Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы облысымыздың 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Аймағымыздың мерейтойына арнап кітапханамызда "Қарағанды облысы: тарихы, болмысы, болашағы" атты иллюстративтік кітап көрмесі қойылып, жылдың бас көрмесінің ашылуы өткен еді. Шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын өлке жайлы кітапханамыздың бай рухани қазынасымен таныстырып, жастардың кітап оқу арқылы туған өлкеге, Атамекенге деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімге тәрбиелеу.
Көрмеде ең басты орынды аймағымыздың тарихы жайлы әдебиеттері мен құнды құжаттары алды. Өлкеміздің сан-қилы тағдыры жайлы көрмедегі әдебиеттермен бірге облыстық мұрағаттан осы шараға арнайы алынған тарихи құжаттар мен фотоқұжаттары сыр шертті. Кеншілердің ауыр жұмысы мен аймағымыздың ғарыш айлағы ретіндегі қырын аша түсу үшін кітап көрмесіне облыстық өлкетану мұражайынан жәдігерлер де қойылды. Қарағанды облысының жан-жақтылығын облыстық бейнелеу өнері мұражайының көркем өнер туындылары да аша түскен-ді.
Ерекше кітап көрмесінің ашылу салтанатына қаламыздың ЖОО мен колледж студенттері, кітапхана оқырмандары мен қала кітапханашылары, "Жас өлкетанушы" үйірмесінің мүшелері қатысты.
Мерейтойлық шараның шымылдығын Қарағанды қаласының құрметті азаматы, профессор, физика-математика ғылымының докторы Көкетаев Темірғали Әбділдаұлы ашып:
"Қасиетті Сарыарқа жерінде тұрып жатқан әрқайсысымыз өз өлкеміздің өткені мен бүгінін білуге, туған жерді мақтан тұтып, болашаққа үміт артуға тиіспіз" – деді өз сөзінде.
Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сақтағанова Зәуреш Қарағанды өңірінің құрылуы мен даму хронологиясын егжей-тегжейлі әңгімелеп, көрмеде қойылған кітаптардың маңыздылығын айрықша атап өтті. Жастарға:
"Тарихты меңгеріңіздер, әрқашан қарағандылық екендеріңізді ұмытпаңыздар, отанымыздың болашағы сіздерсіздер!" - деп қысқа қайырды.
Сондай-ақ, шара меймандары тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Өскенбаев Қанат, Қарағанды облыстық мұрағатының директоры Тұрсынова Жанагүл, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, журналист Жанғожин Аман, тыл еңбеккері және соғыс ардагері, ұстаз Авериянова Мария Михайловна жастарды тарихи ескерткіштерді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге және отанымыздың патриоты болуға шақырды.
Жиналған жастар, жас өлкетанушылар "Менің туған өлкем" атты шағын викториналық ойынға белсене қатысты.
Тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуде елеулі орын алатын Қарағанды облысының тарихы, болмысы, болашағы жайлы әдебиеттер жинақтаған көрме жыл соңынан дейін жұмыс жасайды.