Қазаққа қиындықта сүйеу, қуанышта көңіл қанаты болған қара домбыраның қоңыр үні – қанымызда, бебеулеген сарыны – санамызда сақталған, ұлттық кодымызда таңбаланған. Сондықтан, киелі домбыраның шанағынан шамырқанған күй төгілсе, елең етпейтін қазақ жоқ.
Бүгін «Кітапханадағы жаз» бағдарламасы аясында Ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра дастан» атты арт-сағаты өтті.
Аталмыш шара барысында қаламыздағы №1 Балалар музыка мектебінің қазақ халық аспаптары бөлімінің оқытушылары Ернат Узалин мен Аныкбеков Манап Бағдатұлы домбыра аспабының шығу тарихы мен ұлттық аспаптың құрылымы туралы: «Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрі бар. Әр өңірде жергілікті халықтың тұрмысына, салт-дәстүріне, өнерпаздардың орындаушылық мәнеріне, байланысты әртүрлі пішінде дамып, өзгеріп отырған», -деп айтып, шертпелі аспаптардың бірнеше түрімен таныстырып өтті. Домбыра негізінен екі ішекті, кейде үш ішекті болып келеді. Сонымен бірге «Думан сазы» ансамблі шертпе күйдің негізін қалаушы Тәттімбет пен күй атасы Құрманғазының күйін орындады. Мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында балаларға «Ұлттың рухани қазынасы» атты сұрақ-жауап викторинасы жүргізілді. Сондай-ақ «Домбыра дастан» кітаптар көрмесі ұсынылды.
Арт-сағат соңында балаларға режиссер Әмен Қайдаровтың «Ақсақ құлан» аңызының желісімен түсірілген мультфильм көрсетілді.
Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашысы: Ж. Санақбай