Жас ақын Ақберен Елгезек 1980 жылы, Алматы қаласында дүниеге келген. Семей облысы Шұбартау ауданы, Мәдениет ауылының Е.Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ тарих факультетінің түлегі. 2001–2005 жж. Алматы қаласы әкімшілігінде ішкі саясат саласында әр түрлі қызметтер атқарған. 2005–2008 жылдар аралығында Алматы қаласының «Ақпараттықталдау орталығының» директоры болған.

«Қазақ әдебиетін қолдау» қоғамдық қорының жетекшісі. «Кентавр» ұлттық әдеби апталығының негізін қалаушы. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. «Серпер» сыйлығының лауреаты, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері.

Ақынның “Көлеңкелер күбірі” атты өлеңдер жинағы жарық көрген. «Көк бөрінің рухы» атты жыр жинағының авторы. Өмірді ақындық көркем оймен, өзіндік өрнекпен өрнектей алатын ақын ой коллизиясы, сұлулық үйлесімі мол ақын. «Автопортрет» деген өлеңіндегі «Қарашықтың түбінен оқта-текте, оқылады дыбыссыз жыр-иманым» деген өлең жолдарынан биік рухы, оның ішкі сырының бір иірімі қатесіз көрінеді.

«Өлең жазу қасіретін ақынның, Жүрегі жоқ түсінбейді кей пендем» деп өлең жазуды өзіндік ой толғамымен бере біледі.

Буын мен ырғақ заңдылығын бағындыра, жазу техникасын меңгере, туған жерге, оның топырағына деген сағынышқа толы көптеген өлеңдер ұсынады.

Тасы да мұңлы салар ән,

Тауы да тірі әулие,

Туған жерге оралам,

Топырағында бар кие – деген «Атамекен» өлеңі туған жердің әр бұтасын жырлап, қымбат мекенге деген іңкәр сезімді оятады.

«Дала трагедиясы» өлеңдер циклы «Көлеңкелер күбірі» кітабына енген. Бұл жырда табиғат экологиясы, табиғат көріністері, оның бейнелері керемет кейіпте суреттелген. Өзен-көлдер мөлдірлігі, тұңғиық тереңдігі романтикалық шындықпен астаса бейнеленген. Атом бомбасы жайлы терең жырлап, дала табиғатын аянышты поэтикалық-экологиялық қасіретті көрсеткен.

Сыршыл ақын шебер аудармашы да. Иван Бунин, Дмитрий Мережковский, Варлам Шаламов, Владимир Высоцкий, Гийом Аполлинер шығармаларын аударған.

Төл тіліміздің иірімдерін толық меңгерген жас ақынның әр өлеңі тұшымды, нәрлі. Қазақы қалыбымыздың құнарлы тілін өлең жолдарына мейілінше дарытқан.

Шығармалары:

  1. Елгезек, А. Ауа ғана талықсиды... [Мәтін] / А. Елгезек // Дала мен қала. - 2007. - 5 қаңтар (№1). - 16  б.
  2. Елгезек, А. Ғайыптан тылсым сырғанап түскен ақ моншақ...[Мәтін] / А. Елгезек // Жұлдыз. - 2007. - №5. - 112-114  б.
  3. Елгезек, А. Тәңір маған сыйлап тұрар күлкіні [Мәтін] / А. Елгезек // Жалын. - 2008. - №5. - 17-18 б.
  4. Елгезек, А. Көз жасымның түкпірінде бұлдырап, көк пейіштің көбелегі жүр неге?. [Мәтін] / А. Елгезек // Қазақ әдебиеті. - 2008. - 13-19 маусым (№ 24 ). - 10 б.
  5. Елгезек, А. Менің тәнім - мұң құйылған құмыра... [Мәтін] / А. Елгезек // Қазақ әдебиеті. - 2013. - 19-25 сәуір (№ 16). - 8 б.
  6. А.Елгезек өлеңдері. Қазақ поэзиясы-Мәссаған!
  7. А.Елгезек шығармашылығы - Сен үшін.
  8. Ақберен Елгезек: Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама | Қамшы.
  9. Ақберен Елгезек. Сәлем, көктем! | ҚалайсыңҚалайсың.

Мақалалары:

1. Ақберен Елгезек: Дүние – тәңірдің өлеңі | Abai.kz ...

2. Ақберен Елгезек: «Ауқат» деген немене?

3. Ақберен Елгезек. Алтынға күйе жағылған күн.

Ол туралы:

Айгүл Кемелбаева. Ақынның ақберені - Ақын Ақберен Елгезектің сайты ...

Ақын Ақберен Елгезектің сайты.