Ақын Қазыбек Иса Жарылқасынұлы 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Мақтаарал ауданы, Бірінші май ауылында туған. 1969 жылы Шардара ауданындағы «Восход» орта мектебіне барып, 1979 жылы «Қызылқұм» орта мектебін бітіреді.

1979-1984 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітіріп, 1984-1990жж. Қызылқұм орта мектебінде мұғалім, 1991 жылы Алматыдағы республикалық «Жас қазақ» газетінің бөлім меңгерушісі, 1993 жылы «Өркен» газетінің бөлім редакторы, 1999 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациасының вице-президенті, 2000 жылғы мамырдан «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы, «Жас қазақ» ТГР ЖШС бас директоры. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры.

Алғашқы өлеңдер топтамасы 1984 жылы «Аудитория» студент ақындар кітабында, 1988 жылы «Тоғыз перне» ұжымдық жинағында жарияланған.

Тұңғыш жеке кітабы 1995 жылы «Керімсал» деген атпен жарық көрді. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы шыққан. 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді.

1998 жылғы Қазақстан Республикасы Президенті степендиясының иегері. 1999 жылғы Қ.Сәтпаевтың 100 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның, Түркістанның 1500 жылдығына орай өткен халықаралық мүшәйраның үшінші жүлдегері.

2008 жылы "Тәтті шөл" кітабы үшін Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты атанды. 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері  атағына ие болды.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алматы қаласында тұрады.

Табанды жырларымен оқырмандарын тәнті етіп келе жатқан Қазыбек Иса туған жерге, Қызылқұмына қалам тербеген. "Тартылыс" деген өлеңінде туған жерге деген тартылыс күшін жеңу мүмкін емес дейді:

Табаныңда тартылғанда үзеңгі,

Тағдыр салса, басарсың- ау жүз елді.

Қаншама кең болғанменен қара жер

Бір- ақ жерге бүгесің ғой тізеңді.

Еріп кетіп өмір деген көшкінге,

Кешеді елің,

Келсең де сен кеш мүлде...

Кіндік кесіп,

Жүрегіңе жалғаған

Тартылысты жеңе алмайды ешкім де.

Екпінді тегеуірінімен ерекше естілетін тарихи тұлғаларға арнаған өлеңдері жетерлік. Өлеңдері тарихты танып білу үшін ғана емес, ең алдымен одан тағылым алу үшін жазылған. Махамбетке "Қызғыш құс" өлеңін арнаған. Абайға арналған өлеңдері, тұнып тұрған драма, тіпті қасіретті трагедия деуге болатын "Сәкеннің соңғы суретін көргенде" деген өлеңі бар.

Ақын жайлы Т.Медетбек «Қазыбек Исаның құлашы кең, қарымы мол. Бір тақырыптан соң екінші тақырып табалдырығын емін- еркін аттап өте береді. Жалпы, қазақ поэзиясында өз үні мен жолын белгілеп алған ақынның азаматтық болмыс-бітімі де айқын. Оның ел мен жер туралы, уақыт пен қоғам жайлы ақтарыла сөйлеп келе жатқанына, тегеурінді ұстанымдарына, сөз жоқ, бәріміз де тәнтіміз» дейді.

Мақалалары:

  1. Иса, Қ. Жыңғыл гүлі [Мәтін] / Қ. Иса // Жұлдыз. - 2001. - №11. - 31-33  б.
  2. Иса, Қ. Қасыммен сырласу [Мәтін] : өлең / Иса, Қ. // Орталық Қазақстан. - 2001. - 13 қазан.
  3. Иса, Қ. Мұхтар аға Шахановқа [Мәтін] : қ.Иса / Қ. Иса // Жас қазақ үні. - 2002. - 12 шілде. - 3 б.
  4. Иса, Қ. Азаттықтың аңырап адырнасы [Мәтін] / Қ.Иса // Жалын. - 2004.- №6. - 84-86 б.
  5. Иса, Қ. Қоштасып ап...күтуменен өтер күн... [Мәтін] : поэзия / Қ. Иса // Қазақ әдебиеті. - 2004. - 5 қараша. - 13 б.
  6. Иса, Қ. Шығып дім Шындық іздеп [Мәтін] / Қ. Иса // Жұлдыз. - 2005. - №1. - 97-101 б.
  7. Иса, Қ. Бақыт деген - бақыт жайлы ойламау... [Мәтін] / Қ. Иса // Қазақ әдебиеті. - 2007. - 22-28 маусым (№25). - 9 б.
  8. Иса, Қ. Қар астында қалқып жүрді бір ақын... [Мәтін] / Қ. Иса // Қазақ әдебиеті. - 2008. - 27 желт. (№ 52(2). - 33 б.
  9. Иса, Қ. Бақыт деген - бақыт жайлы ойламау  [Мәтін] / Қ. Иса // Егемен Қазақстан. - 2012. - 30 мамыр (№ 279/282). - 12 б.

Шығармалары:

Иса, Қ. Қызыл жыңғыл [Мәтін]: жыр кітабы / Қ. Иса. - Астана: Фолиант, 2002. - 132 б. - (Отырар кітапханасы).

Иса Қ. Тәтті шөл [Текст] : жыр кітабі / Қ. Иса. - Алматы : Жазушы, 2007 -1-том. - 240 б.

Қ.Иса. Керімсал. Өлеңдері. "Адырна" ұлттық-этнографиялық сайты.

Ол туралы:

1) Иса Қазыбек // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / бас сарапшы Б.Әбдіғалиев. – Алматы, 2005. – 251 б.

2) Иса Қазыбек // Қазақстан жазушылары: XX ғасыр. Анықтамалық. – Алматы: Ана тілі, 2004. – 150 б.

3) Медетбек, Т. "Әлі талай азаптайды алда сын"...[Мәтін]: немесе бүгінгі заманның ғашықтық ғазалдары / Т. Медетбек // Дәстүр. - 2012. - № 5. - 18-21 б.

Қазыбек Исаның блогы.