Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Қас-қағым уақыт тәрізді, қанды жол, ауыр күндермен келген Тәуелсіздігімізге – 30 жыл, Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 30 жыл ішінде - саясатында, экономикасында, тарихында да, жалпы қоғамда түбегейлі өзгерістер жүргізіліп, мемлекетіміздің халықаралық беделі еселей түсті. Ширек ғасырда еліміздің әлемде мойындалуына ықпал еткен ауқымды нәтижелерге қол жеткізілді. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, Мәңгілік Ел болуға бет бұрды. Жыл сайын, 16-шы желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз. Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуді қолдауға және ақпараттық жария етуге бағытталған бастамаларға бай болды. Кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеудің «Жасампаздыққа толы жылдар» тұжырымдамасына және іс-шаралар жоспарына сәйкес еліміз үшін айтулы оқиғаға арналған түрлі форматтағы: фестивальдар, байқаулар, конференциялар, кітап таныстырылымдары және т. б. іс-шаралар өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мәдени-бұқаралық іс-шаралар циклін аяқтаған 9 желтоқсанда ашылған көрнекі сипаттағы «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» иллюстративті кітап көрмесі болды.
Көрменің мақсаты: Тәуелсіз Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу тарихымен таныстыру, ата – бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, оқырмандарды еліміздің тарихи кезеңдеріндегі жүріп өткен жолы туралы басылымдар топтамасын ұсыну.
Көрмеде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму тарихына арналған материалдар, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін баяндайтын, сондай-ақ үздік полиграфиялық орындаудағы үздік басылымдар ұсынылды.
Кітап көрменің басты назарында Қазақстан Республикасы Негізгі Заңының 25 жылдығына арналған - Конституцияның суретті басылымы. «Қазақстан Республикасының Конституциясы : 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды» аттыкітабы (Нұр-Сұлтан, 2020) қазақ, орыс, ағылшынтілдерінде жарық көрген. Егемен Қазақстанның Конституциясы - ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздік құрылысының негізін қалаған жоғары заң күшінің актісі.
Қазақстандағы алғашқы демократиялық өзгерістер 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан басталды. Қазақстанның саяси және экономикалық жүйесін реформалауға ықпал етті. Бұл оқиғаға қатысқандар тек, 1990 жылдардың бас кезінен бері ақтала бастады. Бүгінде осынау бас көтеруге «ұлтшылдық көрініс» деп берілген саяси бағаның қате тұжырым екені мойындалып, қазір Желтоқсан оқиғасы Кеңес Одағының құлауына пәрменді соққы берген алғашқы бас көтеру ретінде қарастырылады. Ал оқиғаның бел ортасында жүргендер қазақ жастары ресми үгіт-насихат барысында «Қазақстан тәуелсіздігі үшін күрескендер» деп аталып жүр.
Көрмеде 1986 жылғы желтоқсандағы Қазақстандағы драмалық оқиғалар туралы баяндайтын, қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімінің қалыптасуындағы желтоқсан көтерілістерінің рөлі мен маңызын ашатын кітаптар ұсынылды. Олар белгілі авторлардың кітаптары: М. Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» деректі повесі (Алматы, 2006), Н.Кенжеғұлованың «Декабрьское восстание 1986 года в печати Казахстана» кітабы (Алматы, 2016), Т.Айтбайұлының «Желтоқсан көтерілісі» көп томдық кітаптары (Алматы, 2016), «Желтоқсан 1986: деректі хроника» материалдар мен ғылыми зерттеулер жинағы (Алматы, 2008), «Желтоқсан-86: құжаттар жинағы» 10 томдық кітабы (Алматы, 2006).
Мемлекет қалыптасуының әр түрлі кезеңдеріне сәйкес келетін, үш онжылдыққа бөлінген ел егемендігі тарихының маңызды сәттері туралы баяндайтын және біздің өткеніміздің жарқын жақтарын көрсететін кітаптар да ұсынылған. Солардың ішінде - Елбасының «Қазақстан жолы» (Алматы, 2020), «Тәуелсіздік белестері» (Алматы, 2012) еңбектері, сонымен қатар, Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жүріп өткен ұлы өзгерістер жолы жан–жақты қамтылған тұңғыш кітабы - «Мәңгілік ел Ғасырға бергісіз жылдар» (Астана, 2014). Бұл кітаптарҚазақстанның қазіргі тарихының аса күрделі де жарқын сәттерін баяндайды.
