«Ой-орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына арналды.

Іс-шара Е.А.Бөкетов атындағы мемориалдық мұражайда өтті.

Іс-шараға тарихшы ғалымдар, студенттер және музей қызметкерлері қатысты.

«Есімі қалды мәңгілік» атты кездесу шымылдығын ашқан «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарихшы-ғалым Нұрсахан Ахметқызы Бейсенбекова ғалымның адамгершілік қасиеттері, ұстаздық жолы және оның шәкірттеріне қалдырған өсиеттері жайлы қызықты естеліктерімен бөлісті.

Ол өзінің Қарағандыға алғаш жұмысқа келген сәтін еске алып, былай деді:

«Мен Қарағандыға алғаш рет жұмысқа орналасуға келгенімде, қолымда сары чемоданым бар еді. Университетке жолдамамен келіп тұрғанда, бір тұлғалы азамат менің ауыр сөмкемді көтеріп, ішке кіргізді. Ол кісі факультеттің қайда екенін көрсетіп, маған жол сілтеді. Кейін өтінішімді жазып, құжаттарды ректорға тапсыру керек болды. Өтінішімді алып, ректорға келдім. Кабинетке кірсем алдымда бағанағы менің чемоданымды көтеріп, жол сілтеген кісім тұр. Таңданысымды жасыра алмадым. Сөйтсем, ол адам Евней Арыстанұлы Бөкетов екен. Ол кісі маған әрдайым қолдау көрсетіп, кейін тарихшы ретінде қалыптасуыма көп көмектесті. Евней Арыстанұлы ерекше қарапайым, өте әділ адам еді. Ол әрдайым жастарға қамқор болып, бағыт-бағдар беретін. Бізге: «Ғылым жолы қиын, бірақ шындықты айтудан қорықпаңдар. Ғалым деген – ең алдымен адал болуы керек», – деп үйрететін. Оның қолдауын көрген жастар кейін үлкен жетістіктерге жетті. Ол кісінің адамгершілігі мен шыншылдығы – бізге қалдырған ең үлкен мұрасы...”

Сондай-ақ, Нұрсахан Ахметқызы Евней Бөкетовтің өмір жолындағы қиындықтар туралы да айтып өтті:

«Евней Арыстанұлы шындықты айтудан ешқашан тайсалған жоқ. Сол үшін де оны қудалады, ректорлық қызметінен босатты. Бірақ ол кісі ешқашан мойымады, ғылым мен әдебиетке адалдығын сақтады. Біз оның әділетсіздікке төтеп беруінің куәсі болдық. Ол жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, «Ғалым боламын десеңдер, шындықтың соңынан еріңдер» деп үйрететін.

Келесі сөз кезегін алған тарих факультетінің деканы, тарихшы-ғалым  Жұмабеков Жамбыл Әзмұханұлы, университет тарихы музейінің директоры Қарлығаш Айтбайқызы  ғалымның ғылыми мұрасы мен оның Қазақстан металлургиясы мен химия ғылымындағы рөлін егжей-тегжейлі баяндап, Евней Арыстанұлының ғылым жолындағы ерлігі мен қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын баса айтты.

Әдемі сыр-сұхбаттың жалғасы 1992 жылы ашылған ғалым атындағы мемориалдық музейге экскурсиямен ұштасты. Экскурсияны музей қызметкері Шалгимбаева Аяулы Адамбекқызы жүргізді. Музейдегі жәдігерлер ғалымның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертті. Студенттер оның жеке заттарын, қолжазбаларын, ғылыми еңбектерін көріп, ерекше әсер алды. Әсіресе, ғалымның өз қолымен жазған хаттары мен жазбалары жастарға оның ойлау тереңдігін, әділдік пен ғылымға адалдығын көрсетті.

Соңында жастармен «Бөкетов әлемі» атты блиц-сауалнама жүргізілді.

Блиц-сауалнама тек білім тексеру ғана емес, Евней Бөкетовтің мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берген жандандырушы бөлім болды.

Ойордалықтар өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, жаңа ақпараттармен танысып, ғалымның тұлғасына деген құрметін одан әрі арттыра түсті.

 

Өлкетану әдебиеттері бөлімінің кітапханашысы А.Майданбекова