Ұлы Отан соғысы кезінде еңбекші халық майданға көмектесудің жаңа жолдарын іздеп, жеңіске тез жетуді ойлағаны белгілі. Барша халықпен қатар Қазақстан əйелдері де жеңіс жолына жан тігіп, бар күшімен тылда еңбек етті. Ер-азаматтар майданға аттанғанда, тылдағы өмірдің бар ауыртпалығы əйелдер мен балалардың мойнына түсті. Əйелдер шаруашылықтың барлық саласында ер адамдардың орнын басты.
Сол бір сұрапыл соғыс жылдарында жеңіс сағатын жақындатуға Қарағанды облысының көміршілері, Балқаш пен Жезқазғанның мыс өндірушілері, алыс аудандардың малшылары мен егіншілері үлкен үлес қосқанын тарих зердесі ешқашан ұмытпайды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қара алтындай аймақта «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген патриоттық ұран кеңінен қанат жайып, мұндай екпінді еңбек көмір кәсіпорындары арасында барынша өрістеді. Майдандағы жауынгерлерді құрсанған қару-жарақ, жылы киім, азық-түлікпен қамтамасыз етуде тыл еңбеккерлері тыным таппай еңбек етті. Соғыстың алғашқы екі жылында ғана облыс еңбекшілері отан қорғау қорына 40 миллион сомнан аса ақша және мемлекеттік заемның облигацияларын тапсырды. 200 мыңға таяу жылы киімдер мен аяқ киімдер, 59 вагон азық-түлік тиелген сыйлық жөнелтеді. Осы кезеңде қала мен ауыл еңбеккерлері жаумен жан аямай соғысып жатқан жауынгерлерге қажетті айбарлы техникалар - танктер мен ұшақтар жасау қорына 25 миллион сомнан аса қаржы жинап жіберуі сол шақтағы отаншылдық алаудың асқан үлгісі еді. Қызыл әскер отбасыларына қамқорлық жасау да ұмыт қалмайды. Облыс аумағындағы майдангер отбасыларына соғыстың алғашқы екі жылының өзінде мыңдаған дана киім-кешек, бұған қоса 13 550 пұт астық, 2450 пұт жарма, 3827 пұт көкөкніс, 820 пұт май мен еттен көмек жасалады.
Соғыс жылдарындағы баспасөз беттерінен тылдағы әйел-аналардың, бойжеткен қыздардың майдан даласында жүрген әке-ағаларының, бауыр-інілерінің үңірейген орнын жоқтатпай өндірістің бейнеті салаларында қажымай-талмай қайрат қылғанына айқын көз жеткізуге болады.
Мәселен облыстық «Социалистическая Караганда» газетінің 1941 жылғы 23 шілдедегі О.Бреусованың «Әйел шахтерлер» атты шағын мақаласынан мынадай жан тебірентерлік жолдарды кездестіруге болады. «№1 шахтаның наряд бөлмесі. Кезекті ауысым жүріп жатыр. Жұмысшылар арасында көптеген әйелдер, қыз-келіншектер бар. Олардың жүздері мен арнаулы жұмыс киімдерін көмір тозаңы қапқан. Мынау қашанда жарқын жүзі мен келбетінен қайрат төгіліп тұратын қыз Таисия Танютина. Ол екі жылдан бері лебедкада еңбек етеді. Шахтаның тандаулы стахановшыларының қатарында лебедкашы Ахметова мен порода іріктеуші Байменова да бар. - Шахтаға үйрендік. Бос уақытымызда әскери мамандықтар игереміз, санитарлық дружинада, ПВХО және ГСО нормаларын тапсырамыз, - дейді олар көңілді кейіппен. Жуырда ғана шахта кәсіподақ комитетіне үй шаруасындағы 7 әйел келіп жұмысқа алуға өтініш білдіріпті. Солардың ішінен Женя Серікбаева коммунист Бейсембаеваның бригадасында еңбек етеді. Көмір жылжытатын конвейерді бақылайтын ол сыртқа бірде-бір кесек қалдық жыныстың кетпеуін жіті қадағалайды. Қазір шахтада бос орын жоқ. Кеншілер Қызыл Армияның жауға жайрата соққы беруіне өз үлестерін қосуда».
