Абай - ұлтымыздың бас идеологы, әлемдік тұлға. Ол адам болып қалыптасу үшін жас ұрпақтың зердесіне қандай асыл қасиеттерді сіңіру, қай бағытта тәрбиелеу керектігін айтып кеткен ғұлама адам. Ұлы ақынның арман – тілегі бүкіл адамзаттың ең биік асыл мұраттарымен үндесіп жатыр. Абайды тану арқылы біз өз болмысымызды танып, болашағымызды бағдарлаймыз. .
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы № 495 қаулысымен 10 тамыз - Абай күні болып белгіленіп, мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев ұлы ақынның шығармалары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, болашақ ұрпаққа рухани азық болады деп зор толғаныспен сенім білдірді.
Халқымыздың рухани көсемінің ілімі, биік мақсаттарға жетелейтін ойлы өлеңдері мен тағлым аларлық қара сөздерін, өмірбаянын ұлттық құндылық ретінде таныстыру, тереңірек сусындату мақсатында кітапхананың оқу залдары бөлімінде «Абай әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Көрмеде кітапхананың «Сирек кездесетін кітаптар» қорынан кітаптар ұсынылды. «Абай Құнанбаев» (Алматы, 1945) Төрт бөлімнен тұратын шығармалар жинағы, өлеңдері мен қара сөздері. М. Әуезов «Абай» тарихи романы (Алматы, 1953). «Абай жолы» романының алғашқы нұсқасы. Екінші кітап, түзетіліп үшінші басылуы. М. О. Ауезов «Путь Абая» (Москва, 1958) роман-эпопеясының І-ІІ томдығы, А. Кунанбаев «Лирика и поэмы» (Москва, 1940), Абай «Избранные стихи» (Алма-Ата, 1936), «Абай» (Москва, 1940). Көненің көзіндей бұл жәдігерлермен қауышу оқырман қауым үшін бір ғанибет болары сөзсіз.
Туған халқын оқу – білімге, ғылымды үйренуге, өнерді, кәсіпкерлікті игеруге шақырған, ұлы ойшыл мұрасының зерттелуі мен Абайтану тарихының қалыптасу жағдайы жайлы толымды еңбек белгілі абайтанушы М. Мырзахметов дайындаған «Абайтану» (Алматы, 2020) сериясы көрме мазмұнын кеңейте түскен. Бір ғасыр бедеріндегі ақын мұрасын танып, бақылау жолындағы жетістіктер мен кемшіліктер бүгінгі күн тұрғысынан таразыланады. «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шыққан «Абай» (Алматы, 2018) кітабына ақынның кемеңгер тұлғасы мен таланты туралы белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің зерттеулері енгізілген. «Абай шығармаларының Академиялық толық жинағы» (Алматы, 2020) ақынның 175 жылдық мерейтойына орай текстологиялық зерттеулер негізінде қайта сараланып, мазмұндық, құрылымдық, мәтіндік тұрғыдан толықтырылған. Кітапта 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген тұңғыш жинағының литографикалық көшірмесі берілген. Абайдың немере інісі Макин Қайыржан қажының «Абай жаққан алау» (Алматы, 2020) деп аталатын еңбегінде танымдық мақалалар мен ой-толғамдар топтастырған. Озық елдердің тілін білуге, өнерін меңгеруге шақырған, үндеген үш тілде жарық көрген «Қара сөздері» (Алматы, 2016), «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» (Семей, 2010)атты шығармалар жинақтары көкірегінде ізгіліктің ұшқыны бар адам үшін маңызы ұшан – теңіз. Абай тағлымдары барша қазаққа, алдымен білімге құштар жастарға үлгі.
Сондай – ақ кітап көрмесінен ағылшын, француз,қытай, корей, түрік , орыс т.б. тілдерде әр жылдарда жарық көргенаудармаларын да табуға мүмкіндік мол. «Абай Құнанбаев шығармаларының 10 томдық жинағы» (Семей, 2020) деп аталатын аудармамен ағылшын тілінде, «Abay Kunanbaev «Nasiһatler» (Kara Sozler) (Ankara, 2014) түрік тілінде, «Мир Абая» (Алматы, 2004) орыс тілінде, Abai Ibraһim «Paroles EdIfIantes» (Edition Bilim, 2000) француз тілінде, Г. Бельгер «Властитель слово» атты кітапта абай орыс тілінде үн қатады.
Әдебиеттанушы әрі жазушы Николай Анастасьевтың «Абай» (Астана, 2010)атты кітабында Абай – өз халқының ағарту мен гүлдену жолында күрескен даланың ұлы перзенті ғана емес, сонымен бірге Пушкинмен, Гете, Шекспирмен және Декартпен сұбхаттас болып, солармен бой теңестіре, әлем мәдениетіндегі ұлы қайраткерлермен қатар тұратын тұлға ретінде суреттеледі.
Сонымен қатар мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген ақын жайлы мақалалар да оқырман назарынан тыс қалмақ емес.. «Егемен Қазақстан» газетінде 2021 жылғы 1 шілдеде жарық көрген Ә Бәкірдің «Абай - адам болмысы туралы» атты мақаласы дәстүр сабақтастығы жайлы ой толғайды. «Дәстүр» журналының 2020 жылғы №1 санындағы Н. Сәрсенбаевтың «Мемлекет басшысының ұлт өркениетіне құрметі» атты мақаласын Абайдың өсиет-өнегесі халқымызды биіктерге жетелейді деген тұжырым айтады.
Құрметті оқырман, өз халқының баға жетпес рухани кемеңгеріне айналған тұлға жайлы білгіңіз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз! «Асыл сөзді» іздеп, оқудан жалықпайық!
Оқу залдары бөлімінің кітапханашысы К. Айтбаева