2016 жылы "Өлкетану" клубында біршама мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл шаралар Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық, Қарағанды облысының 80 жылдық, Алаш қайраткерлері Ә.Бөкейхановтың 150 жылдық, Ә.Ермековтің 125 жылдық және жазушылар Б.Бұлқышев пен М.Иманжановтың 100 жылдық мерейтойларына арналған.

15 наурыз күні Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойына арналған "Қарағанды облысы тарихы, болмысы, болашағы" аттыбасты кітап көрмесінің ашылуы болды.

Мерейтойлық шараға физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, "ХХ ғасырдың ғұлама адамы", Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Көкетаев Темірғали Әбділдаұлы, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың ғалымдары Зәуреш Ғалымжанқызы Сақтағанова, Өскенбаев Қанат Сәдуақасұлы, ардагер журналист Жанғожин Аман Жағдаұлы, тыл және еңбек ардагері Аверьянова Мария Михайловна, Қарағанды облыстық мұрағат директоры Жанагүл Тұрсынова қатысты.

Шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын өлке жайлы кітапханамыздың бай рухани қазынасымен таныстырып, жастардың кітап оқу арқылы туған өлкеге, Атамекенге деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімге тәрбиелеу.

29 сәуір күні Кітапхана түні аясында бөлімде Қарағанды облысының 80 жылдық мерейтойына арналған "Кітапқұмар отбасы" "Читающая семья" атты музыкалық-танымдық шоу өтті.

Шара ақын В.М.Вишняковтың, "Жыр Жауһар" клубының мүшесі Р.Қабидолдиннің, кітапхананың тұрақты оқырмандары В.А.Мишуниндер отбасылары және бірнеше топтан құрылған жастар қатысты.

19 қазан күні жазушы Мұқан Иманжановтың, Баубек Бұлқышевтың 100 жылдық мерейтойына арналған "Ұлытаудың ұландары - қазақ рухының қырандары" атты әдеби онлайн кеш өтті.

Әдеби кеш С.Сейфуллин атындағы Жезқазған қалалық кітапханасымен бірлесе онлайн түрде өтті. Екі қала  арасында ұйымдастырған әдеби кештің мақсаты Баубек пен Мұқанның отаншылдықтарын, азаматтықтарын, достықтарын жас ұрпаққа дәріптеп насихаттау.

Өзіндік ерекшелігімен өткен кешке Қазақстан Жазушылар Одағының Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Б.Т. Мырзабеков, ф.ғ.д., профессор М.Х. Хамзин, ф.ғ.к., доцент, Жезқазған қаласының "Тілтану" оқу орталығының басшысы Ғ.Е. Ештанаев, белгілі қаламгер, "Ұлытау" журналының редакторы С.К. Смағұлова және Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің оқытушысы, жазушы А.Ә. Мырзахметов қатысты.

Онлайн кеште Б.Бұлқышев, М.Иманжанов шығармаларының өміршеңдігіне тоқталып, қазақ әдебиетіне лайықты із қалдырғандығы, Баубек пен Мұқанның арасындағы достықтары аңыз болғандығы жайында кеңінен тарқатылып айтылды.

29 қараша күні қазақтың тұңғыш  математигі, профессор, қоғам қайраткері Әлімхан Ермековтың 125 жылдық мерейтойына арналған "Тәуелсіз Қазақстан және Алаш арысының мұрасы" атты дөңгелек үстел өтті.

Бұл отырыс қазақ зиялыларының ұлт тарихындағы, тәуелсіздік пен білім-ғылым бастауындағы миссиясын қайраткер, ғалым Ә.Ә.Ермековтің мұрасы арқылы зерделеуге бағытталған.

Отырысқа ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының академигі, "Парасат" орденінің иегері И.Д. Арыстан, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қ.С. Өскенбаев, магистрант Шакхарим Асқарұлы, "Сарыарқа дарыны" аймақтық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Е. Ж. Сармурзин қатысты.

Сөз кезегін алған қатысушылар Ә. Ермековтің бойындағы тағдыр сыйлаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын жаңа жағдайда жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз екеніне тоқталды. Ә.Ермековтің өмірін еліміздің бостандығына, тәуелсіздігі мен біртұтастығына арнағандығы туралы, оның әділетсіздікке төзбейтін, принципшіл, өзгеге қайырымдылық жасауға даяр тұратын тектілігіне және адамзат баласы ойлап тапқан барша ғылымнан хабары бар энциклопедиялық біліміне, ұлтым, халқым деп соққан жүрегіне тәнті болғанын айтып берді. Ә.Ермековтің  қайраткер тұлғасы арқылы Қазақ елінің мемлекеттік шекарасының айқындалуы мәселесіне тарихи деректер негізінде баяндап берді.