«Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық» күніне орай «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, ф.ғ.д., профессор Жансая Жарылғапов Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Қасым Аманжоловтың сирек кітаптарын сыйға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер ай бұрын ғылыми-зерттеу орталығы Алматы қаласына арнайы іс-сапармен барып, жұмыс барысында дауылпаз ақынның қызы Дариға Аманжоловамен кездескен болатын. Кездесу барысында ақын ұрпағы мен Қарағанды облыстық кітапханасы арасындағы бірнеше жобаға қол қойылды. Ақын кітаптарының электронды нұсқасын интернет көзіне қоюға авторлық құқық алу келісімшарты осы жұмыс аясында оң шешімін тапты. Сол келісімшарт негізінде Дариға Аманжолова әкесінің 1955, 1956, 1957 жылдары жарық көрген кітаптарын облыстық кітапхана қорына ұсынды. Бұл кітаптардың құндылығы сол, ақын шығармашылығына «заманның салқыны» тимеген, яғни редакцияланбаған. Ақын мұрасына текстологиялық зерттеу жүргізуде аталмыш 3 томдық аса құнды дүние.
Кітапхана ұжымы алдағы күндері «Қасымтану» ғылыми-зерттеу орталығының мүшелерімен онлайн кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Алмаз МЫРЗАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
"Қасым" республикалық әдеби-қоғамдық журналының
жауапты хатшы, «Мағжан» баспасының директоры