19 қыркүйек күні халықаралық іс-шара Ресей ұлттық кітапханасымен (Санкт-Петербург қ., РФ), Ресей мемлекеттік жастар кітапханасымен (Мәскеу қ., РФ), А.С.Пушкин атындағы Омбы облыстық кітапханасымен (Омбы қ., РФ) Ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімімен басталды.
Сонымен бірге кітапхана төрінде кітапхана ісін жандандыруға бағытталған мерейтойлық іс-шараның жалғасы ретінде қазақ әдебиетінің, аймақтың шығармашылық шыңдалуына өзіндік үлес қосып жүрген жергілікті ақын-жазушылардың қатысуымен «Жаңа дәуір әдебиеті: дәстүр және жалғастық» атты дөңгелек үстел өтті. Шараның ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет модератор болды. Дөңгелек үстелде қазіргі қазақ әдебиетіндегі өзекті мәселелер мен баспа ісі, ақын-жазушылар цифрлық оқу дәуірінде «жазушы – оқырман» диалогы қалай дамитыны, «өз» оқырманын қалай көргісі келетіні, оқырманымен кері байланыс қажет пе және олардың пікірлері туралы өз ойларымен бөлісті.
Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында «Жастармен жұмыс жасаудың заманауи тәжірибелері» атты ашық диалогы ұйымдастырылды. Ашық диалогтың спикері ретінде Жастарға арналған Ресей мемлекеттік кітапханасының директоры И. Б.Михнова болды. Тақырыпты талқылауға 50-ден астам адам қатысты, олардың арасында Қазақстан мен Ресей кітапханаларының жетекші мамандары мен басшылары ат салысты. Қатысушыларға И. Б. Михнова презентациясы арқылы өзінің ресейлік әріптестерінің жастармен жұмыс істеу тәжірибесін ұсынды. Сондай-ақ, Ж. Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының, С.Алтынсарин атындағы Қостанай облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының және С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. Кітапханашылар жастармен жұмыс істеудің жаңа тәжірибелерін белсенді талқылап, өздерінің кәсіби біліктіліктерімен бөлісіп, кітапханашылар өздеріне құнды білім алды.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тарих. Руханият. Қолжазбалар мұрасы» атты питч-сессия өтті. Мұнда Сүлеймания қолжазбалар кітапханасы директоры Хусейн Кутан мырза XII–XV ғасырлардағы қолжазбалар сақталған Сүлеймания қолжазбалар кітапханасының қызметімен, Түркияда қолжазбалық мұраны зерттеу және сақтау жұмыстарымен таныстырды. Бұл шараға Қарағанды облысының музейлері мен архивтерінің жетекші мамандары және кітапханашылар қатысты.
Халықаралық конференция аясында қонақтар үшін Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында музей қызметкерлері Қазақстандағы тоталитаризм жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы баяндап, осы тарихи кезеңге қатысты сирек жәдігерлерді ұсынды.
Халықаралық іс–шараға қатысқан құрметті қонақтар мен қатысушылар шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, игі тілектерін білдірді.