Бейбіт өмірдің ойран-топанын шығарған неміс басқыншыларымен болған соғыс миллиондаған жандардың жүрегін жаралап, майдан даласында көмусіз қалған боздақтар мен мүгедек болып оралған майдангерлердің, жесір әйел, жетім баланың зары мен мұңы болып әлі талай айтыла берері анық.
Бес жылға созылған қаншама қат-қабат оқиғалар, өшпес сәттер, аса ауыр да азапты күндер ұрпақ жадында сақталады. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды.
Біз сіздерге осы Қарағанды өңірінен қаһарлы жылда ел қорғауға аттанған жалынды патриот қыздары жайлы деректер ұсынамыз. Олардың жауынгерлік жолы қандай болды деген сұраққа жауап іздейміз.
Қарағандылық бірнеше жауынгер қыздың жауынгерлік жолын естеліктер, сарғайған хаттарға сүйене отырып білетін боламыз.
Өлкетану әдебиеті бөлімі «Қарағандының жауынгер қыздары» өлкетанулық интернет ресурсын ұсынып отыр.
Бұл ресурста соғыс жылдарындағы əйелдердің соғыс қимылдарына қатысуы, тылдағы еңбегі қарастырылады.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әйел адамдардың ерлігін, қайсарлығы мен Отан үшін отқа түсуге әзір екендігін жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие үлгісінде көрсету - басты мақсаты болып табылады.