Ахмет Байтұрсынұлы - ХХ ғасырдың басындағы зиялы қауым өкілдерінің бірі. Ол өзінің барлық білімін, күш-жігерін және өмірін Қазақстанның тәуелсіздігі үшін, туған халқының рухани жаңаруы үшін күреске арнады. Қазақ зиялыларының басқа да көрнекті өкілдерімен қатар ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы жаппай қуғын-сүргіннің құрбаны болды.
Халқымыздың біртуар перзенті, ұлт – азаттық қозғалыстың көсемі - Ахмет Байтұрсынұлы (1872–1937ж.) қазіргі Қостанай облысы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келген.
А. Байтұрсынұлы қазақ әдебиетіне сыншы, публицист, әдебиет тарихшысы, аудармашы және педагог ретінде елеулі үлес қосты. Шығармашылық қызметін ол фабулист ретінде бастады. «Қырық мысал» (1909), «Маса» (1911) шығармаларында бос әурешілік, жалқаулық, надандық, көргенсіздік секілді адамның кемшіліктері мазақ етіледі. Реформаланған әліпбиі бар алғашқы қазақ әліпбиінің құрастырушысы болды. Сондықтан оның туған күні Қазақстан халықтарының тілдері күні болды. Абайдың ағартушылық және сыни дәстүрлерін жалғастыра және дамыта отырып, «Қазақтың бас ақыны» атты мақала жазып, қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтерді. Автор «Оқу құралы» (1912), «Тіл құрал» (1914), «Ер Сайын» (1923), «Әліпби» (1924), «Жаңа Әліпби» (1926), «Әдебиет танытқыш» (1926), «Баяншы» (1926), «23 жоқтау» (1926) және т.б. әдеби-ғылыми еңбектер жазған.
Қазақ ағартушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай кітапханамыздың оқу залында «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың рухани көсемі»атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты - ұлы қайраткердің еңбектерін жан-жақты насихаттау мен оқырмандарды А. Байтұрсынұлының әдеби мұрасымен таныстыру. Кітап көрмесінде ұсынылған материалдар: энциклопедиялар, өмірбаяндық анықтамалықтар, көркем әдебиет және ағартушы туралы әдебиеттер мен мерзімді басылымдар.
Көрмеде басты назардаА.Байтұрсынұлының Алты томдық шығармалар жинағы (Алматы, 2013 ж.). Бұл алты томдық шығармалар жинағында ғылыми зерттеулері, бастауыш мектеп оқушыларына қазақ тарихы, әдебиет пен қазақ тілі, жағрапия, шаруа-кәсіп және жаратылыстану ғылым салалары, қазақ тілі грамматикасы мен түрлі тақырыптағы мақалалары, ауыз әдеби мұрасы, әр жылдары жазған көсемсөздері, сондай-ақ бұрын еленбей келген еңбектері мен ресми құжаттары, эпистолярлық мұрасы, ғұлама туралы замандастарының лебізі, Алаш арысының аяулы есімі ақталғаннан кейін жазылған танымдық және ғылыми зерттеу мақалалары топтастырылған. Жинақ филология, тарих, этнология, т.б. ғылым салаларына қызығушы ғалымдарға, ЖОО оқытушылары мен тәлімгерлеріне, жалпы қалың оқырманға арналған.
А. Байтұрсынұлы қазақ ұлттық баспасөзінің қарлығашы, тұңғыш жалпыхалықтық «Қазақ» газетінің редакторы болған. Орынбор қаласында А.Байтұрсынұлының басшылығымен 1913-18 жылдары үздіксіз жарияланып тұрды. Алғашқы қазақ зиялылары мен ұлтшыл алашордашылар осы «Қазақ» газетінің маңына топтасып, қаламдары мен саяси көзқарастарын ұштады. Кейін олар үлкен саяси күшке айналып, «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрды. 2009 жылы «Қазақ» газетінің 1913-1914 жылдардағы сандары жеке кітап болып «Арыс» баспасынан жарыққа шықты.Бұл жинақтарға XX ғасыр басындағы қазақ халқының төл энциклопедиясы іспетті «Қазақ» газетінің 1913-1914 жылдардағы топтамалары түгелдей араб әліпбиінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, толық күйінде жарық көріп отыр. Бұнда ұлтымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігі, ішкі және сыртқы саяси жағдайы, экономикалық-әлеуметтік, мәдени, оқу-ағарту, дін мәселелері жан-жақты қамтылған.
А.Байтұрсынұлы энциклопедиясына (Алматы, 2017 ж.) ғалымның өмірбаян деректері, қайраткерлік қызметі, ғылыми және әдеби, публицистикалық мұралары жөніндегі мақалалар енгізілді. Тұңғыш рет жарық көріп отырған бұл тұлғалық энциклопедия ұлт тарихындағы аса көрнекті қайраткер-қаламгердің өмірін, қызметін, шығармашылығын белгісі келетін барша оқырман қауымға арналады.
Көрмеге қазақ зиялылары – Алаш қозғалысы өкілдерінің тағдырын бейнелейтін кітаптар да қойылды. Алаштың дарынды өкілдерінің өз заманының озық көзқарастағы білімді тұлғаларының сан қырлы өмірі туралы шынайы мәліметтер берілген. Көрнекті жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың «Боль моя, гордость моя – Алаш!» (Астана, 2016 ж.) атты трилогиясы Алаш-Орда қозғалысы қайраткерлерінің жауап алу хаттамалары мен айғақтары негізінде жасалған ғылыми-тарихи және әдеби-публистикалық құжаттар мен материалдар жинағы.
Сонымен қатар, оқырман назарына мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар да ұсынылған: Егемен Қазақстан (17 қаңтар, 2022 ж.) гезетінде Д.Қамзабекұлының «Әдебиет танытқыш» - әлемдік құндылық» атты мақаласы жарияланды. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеттануы деңгейін көрсететін іргелі де ізашар еңбегі жайлы жазса, Орталық Қазақстан (6 қаңтар, 2022 ж.) газетінде Ж. Шалқардың А.Байтұрсынұлының 150-жылдығына және Алаш партиясының 105-жылдығына арналған «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін...» атты мақаласы жарияланды. Сондай-ақ, Дәстүр (2018 ж., №4) журналында А. Бағытжанованың «Ахмет Байтұрсынов – қазақ руханиятының көсемі» атты мақаласы, «Мысль» (2016 ж., №1) республикалық қоғамдық-саяси журналында Г. Муканованың «Интеллектуальное достояние Ахмета Байтурсынова» атты мақаласымен таныса аласыздар.
Қорытындылай келе, «Алаш» партиясы – Қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілік мүддесінің үзілмеген арқауы. Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан! Алашорда көсемдерінің бірі һәм бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы қай қырынан алсақ та, саналы ғұмырын халқына арнаған қайталанбас қайраткер. Ұлт ұстазының елге белгісіз қалған, зерттелмей жатқан еңбектерін жарыққа шығару, ел кәдесіне жарату, оның қайраткерлік тұлғасын, шығармаларын кеңінен насихаттау кезек күттірмейтін мәселе дер едік.
Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға ұсынылған әдебиеттер мен мақалалардың барлығын біздің кітапханамыздан таба аласыздар.
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.