31 мамыр - саяси қуғын – сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Қазақстан тарихының ең қайғылы беттерінің бірі - жаппай саяси қуғын-сүргін және миллиондаған адамның қаза болуына әкеп соққан ашаршылық.Өткенді ескермей болашақты құру мүмкін емес. Сондықтан ХХ ғасырдың 1927-1953 жылдарындағы сталиндік жүйенің саяси қуғын-сүргіні қазақ даласын қанға бөктіріп, қаншама жазықсыз халықты атты, темір торға тоғытты, итжеккенге айдады, басқа да зорлық-зомбылықтардың небір түрін жасады.
Бұл оқиғалардың барлығын архивтік құжаттардан, кітаптардан, баспасөз беттерінен оқуға болады. Осындай мәліметтерді жас ұрпақтың санасына тарихи шындықты жеткізу, сіңіру үшін тереңірек таныстыру мақсатында кітапханамызда «Зобалаң жылдар жаңғырығы» атты фотокітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеге репрессия жылдарына арналған әдеби, тарихи кітаптар, фотосуреттер, тұлғалар жайлы архивтік құжаттар және Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынған экспонаттар қойылды.
Солардың ішінде Қарлаг тарихы жайында өте кең түрде шұғылданғандардың бірі, жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.А. Шаймұханов болатын. Оның 1997 жылы жарық көрген «Қарлаг» атты монографиясы - бұрын – соңды зерттелмеген көптеген мәселелерден мәлімет беретін құнды кітап.
Көрменің бір бөлігі Қарлаг тақырыбына арналды. Мұнан 2012 жылы Қарағанды қаласындағы «Bolashaq» академиясының «Карлаг: болашақ үшін есте сақтау» жобасы аясында қуғын-сүргінге ұшыраған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде шыққан құнды кітаптармен таныса аласыздар. Бұл зерттеулер белгілі ғалым, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің ректоры Нұрлан Дулатбековтің жетекшілігімен жарыққа шыққан болатын. Бұл зерттеулер - басым көпшілігі ғылыми айналымға алғаш енген құжаттық материалдар негізінде КСРО БСМБ – ІІХХК – ІІМ Қарағанды еңбекпен түзеу лагері тарихының (1931 – 1959 ж.ж.) басты аспектілері зерделенеді. Мұнан сіздер лагерьдің құрылуы және жұмыс істеуі, тұтқындардың саны мен құрамы, оларды лагерьде ұстау режимі мен күзет мәселелері, еңбекте тұтқындар өмірін қамсыздандыру жүйесін, медициналық қызмет көрсету деңгейін және тұтқындардың өлім–жетімі динамикасын т.б. оқи аласыздар.
Бұл көрмеден белгілі ғалымдар К.С.Алдажұмановтың, А.З.Бейсеновтың, К.С.Өскембаевтың, С.Б.Жұмағұловтың, С.В. Елеуханованың, Н.А.Бейсенбекованың және журналистер Е.Б.Кузнецованың, В.М.Могильницкийдің, өлкетанушылар Ю.Г.Поповтың, І.Ісләмұлының т.б. саяси-қуғын сүргін тақырыбында жасаған ғылыми-зерттеулерін кездестіресіз.
Сонымен біргеЖ.Бектұровтың «Таңба» (Алматы, 1997), Табыл Құлыястың «Қырғын» (Астана, 2010), К.Сардарбектің «58 – статья зар заман» (Алматы, 2007), Н.А. Бейсембекованың «Сарыарқаның ұлы азаматтары» (Қарағанды, 2008), Ә.Жағыпардың «Елін сүйген ерлер партиясы» (Қарағанды, 2021) және «Қызылдар қырғыны» (Алматы, 1993) , «Қазақ қалай аштыққа ұшырады?» (Алматы, 1991), «Қапаста жазылған хаттар» (Алматы, 1992) кітаптарымен қоса лагердегі тағдыр тауқыметін көрген адамдардың фотосуреттерін, сол кездегі балалардың жазған хаттарында көруге болады.
Оқырман назарына ұсынылған бұл көрмедегі әдебиеттер көпшілік оқырман қауымға арналған. Өскелең ұрпаққа өз тарихын насихаттауды көздеген кітаптардың қай уақытта болса да оқылары сөзсіз.