Өлең өлкесінде өзіндік өрнек салып келе жатқан қаламы қарымды, қазақ әдебиетіне алтын қазық болып қағылатын жас ақындардың бірі Ерқанат Кеңесбекұлы (Керімсал Кеңесбекұлы) 1986 жылы ақпан айының 13 жұлдызында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы сол кездегі Матақ совхозы Ақбұлақ бөлімшесінде дүниеге келді. Әкесі Кеңесбек көп жыл бойы сол ауылдың меңгерушісі, анасы Төлеу Жұмәділқызы бөлімше кітапханашысы қызметін атқарды.

1993 жылы Ерқанат Алматы қаласы Әл-Фараби атындағы №6 мектептің табалдырығын аттайды. 1997 жылы Қарағанды қаласы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатына ауыстырылып, 2003-2004 оқу жылында озат оқушы ретінде республикалық олимпиадаға қатысып, алтын медаль иеленеді (қазақ тілі мен әдебиеті). Сол жылы мектеп бітірген жас түлек академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетіне оқуға түсіп, аталмыш оқу орнын бітіреді.

Алғашқы еңбек жолын сол оқу орнының «Студенттер мәдениет сарайының» көркемдік жетекшісі қызметінен бастайды. Кейінірек Елордалық «Астана» журналы, «Астана ақшамы» газеті, 7-телеарна, «Астана» арнасы, «Қазақстан» Ұлттық арнасы сияқты беделді бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етеді.

Шалқар шабытын арқалап, бойындағы дарынын дамытып, қарымын қалыңдатып келе жатқан жас ақынбірнеше республикалық жыр додаларының жүлделі жеңімпазы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

Мерзімді баспасөз беттерінде ұдайы жарияланып келетін өршіл рухты оятатын, өткір әрі шынайы өлеңдері оқырман ықыласына бөленуде.

Сан тақырыпқа қалам тербеген талапты да талантты жас ақынның шығармашылығы жайында белгілі ақын Мұзафар Әлімбай «Ерқанаттың «Түн көлеңкесінің ұйыған кезі...» деген өлеңі талантты екенін растайтын туынды. Тілдің тынысын жіті сезінетінін байқау қиын емес. Ұйқастары шымыр, ырғаққа ұқыпты» деп жоғары баға берген.

Шығармашыл жастардың ХV Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты,

ақын Салтанат Смағұлова «...әуелде айтыскер ақын ретінде танылып, өзіндік үнімен таныла білді. Ел алдына шығып, халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады. Қарсыласының айтар ойын айтқызбай ұғып, әдемі әзілмен, астарлы оймен үнемі басым түсетін.Айтыс пен жазба поэзия ақындықтың қос қанаты десек, Ерқанат қос қанатын қатар қаға білді. Оның өлеңдері терең философия... сезім.. . күй...» деп бағалаған.

Жүрек сөзін жырмен өрнектеп., жан жылуын өлеңмен аялаған ақынның:

Күн туар әлі!

Ақынын ардақтайды.

Тірі кезде қадірін білмегендер.

Жиғанына түкіріп жыр оқиды,

Иманына жан азық іздегендер,- деген өлеңі мен лирикалық нәзік нақышты жырлары оқырман қауымның жүрегіне жол таба бермек.

«...Бұл баланы Алты Алаштың аруағы жебеп, Алласы қолдап, ауызына асылы сөз салса керек...қаншама үміт, қаншама жігер бар оның өлеңінде. Ең бастысы талпыныс пен талант бар. Сондықтан мен бұл жігіт әлі-ақ қазақ өнерінің шыңынан көрініп жататынына сенемін» деп Айбек Байтөре айтқандай, Керімсал Кеңесбекұлының поэзия әлемінде биіктей берері сөзсіз.

Шығармалары:

  1. Бодықов, Қ. Көзбала. [Мәтін] / құраст. С.С.Керімұлы, Е.Кеңесбеков. - Қарағанды: Болашақ-Баспа. - 2008. - 124 б.
  2. Кеңесбеков, Е. Күйім бар домбырамда шалқымаған [Мәтін]: поэзия / Кеңесбеков, Е. // Азия Транзит. - 2004 . - №1. - 22-23  б.
  3. Кеңесбеков, Е. Жыраулар поэзиясындағы көріпкелдік мәселесі [Мәтін] : шамшырақ / Е. Кеңесбеков // Азия транзит. - 2006. - № 9/10. - 63-64 б.
  4. Кеңесбеков, Е. Алхоры қыз [Мәтін] / Е. Кеңесбеков // Азия транзит. - 2006. - № 11/12. - 19 б.
  5. Кеңесбеков, Е. Майқы би мұраларындағы көріпкелдіктің көрінісі [Мәтін]: шамшырақ / Е. Кеңесбеков // Азия транзит. - 2007. - № 3/4. - 58-60 б.
  6. Кеңесбекұлы, Е. Шұбар бұлттан күн күлді мұнарлана...[Мәтін]: өлең өлкесінде / Е. Кеңесбекұлы // Орталық Қазақстан. - 2011. - 15 қазан (№ 170/171). - 4 б.
  7. Марқасқа Мартбек [Мәтін]: таңдамалы шығармалар. Естеліктер / идея авторы К. Охан; құраст.: М. Бегімбай, Е. Кеңесбекұлы. - Қарағанды: Арко. - 2013. - 195 б.: түрлі-түсті фотосурет.
  8. Ерқанат Кеңесбекұлы: «Басқа біткен жазмышты жазғырамын…»: поэзия. Күлтөбе. кz.
  9. Ерқанат Кеңесбекұлы мен Ербол Жанаттың айтысы  

Ол туралы:

  1. Сәулебектегі, А.     Айтыстың абыройын аспандатсақ игі [Мәтін] : кокейкесті / Сәулебектегі, А. // Орталық Қазақстан. - 2007. - 11 қаңтар. - 8  б.
  2. Байтөре А. Алашың болып ақырған (Ерқанат Кеңесбековтың шығармашылығы жайында бірер сөз).