2021 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы VII шақырылымдағы Парламентінің екінші сессиясының ашылуында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы халыққа жолдауын жариялады.
Жолдауда Президент еліміздің Тәуелсіздіктің 30 жылында жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті. Ол: «Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда» - деп атап өтті.
Мемлекет басшысы елімізді пандемиядан кейін одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйелері тиімділігін арттыруға, сапалы білім беруге, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйенің қалыптастырылуына, саяси модернизацияға, адам құқықтарының қорғалуы мен қоғам консолидациясына бағытталатын бір қатар бастамаларды атап көрсетті.
Жолдаудың негізгі ережелері кітапханамыздың мәжіліс залында ұйымдастырылған «Президенттің Жолдауы: айқын стратегия және нақты мақсаттар» атты кітап көрмесінің материалдарында көрініс тапты.
Кітап көрмесі 4 бөлімнен тұрады. «Тәуелсіздік дәуірі» атты бірінші бөлімге Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жаңа мемлекеттің құрылуындағы ролі, қазақ тілінің мемлекеттігінің қалпына келуі, қазақстандық қоғамның тұрақтылығы мен бірігіп нығаюы, саяси модернизация жайлы әдебиеттер топтастырылып, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі жетістіктері туралы баяндайтын кітаптар ұсынылды.
«Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономика» атты екінші бөлімде Қазақстанның пандемиядан кейінгі дамуының экономикалық аспектілері туралы әдебиеттер ұсынылған. Өндірістің, аграрлық секторының, логистикалық инфрақұрылымның және тұрғын үй құрылысының дәстүрлі және инновациялық салаларының даму мәселелері кейінгі жылдардағы кітап басылымдарында көрініс тапқан. Қазақстанның Орталық Азия көшбасшысы ретіндегі ролі Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтында (ҚСЗИ) басылып шығарылған монографияларда жан-жақты ашылады.
Көрменің «Әлеуметтік ортаның дамуы» атты үшінші бөлімінде Жолдаудың екінші және үшінші басымдықтарының – «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру» және «Сапалы білім беру» мазмұны ашылады. Отандық білім беру жүйесінің даму болашағы туралы, соның ішінде инклюзивтік технологиялар туралы педагог ғалымдарының зерттеулері ұсынылады. Бір қатар басылымда жас ұрпақты тәрбиелеу, ұлт денсаулығын нығайту, адам әлеуетін дамыту мәселелері тарқалып, талданады.
Кітап көрмесінің «Халықтың амандығын қамтамасыз ету» бөлімінің маңызы ерекше. Бұл бөлімнің мазмұнын «адам капиталы», «өмірдің сапасы», «экологиялық амандық», «еңбек және еңбекақы» және тағы сол сияқты тақырыптардағы кітаптар ашады.
Құрметті оқырмандар! Кітап көрмесі жыл бойы жұмыс жасайды. Көрмедегі материалдар үнемі жаңартылып тұрады.
Сіздерді жаңа Жолдаумен және ондағы негізгі басымдықтардың мазмұнын ашатын өзекті әдебиеттермен танысуға шақырамыз.