Халықтың тарихы - мемлекет тарихымен бірге дамып келе жатыр. Қазақстан Республикасының әлеуметтік - экономикалық дамуыныңон алты жылғы тарихына деген қызығушылықты оятатын туынды «Тәуелсіздік шежіресі»(Астана, 2009) деп аталады. 3 кітаптан тұратын туынды - тәуелсіз мемлекеттің мұрасын қадір тұтуға, Елбасына деген құрмет сезімін, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімінің тууына әсер ететін кітап. Б.Кәрібаевтың «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары» (Алматы, 2016) атты еңбегінде осы күнге сан ғасыр бойы армандап жеткен еліміздің өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу жолы жайлы маңызды оқиғалар айтылады. «Тәуелсіздік тынысы» (Алматы, 2011) көрнекті журналист – жазушы М.Тоқашбаевтың Қазақстан тәуелсіздігіне арналған публицистикалық еңбектерінің жинағы. Бұл кітапта Қазақстан Тәуелсіздігін нығайту жолында Елбасы Н.Назарбаевтың сіңірген еңбегіне лайықты баға беріледі.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Н. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның даму негізіне этностық қатыстылығына қарамастан тең құқықтық пен келісімге негізделген бүкіл халықтың бірлігі «Мәңгілік Ел» құрылды. «Тәуелсіз Қазақстан: Бейбітшіліктің, келісімнің және жасампаздықтың 30 жылы» кітабы (Алматы, 2021) Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы туралы баяндайды. Кітапта Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің елдегі бейбітшілікті пен келісімді нығайтудағы көрнекті рөлі көрсетілген. Жеке тарауларда қазіргі заманғы этностарға, Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу процесінде бірлікті нығайтудағы Қазақстандық тәжірибе бойынша әлеуметтік зерттеулерге арналған.
«Қазақстан және Ресей: стратегиялық әріптестік пен жан-жақты ынтымақтастықтың 30 жылы» (Нұр-сұлтан – Мәскеу, 2021).Кітапта – Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушыларының баяндамалары, сонымен қатар екі ел халықтарының арасындағы тарихи, мәдени және рухани байланыстардың, Қазақстан мен Ресейдің жетекші тарихшы-ғалымдары дайындаған баяндамалары ұсынылған.
ҚР Ұлттық кітапханасынан облыстық кітапханаға сыйға тартылған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғыры биік Тәуелсіздік» (Алматы, 2021 ж.) ұсыныстық библиографиялық көрсеткішіндегі ұсынылған әдебиеттер 2001 жылдың қаңтарынан бастап 2021 жылдың мамырына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл библиографиялық көрсеткіште «Егемен елдің шежіресі» мерейтойлық библиографиясы ұсынылған, халқымыздың отыз жылдағы тыныс-тіршілігі және республикалық қана емес, халықаралық та маңызы бар – Тәуелсіздіктің жариялануы, республиканың жаңа астанасының дамуы сияқты оқиғалар жайында кеңірек білгісі келген оқырмандар үшін де жақсы мүмкіндік.
Көрме мазмұнын мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған материалдар да аша түскен. «Егемен Қазақстан» газетінің 2021 жылғы 5 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласы жарияланды. Президент - Қазақстандықтар көптеген қиындықтардан, дағдарыстардан, түрлі кедергілерден өткенін атап өтті. «Елбасы басшылығының, халқымыздың даналығының, бірлік пен ынтымақтастықтың, отандастарымыздың еңбексүйгіштігінің арқасында» көп нәрсеге қол жеткізгенімізді растады. «Бізді әрдайым қиындықтардан құтқарған басты күш – бұл елдің бірлігі», – деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар, «Айқын» газетінінің 2021 жылғы 6 шілдеде М. Жолдасбековтың «Тәуелсіздік – қазақтың теңдігі»атты мақаласы, «Орталық Қазақстан» газетінің 2020 жылдың 15 желтоқсанында жарық көрген Н. Кәрімнің «Азаттыққа үн қосқан азамат» мақаласы да көрменің басты назарында.
Көрмеде ұсынылған материалдар оқырманның өзіне ел үшін ең қысқа мерзімде – 30 жыл ішінде Қазақстан халқы қандай ауқымды жұмыс атқарғанын бағалауға мүмкіндік береді.
Құрметті оқырмандар, сіздерді кітапхананың «Bilim ortalygynda» рәсімделген Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30-жылдығына арналған кітап көрмесімен танысуға шақырамыз.