Қарағанды облыстық кітапханасында Ұлттық кітап күні аясында Президенттік арнайы әдеби сыйлықтың иегері, ақын Жәнібек Әлиманның «Алтын тұңғиық» атты жыр кітабының таныстырылымы өтті.
Жас ақынның кезекті жыр жинағы «Алтын тұңғиық» екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөліміне «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша Қарағанды аймағы, Арқа топырағынан тамыр тартқан туындылары топтастырылған. Екінші бөліміне махаббат пен өмір туралы өлеңдер енгізілген.
Іс-шараға жазушы, ҚР мәдениет қайраткері, ф.ғ.д, профессор, ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, жазушылар одағының мүшесі Асанов Қойлыбай, ақын, ф.ғ.к., доцент, Қарағанды облысы мәслихатының депутаты А. Ботпайұлы, әнші, композитор, Қарағанды кеншілер мәдениет сарайының басшысы С. Әбдіғали, театр қайраткері, актер, педагог Д. Еспаев т.б. және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-дің филология факультетінің және Қарағанды жоғары политехникалық колледжі студенттері қатысты.
Кеш барысында жиынның тізгінін ұстаған ақын, «Орталық Қазақстан» газетінің журналисі Е. Нарын өткізіліп отырған әдеби шараның маңыздылығына тоқталып, ақынның шығармашылығы жайлы қысқаша шолу жасады. Ол ақын жырларының өзіндік стилі мен ерекшелігіне назар аударып, шығармаларындағы терең философиялық ой мен көркемдік шешімдердің үйлесімін атап өтті.
Кештің басты қонағы Ж. Әлиман өз шығармашылығы, өлеңдеріндегі ішкі толғаныстар мен тақырыптық ерекшеліктері туралы ой бөлісіп, өлеңдерін оқыды. Марат Қоңыр Ж.Әлиманның сөзіне жазылған «Шұғылалым» әнін орындады.
Ашық микрофон аясында сөз алған қаламгерлер мен әдебиет жанашырлары ақынның жыр жинағына, көркемдік шеберлігіне қатысты жылы лебіздерін білдіріп, жоғары бағаларын берді. Олар Ж. Әлиманның поэзиясы бүгінгі әдеби кеңістікте өз орнын таба білгенін атап өтті.
Кеш соңында студенттер ақынның жүрек тебірентер өлеңдерін оқып, көрермендерге әсерлі сәттер сыйлады.
Сонымен бірге оқырман қауым назарына жазушының шығармашылығынан «Жанымның өлең ағып жылғасынан...» атты кеш иесінің шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұсынылды.
Ізгілікке, еңбекқорлыққа жетелейтін осындай шараның аяғы «Автордың қолтаңбасы сессиясы» аясында қорытындыланды.
Шалқар Жәлел «Алтын тұңғиық» кітабының тұсауы кесілді // Орталық Қазақстан. - 2025. - 23сәуір