ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орын алған аса ірі тарихи оқиғалар Қазақ елінің тарихи тағдырында терең із қалдырғаны баршаға аян. Сол кездегі дәуірлік оқиғаларда саналы ғұмырын Алаштың азаттық алуына арнаған ұлтымыздың Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Сейфуллин, Ә. Ермеков, С. Садуақасов, Ж. Ақбаев т.б. сынды тұлғаларының елі үшін білімін ғана емес, жанын да аямағандығы қазақ еліне емес, жалпақ әлемге де мәшһүр. Азаттық жолында күрескен осы тұлғалардың бірегейі Ә.Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойының  ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуі де осының айғағы.

Алаш зиялыларының тәуелсіздік үшін ұлы міндетін атқару ісінің басы-қасында бол­ған атақты тұлғалардың бірі – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков.

Биыл туғанына 125 жыл толған Ә. Ермеков қазақ халқы үшін кім, ол ел тарихында қандай із қалдырды деген сауалдардың әрбір оқырманның көкейіне оралары заңды. Осы сауалға жауапты біздің оқырмандарымыз кітапханада өткен "Тәуелсіз Қазақстан және Алаш арысының мұрасы" атты дөңгелек үстелде айтылған тұщымды ой-пікірлерден білді.

Бұл отырыс қазақ зиялыларының ұлт тарихындағы, тәуелсіздік пен білім-ғылым бастауындағы миссиясын қайраткер, ғалым Ә.Ә.Ермековтің мұрасы арқылы зерделеуге бағытталған.

Отырысымыздағы зейіні биік оқырманның назарын селт еткізген Ә.Ермековтен дәріс алып, көзін көрген, өзінің Ермековтің шәкірті екенін мақтан тұтатын  ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, Халықаралық Ақпараттандыруакадемиясының академигі, "Парасат" орденінің иегері И.Д. Арыстанның Әлекең туралы айтылған жылы естеліктері болды. Ибатолла Дайырұлы осынау жан әлемі мейлінше таза, адами болмысына, ұлтына, халқына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншілік, мейірім мен қайырым дарып, берік орын алған адам туралы көсіле тебіренді. Оның бойындағы тағдыр сыйлаған білімі мен біліктілігін, қабілеті мен қарымын жаңа жағдайда жас буынды оқытып, тәрбиелеу ісіне жұмсаған ұлағатты ұстаз екеніне тоқталды. Сонымен бірге өзінің "Тағдыр тағлымы" атты естелік кітабын кітапханаға сыйлады. Кітаптағы "Ардақты тұлғалар" бөлімінен Әлекең туралы жазылған мақаласын оқуға болады.

Өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарында Ә.Ермековтің өмірін еліміздің бостандығына, тәуелсіздігі мен біртұтастығына арнағандығы туралы, оның әділетсіздікке төзбейтін, принципшіл, өзгеге қайырымдылық жасауға даяр тұратын тектілігіне және адамзат баласы ойлап тапқан барша ғылымнан хабары бар энциклопедиялық біліміне, ұлтым, халқым деп соққан жүрегіне тәнті болғанын Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Қ.С. Өскенбаев айтып берді. Сонымен бірге кітапханаға өзінің "Әлімхан Ермеков: Тұлға тағлымы" атты кітабын сыйға тартты.

Қанат Сәдуақасұлының шәкірті, магистрант Шакхарим Асқарұлы Ә.Ермековтің  қайраткер тұлғасы арқылы Қазақ елінің мемлекеттік шекарасының айқындалуы мәселесіне тарихи деректер негізінде баяндап берді. 1920 жылы Ә.Ермековтің В.И.Лениннің қабылдауында болып, қазақ елінің шекара мәселесі туралы мазмұнды баяндама жасап, Әлекең өзінің асқан білімдарлығымен қарсыластарын сендіре алған, дәлелді тұжырымды ой айтқанына тоқталып, жалпы, аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орынды иеленетін Қазақстан бүгінге дейін талай бөлісті бастан өткізгені, тың игеру жылдарында Жұмабек Тәшеновтің табандылығы мен азаматтық ұстанымы Қазақстанның Солтүстік облыстарын Ресей Федерациясына қосу жөніндегі шешімінің жүзеге асырылуына жол бермей, жерімізді аман сақтап қалу үшін біраз тер төккендігі турлы тарихи деректермен ой бөлісті.

Шарада сондай-ақ Ә.Ермековтің немересі О.М. Ермековтің "Роль А.Ермекова в становлении моей гражданской позиции" атты видеоролик көрсетілді. Әлімхан Ермековтың немересі – Олег Мағауияұлы техника ғылымдарының кандидаты, геофизика саласында жемісті жұмыс бастап, Қарағанды политехникалық институтында сабақ берді. Облыстық экономика басқармасын басқарды, кейін кәсіпкерлікке ауысып, бүгінгі күні білім беру компаниясына жетекшілік етеді. Ол өзінің ұлымен әлемнің түрлі елдерінде тіл үйрету курстарын ұйымдастыруда. Бүгінгі таңда Лондонда тұрады.

Сөз кезегін алған "Сарыарқа дарыны" аймақтық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Е. Ж. Сармурзин осы жылдың 2-3 қараша айында Қарағанды қаласында өткен 8-9 сынып оқушылары арасындағы математика пәні бойынша Ә.Ермеков атындағы бірінші республикалық олимпиада туралы  тоқталып өтті.

Алаш қайраткерлері көксеген тәуелсіздіктің бүгінгі таңдағы тұғырлы болашағын танып білу арқылы еліміздің дамуына үлес қосатын ұлтжанды ұрпақ назарына "Тәуелсіздік жаршысы" атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалып, "Қарағанды облысы Тәуелсіздік жылдарында" атты викторина ойнатылды.

 С.О. Телпекбаева

өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы

2016 ж. 29.11