1995 жыл ЮНЕСКО-ның бастамасымен Халықаралық толеранттылық жылы болып жарияланып, Бас конференцияның шешімімен Толеранттылық ұстанымдарының декларациясы бекітілді. Толеранттылық декларацияға сай адам баласы ұлт пен ұлысқа, аймағына, шығу тегіне, діні мен тіліне байланысты ешқандай кемсітуге жол бермейді. Еліміздің конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық атап өтеді.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 120-ға жуық  ұлт пен ұлысты, 40 түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты ұстаным етіп өмір сүруде.

 

Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамына республикалық, аймақтық деңгейдегі 820-дан аса этномәдени бірлестіктер енген. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында  Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға игі ықпал жасауда деп толық айта аламыз. Яғни, қазіргі Қазақстан – толығымен толеранттық мемлекет деп айтуға болады.

Кітапхананың «Bilim ortalygynda» «Толеранттылық – қауіпсіздік кепілі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты: Қазақстан аумағында тұратын барлық халықтардың тарихи-мәдени дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру, этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуына ықпал ету.

Көрмеде елдің бейбітшілігіне, тұрақтылығына, әл-ауқатына, бақытына және тұрақты дамуына деген ортақ ұмтылысы туралы баяндайтын кітаптар мен мерзімді материалдар ұсынылған.

Көрмеде Ассамблея тарихы, Қазақстанның барлық халқы, ел және жекелеген тұлғалардың тарихы әрі Ұлтаралық қарым-қатынас, әр ұлттардың мәдениеті мен дәстүрі, тарихын, татулық, бірлік үлгісінде негізделген басылымдар: құрастырушы Ж.Түймебаевтың «Қазақстан: бірлік және келісім мекені» (Алматы, 2020), құрастырушы С.Құсайыновтың «Қазақстан қара шаңырағым» (Алматы, 2015 ж), құрастырушы Ғ.Балтабайдың «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» (Астана, 2010 ж.) т.б құнды басылымдары алға тартылды.

Сондай-ақ, құрастырушылар: А. К. Боқаева және Б. Е. Өмірзақова «По общим шаныраком» кітабы (Қарағанды, 2010 ж.), «Народы Казахстана» энциклопедиялық анықтамалығы (Алматы, 2003 ж.), А. Ш. Алтаевтың «История этносов Казахстана» (1991-2016 жж.) оқу құралы (Алматы, 2018 ж.). Олар оқырмандарды Қазақстан халықтарының негізгі салт-дәстүрлерімен, ұлттық мерекелерімен таныстырады.

Көрмедегі «Культура и толерантность» (Алматы, 2016 ж.) энциклопедиялық сөздігінде - толеранттылық пен өзара түсіністік мәдениетін қалыптастыруға байланысты әлемдік қазақ рухани мәдениетінің озық үлгілері мен қазақтардың ұлттық мұраларына сипаттама берілген. Энциклопедияда мәдениет тарихы мен теориясы, дәстүрлі құндылықтарды сақтау мәселелері, қазіргі қоғамның даму тенденциялары, заманауи өнердің даму заңдылықтары, қазіргі заманның өзекті философиялық мәселелері жайлы толық ақпарат берілген.

«Қазақ халқының философиялық мұрасы» кітабының (Астана, 2006 ж.) ұсынылып отырған томдағы қазақстандық авторлардың жұмыстары әлеуметтік философияның мәселелеріне арналған. Қоғам дамуының жалпы заңдылықтары зерттеледі, қоғамдық қатынастар мен байланыстардың әр алуан торабындағы адамның орны ашылады, қазақстандық қоғамның негізгі салалары талданады, сондай-ақ біздің әлеуметтік ортамыздың күрделі дамуындағы бағыттар мен перспективалар болжанады. Кітапта Ә. Нысанбаевтың «Қазақстандағы толеранттық сананың қалыптасуы және этностардың бейбіт қатар өмір сүру мәдениеті» атты мақала жарияланған.

«Қазіргі кезеңдегі тарих және қоғамдық пәндерді оқытудың әдістемесін дамыту мен жетілдірудің өзекті мәселелері» (Алматы, 2016 ж.)атты республикалық ғылыми-практикалық конференция материалдарында М.К.Тулекованың «Толеранттылық – ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін нығайту факторы ретінде» және Г.Қырғызханның «Толеранттылық – сан алуан тұрғыдағы бостандық» атты ғылыми мақалалары топтастырылған.

Сонымен қатар, оқырман назарына мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалар да ұсынылған:

«Казахстанская правда» газетінде (01.04.2020 ж) «Быть толерантными и дальновидными» атты мақалада бірлік, татулық пен келісім Қазақстанның басты байлығының бірі екендігі айтылған. Адамзаттың дамып, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруі үшін адам төзімді (толерантты) болуы керек.

Сондай-ақ, «Егемен Қазақстан» газетінде (7 мамыр, 2020 ж.) А.Асанкелдіұлының «Бітімгерлік – бейбітшілік елдің басты миссиясы» мақаласы,«Егемен Қазақстан» газетінде (13 наурыз, 2020 ж.) З. Қабылдиновтың «Ұлтаралық тұтастықтың туы биік» атты мақаласы, «Орталық Қазақстан» газетінде (28 қаңтар, 2020 ж.) Г. Қасембаеваның «Тұрақтылық пен келісім – басты көрсеткіш» атты мақаласы,«Орталық Қазақстан» газетінде (26 қаңтар, 2021 ж.) Д. Халелдің «Бейбітшілік пен келісім – болашақтың негізі» атты баяндамасы баспа беттерінде жарияланды.

Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дегендей, расында, Қазақстанның саяси-әлеуметтік дамуында «бірлік» категориясы ең негізгі құндылық болып табылады. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел. Әрдайым осы бірлігімізден айрылмай, татулығымыздан танбай, жұбымызды жазбай, болашаққа бірге қадам баса берейік. Ел тыныштығының тұнығы бұзылмай, бейбіт елдің берекесі арта берсін!

Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға ұсынылған деректердің барлығын біздің кітапханадан таба аласыздар.

Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.