Міне, тағы бір рухани байлықтың есігі айқара ашылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан публицист, аудармашы Марал Хасеннің 80 жылдығына және оның шығармашылық мұрасын насихаттаушы, аудармашы Рымбала Смайылованың 80 жасқа толуына арналған «Аманат арқалаған Ана» атты ерекше кеш ел жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Бұл кеш тек мерейтойлық жиын ғана емес, рухани мұраның мәңгілік екенін айғақтайтын ұлы сабақ болды.
Салтанатты шара шымылдығы «Молодежный» мәдениет үйінің әншісі Айнұр Әбдуалиеваның тебірентерлік «Ананың ақ жаулығы» әнімен түріліп, кешке жиналған көрерменнің жүрегіне жылы шуақ себілді. Рухани мұраны насихаттаған ардагер анамыздың еңбегін бағалап, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының Төрағасы Бекзат Алтынбеков пен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов атынан құттықтау хаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Кештің модераторы, айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұлов бұл шараның қазақ руханияты үшін мән-маңызына тоқталып, қос тұлғаның әдебиетке сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
Жиналған зиялы қауым, әдебиеттанушылар, оқытушылар, студенттер мен қала тұрғындары Марал Хасен мен Рымбала Кенжебайқызының шығармашылық мұрасын жан-жақты талқылады. Марал Хасен әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ тіліне аударып, ұлттық қазынаға олжа салған аудармашылардың бірегейі екені атап көрсетілді. Бунин, Хемингуэй, Камю, Памук, Юнсон, Махфуз, Шекспир, Маркес сынды әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілдерінің шығармалары оның шеберлігі арқасында қазақ оқырманына жетті.
Ал оның жары, аудармашы Рымбала Кенжебайқызының әдеби мұраны насихаттаудағы еңбегі де ұшан-теңіз. Ол да талай шетелдік шығармаларды ана тілімізде сөйлетіп, әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Әсіресе, балаларға арналған кітаптарды аударып, ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі таңда Виктор Гюгоның «Нотр-Дам соборы» романын қазақшаға аудару үстінде екені хабарланып, бұл жаңалық кешке қатысушыларды ерекше қуанышқа бөледі.
Кездесу барысында ардагер журналистер Аман Жанғожин, Әли Тойжігіт, Қалижан Бекқожа, Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садыханов қос тұлғаның әдебиет пен мәдениетке қосқан үлесін атап, олардың еңбектері келешек ұрпақ үшін үлкен мектеп екенін айтты.
Кештің шырайын ашқан Қарағанды Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының «Сәулем-ай» хор ұжымы, «Ақниет» ансамблі, Теміртау қаласынан келген «Магнитка» ансамблінің өнерпаздары әсем әндерімен көрерменді баурап, рухани кештің сәнін арттырды.
«Аманат арқалаған Ана» кеші қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың еңбегін ұлықтап қана қоймай, олардың шығармашылық жолын кейінгі буынға өнеге еткен тағылымды шараға айналды. Бұл рухани кешке қатысқан әрбір жан жүрегіне шабыт пен сенім ұялатып, руханияттың сарқылмас бұлағынан нәр алғандай күй кешті.