Сондай «Советтік Қарағанды» газетінің 1942 жылғы 7 ақпандағы «Барлық жұмыстың жауынгерлік программасы» атты бас мақалада: «Қызыл Армияның қару жарағына керекті мыс біздің облысымызда, ол мыстың қару жасайтын алып заводтарға керекті отын біздің көмір бассейнімізде, сол соғыс жарақтарын майданға тасып апаратын темір тұлпар паровоздардың жемі де біздің көміріміз. Облыс кеншілері 1941 жылы «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен екпінді еңбек етті. Елімізге, батыр Қызыл Армияға қажетті мыс, көмір, астық, ет, май, сүт, жүн анағұрлым мол берілді», - делінген.
Ал «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясында мынадай жолдар бар: «Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарағанды көмір бассейні қорғаныс өнеркәсібін отынмен үздіксіз қамтамасыз етіп отырды. Бассейн жұмысшылары 1942 жылдың күзінен бастап өнім өндіру қарқынын үдете түсті. 1943 жылы кеншілер мемлекеттік жоспардан тыс 100 мың тоннадан астам көмір берді. Келер жылы көмір өндіру қөлемі 1943 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. 1945 жылы көмір бассейні елімізге 11,3 миллион тонна көмір беріп, қара алтын өндіруді 1940 жылмен салыстырғанда екі есеге арттырды. Осындай табанды еңбектің арқасында Қарағанды кеншілері соғыс жылдарында Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын 6 рет жеңіп алды», - деп ер етігімен су кешкен отты жылдардың еңбек шежіресінен сыр шертеді.
Жоғарыда айтып кеткендей соғыстың алғашқы күндерінен бастап әйел адамдар қорғаныс қорына өз табыстарының жартысын жіберіп отырды, үй шаруасындағы əйелдер алтын əшекейлеріне дейін берді, жинақтағы ақшаларын, мемлекеттік займдағы облигацияларын, жылы киімдер, майдандағы əскерлерге сыйлықтар жинап, олармен хат жазысып тұрды, майданға көмек мақсатымен жексенбіліктер ұйымдастырды. 1941 жылы «Казахстанская правда» газеті тылдағы əйелдердің үлесін жиі-жиі жазып, хабарлап тұрды. Сол газетте жазылған мақаладан үзінді келтірсек: «Қарағанды шахтерлерінің жұбайлары майданға үлкен көмек көрсетті. Мысалы, № 1 шахтаның коммунист үгітшісі Тұрғымбекова шахтерлердің пəтерлеріне барып, үйде отырған əйелдерімен əңгіме өткізген. Бір күн ішінде ол үй шаруасында отырған белсенді əйел Иманбаевамен бірге 100-ден аса зат жинаған. Тау-кен жұмысшыларының əйелдері ішінде де белсенді жұмыстар жүргізілді. Мұндағы партия ұйымы 4 үгіт бригадасын құрып, оны Тұрғымбекова, Майжақанова, Жылқыбеков, Жақыпов сияқты коммунистер басқарды. 3 күн ішінде үгіт бригадасы 300 жылы киімдер өткізген...»
Сол бір сұрапыл жылдарда құс ұйқыға көшкен шалғай ауыл тұрғындары мал басын еселеп көбейтуге, егіннен неғұрлым көп астық алуға, сөйтіп басқыншы жаумен арыстанша алысып жатқан жауынгерлерді азық-түліктен, жылы киімнен тарықтырмауға бар күшін салды. «Советтік Қарағанды» газетінің соғыстың төрт жылындағы сандарынан тылдағы әйеланалардың, қарттар мен жасөспірімдердің екпінді еңбегін әспеттеген мақалаларды оқи отырып олардың Отанға деген, Жеңіске деген патриоттық сезімдерінің шексіз болғанына көз жеткізесіз. Мәселен «Қоңыраттың малшы әйелдері» атты мақалада ерлер атқарар жұмысты қайыспай көтеріп жүрген Киров атындағы колхоздың сауыншысы Күліш Ақбергенованың, «Кең асу» колхозының шопаны Бәдиша Рахметованың, Молотов атындағы колхоздың қой өсірушісі Мағира Өтегенованың үлгілі істерін тілге тиек етсе, «Қоңырат» колхозындағы әйелдер кеңесінің ұйытқы болуымен жексенбілік ұйымдастырылып әскер отбасыларының 50 үйінің жөнделіп берілгені, Ал Шет ауданындағы Роза Люксембург атындағы колхоздың сауыншысы Дәкен Баймағамбетова сүт сауудың айлық жоспарын үнемі екі еседен орындап келеді жазылады.
