз үлес қосып кеткен шығармашыл тұлғаның бірегейі – Ақселеу Сейдімбек.
Кітапханамызда жерлесіміздің 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқа даласы - Ақселеу әлемінде» өлкетанулық әдеби-марафон аясындағы «Қазына қалдырған қаламгер» аттымектеп, колледж мұғалімдерінің арасында ашық тәжірибе алмасу алаңы өтті.
Ақселеу Сейдімбектің мұрасы ешқашан өлмейтін, керісінше, уақыт өткен сайын қазақтың ұлттық ерекшеліктерін зерттеген жастар үшін құны арта беретіндігі аталмыш шара айқындап берді.
Туған халқының кем-кетігін түгендеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматты ардақтаған рухани жиынды белгілі жазушы, этнограф, өлкетанушы Төрехан Майбас ашып, Ақселеудей дара болмыс иесінің есімін ұрпақ жадында жаңғыртып отыру мақсатындағы шараның орны ерекше екендігіне тоқталды. Қатысушы ұстаздарға сәттілік тілеп, кітапхана ісінің жандана берсін деген тілегін айтты.
Тәжірибе алмасу – мұғалім үшін кәсіби қажеттілік демекші, өз кезектерін алған ұстаздар қауымы Ақселеу шығармаларындағы ұлттық болмыс иірімдері жайында баяндамаларын ортаға салды.
Қарағанды қаласынан қатысқан «№91ЖББМ» КММ, тарих пәнінің мұғалімі, тарих ғылымдарының магистрі Дана Ержанованың «Қазақ әлемі Ақселеудің көзімен», «№17 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Мәлік Лаураның «Ақселеу шығармаларындағы ұлттық болмыс иірімдері», «№86 ЖББМ» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мадина Даденованың «А.Сейдімбектің Аққыз шығармасы арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін арттыру жолдары», Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылының «№8 ЖББОМ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Іңкәр Какенованың «Ақселеу Сейдімбек ертегілеріндегі адами құндылықтар», Жаңаарқа ауданындағы А.Сейдімбек атындағы ЖББОМ тарих пәні мұғалімі Баян Калкеновтың «Алаштың Ақселеуі» атты баяндамалары Ақселеу Сейдімбек шығармашылығына деген тыңдаушылардың қызығушылығын арттырды. Қазақ әлемінің этномәдени құндылықтары әрбір қазақ баласының жадында жүруі керек екенін асқан ыждаһаттылықпен таныстырды.
Тәжірибе алаңында тыңдарман қауымды ерекше күйге бөлегенТәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемаловтың «Ақселеу Сейдімбектің әндері» баяндамасы болды. Ақселеудің «Сарыарқа», «Дәурен-ай» әндерінің шығу тарихына тоқталған әсерлі әңгіме әуезді әнмен жалғасты. Ж.Кемаловтың шәкірттері Орал Бақтияр мен Мыңбай Бектің орындауындағы әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, өнер биігіне жетеледі.
Ортаға салған баяндамаларға ғылыми тұрғыда сараптама жасауға сөз кезегін алған «Bolashaq» Акедемиясының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Райхан Нәлжігітқызы Исмайлова А.Сейдімбектіңтеңіздей терең, даладай кең, мәңгілік өлмес мұрасын жас жеткіншектерге жеткізудегі ұстаздардың ұшан теңіз еңбегін атап өтті. Бір басына қаншама өнер мен қасиет-қабілетті сыйдыра білген ұлы тұлға жайлы өзінің ойымен бөлісті, қатысушалармен Ақселеу шығармашылығы бойынша жаңа әдіс-тәсілдер арқылы кері байланыс жасап, ойын қорытындылады.
Осы кештің болатынын хабарландырудан естіп арнайы келген тележурналист, ҚР мәдениет қайраткері Әли Тойжігіт Ақселеу Сейдімбектің журналистік қыры жайында оқырман қауымға қызықты әңгіме өрбітті.
Кеш соңында оқырман қауымның назарына «Алаштың алтын сандығы» атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.
Бұл ашық алаңнан ой –қиялы, қаламы жүйрік журналистен зерттеуші ғалым, жазушы деңгейіне көтерілген қажырлы еңбегінің нәтижесінде Қазақтың Ақселеуі болған біртуар тұлғаның шығармашылығынан рухани нәр алдық.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О. Телпекбаева