Соғыс жылдардағы облыстық газет сандарын ақтара отыра «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» айдарында облыс еңбеккерлерінің елдің қорғаныс қуатын күшейтуге, жау қолынан азат етілген республикаларға едәуір көлемде материалдық көмектер жасағаны айтылады.
Қарағандылықтардың соғыс кезіндегі ерен еңбегі лайықты бағаланды:
31 адам Ленин орденімен, 17 адам Еңбек Қызыл Ту орденімен, 116 адам «Құрмет Белгісі» орденімен, ондаған мың адам – «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Қарағанды көмір бассейннің тресттері Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын 6 рет жеңіп алды.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде облыс шаруашылықтары үлкен үлес қосты. Мал шаруашылығын дамытқаны, сондай-ақ жоспардан тыс астық өнімдерін қамтамасыз еткені үшін Қарағанды облысы және оның Осакаров ауданы Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туымен марапатталды.
Соғыстың алғашқы күнінен нар жігіттер арқалайтын ауыр жүкті иығына ілген төрт жыл бойы тыным көрмеген Қарағанды облысының көмірші әйелдерінің, Балқаш пен Жезқазғанның мыс өндіруші әйелдерінің, алыс аудандардың малшы, егінші әйелдерінің қажырлы ерен еңбегін жылдар ұзаған сайын тәуелсіз еліміздің көгінде ерлік рухындай сәулелене бермек.
Түйіндеп айтқанда, әйел адамдардың барлық қиындықтарға қарамай, майдандағыларды оқ-дәрі, қарумен, киіммен, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасаған тылдағы ерліктері біз үшін үлгі-өнеге.
Әдебиеттер:
Әбдіманұлы А. Соғыс зардабын тартқанбыз // Қарқаралы. - 2005. - 30 сәуір, 14,21 мамыр.
Жұмасұлтанов Ә. Қарағанды облысы соғыс жылдарында // Орталық Қазақстан. - 2005. - 23 сәуір. - 7 б.
Құбашұлы М. Қиындыққа мұқалмаған, ауырлыққа жұқармаған ұрпақпыз // Орталық Қазақстан. - 2005. - 21,23 сәуір. - 11 б.
Қыныбаева Р. Ерлерше еңбек еткен аналар // Қарқаралы. - 2005. - 27 тамыз. - 5 б.
Кенші әйелдер ерлігі ешқашан ұмытылмайды // Орталық Қазақстан. - 2016. - 27 тамыз (№ 136/137). - 5 б.
Мұқанұлы Ө. Қарсақбай оқушылары отты жылдарда // Сарыарқа. - Жезқазған. - 2011. - 6 мамыр (№ 18). - 4 б.
Төлеуқұлов М. Е. Ардақты да арқалы Ақтоғай // Тоқырауын тынысы. - 2014. - 28 ақпан (№ 9). - 8 б.
Лекеров Қ. К. "Біз балалықтан гөрі, батырлыққа тәрбиеленген жастармыз": ұстаз, зерттеуші Қ.К.Лекеровпен сұхбат / сұхбаттасқан А.Құмырзақұлы // Арқа ақшамы. - 2014. - 24 сәуір (№ 16). - 8 б.
Төребекова А. Қарағанды облысы соғыс жылдарында / А.Төребекова, Ғ.Смағұлов, Е.Лұқпан // Орталық Қазақстан. - 2005. - 31 наурыз. - 8 б ; 2 сәуір. - 6 б ; 12 сәуір. - 4 б ; 14 сәуір. - 7 б ; 16 сәуір. - 6 б.
Тойбек Ж. Қарағандының қайсар аналарына ескерткіш қажет // Орталық Қазақстан. - 2015. - 29 қаңтар (№ 11/12). - 8 б.
Дәненова Ф. Тыл қаһармандары // Орталық Қазақстан. - 1975. - 8 май (№ 108). - 3 б.
Кенші әйелдер ерлігі ешқашан ұмытылмайды // Орталық Қазақстан. - 2016. - 27 тамыз (№ 136/137). - 5 б.
Тойбек Ж. Маңызды монография // Орталық Қазақстан. - 2016. - 25 маусым (№ 100). - 6 б.
Шаймұқанова Р. Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін // Орталық Қазақстан. - 2005. - 28 сәуір. - 7 б.