23 қаңтар күні кітапханамызда «ZERDE» әдеби клубының кезекті отырысы өтті. Аталмыш шараға Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-дің «Кітап Life» клубының мүшелері мен @qjptk_krg Қарағанды жоғары политехникалық колледж, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шара барысында клуб мүшелері «Менің сүйікті кітабым» атты пікірлесу алаңында ғалым, академик Е.Бөкетовтің «Жас Қаныш» деректі хикаятын талқылап, шығармадағы жас кейіпкер Қаныштың жастық шағы, өскен ортасы, үлкендерден алған үлгі өнегесі, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып өз ойларын ортаға салды.
Кітапханада белгілі жазушы Серік Сағынтайдың «Жауырыншы» өлеңдер жинағы мен «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» бағыты бойынша стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Қазақия… Сиберия…» атты зерттеу кітаптарының таныстырылымы өтті.
Ашық диалог бағытында өткен әдеби жиынның тізгінін ұстаған прозаик, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерзат Ермағанбет өткізіліп отырған әдеби шараның маңыздылығын ортаға салып, С. Сағынтайдың шығармашылығына қысқаша жасап, ақын жырларының өзіндік ерекшеліктері жайлы сөз қозғады.
Таныстырылым ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахметтің С. Сағынтайдың шығармашылығына табыс тілеп,Архив құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Р.Әлидің құттықтау хатын табыстады. Сонымен бірге Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Өнер және мәдениет бөлімінің басшысы М. Қаратай Серік Сағынтайға Қарағанды облысы әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сөз кезегін алған жазушы Серік Сағынтай өзінің зерттеу кітабының мазмұны мен зерттеудің негізгі бағыттары жайлы ойын ортаға салып, оқырман сауалына жауап берді.
Құрметті оқырман қауым!
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында айтылған «Алаш қайраткерлерін еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш ету» тапсырмасын орындау мақсатында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математигі, профессор Әлімхан Ермековтың мұрасына арналған «АлашTime» форумын ұйымдастырады.
Халық тарихты жасаса, ұлы тұлғалар бастамашысы болады. Тарихымыздың тар жол, тайғақ кешулерінде әр кезеңде мемлекетшілдік сана биіктігіндегі зиялы қауым ұлттық мүдде – тәуелсіздік идеясы үшін жандарын берді.
Рухы биік, сырлы да сазды жыры бар ақынымыз Руслан Нұрбайдың кеше ғана тұсауы кесілген «Үтірсіз уақыт» кітабын бірге оқиық.
«Әріптің ұғымына» үңіліп, «Тық-тық тірліктің» ауанын бағып, ата мен немеренің «Сканворд» жайлы түсінігін түгендеп, «Ыстыбұлақ» пен «Шаңырақтауға» деген балалық сағынышы тау-тасты кезіп, алабұртып жүрген Алаш жұртына етене таныс ақынымыздың өлеңдерін оқып қана қоймай, видеоөлеңдерін тыңдай аласыздар!
Өзіңді-өзің тану үшін кітап керек, өзгені де тану үшін кітап керек демекші, жуырда ғана шығармашылық кештері өткен ақындарымыздың кітаптары кітапханамызға сыйға тартылды.
Таныс болыңыздар:
ҚР Мәдениет қайраткері, филолог-ғалым Қойлыбай Асанның «Бозторғай өлең, боз дала» атты мерейтойлық жинағы. Бұл кітаптан автордың кейінгі жылдары жазылған өлеңдері мен күнделік жазбаларын оқи аласыздар.
Жырау, жыршы, суырып салма өнердің хас шебері айтыскер ақын Тілеген Әділовтің «Тарланкөк», «Жалғыз досым бар менің» туындыларында
ақынның жаңа бір қырын танытатын, поэзия әлемінде ешкімге ұқсамайтын жыраулық сарындағы тың туындылары жинақталған. Сонымен бірге бірнеше айтыстарында оқи аласыздар.
Көпшілік оқырманға арналған кітаптарды оқуға асығайық!
5 желтоқсан күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы және Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітапхана қорын жинақтау және автоматтандырудың өзекті мәселелері» атты облыстық практикалық семинар өтті.
Семинардың мақсаты – облысымыздың кітапхана мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту. Қарағанды облысының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапхана қорын жинақтау және автоматтандыру бөлімдерінің 50 астаммамандары семинарға қатысып, қызығушылықтарын танытты. Семинарды Қарағанды облыстық кітапханаларының басшылары ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Шаймуханбетова А. С. іс шараның модераторы ретінде сөз сөйледі.
Біздің кітапханаға Каренова Хизат Ахметқызы белгілі Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-нің профессоры, экономика ғылымдарының докторы, академик, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Әл-Карени Рашит Саттарұлының 42 кітабын сыйға тартты.
Сіздерді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рашит Саттарұлы Кареновтың көрнекті еңбектерімен танысу үшін біздің кітапханамыздың өлкетану әдебиеттері бөліміне шақырамыз.
Рашит Саттарұлының қазақ ру-тайпаларының және ұлтымыздың негізін қалаған ірі тайпаларының бірі «Арғынның тарихы мен шежіресі» туралы үш томдық жинағында бүгінгі күнге жеткен шежіре-тарихы баяндалады және қазақ генеалогиясын тануға қосылған үлес ретінде оқырмандар жүрегінен жол табары сөзсіз.
Ойлы оқырман!
Қазыналы кенді өлкенің басты газеті «Ortalyq Qazaqstan» газетіне 2025 жылға жазылдыңыздар ма?
Жазылмаған болсаңыздар бүгіннен қалмай жазылуға шақырамыз!
Газет оқу – зиялылықтың белгісі. Қазіргі күні ақпарат алмасудың заманауи тәсілі көп болғанымен, газеттің де өз ерекшелігі, артықшылығы бар. Шынайы ақпарат. Байыпты сараптама. Нақты тұжырым. Таңбаланған тарих.
Жалпы, біздің кітапхана мен облыстың бас басылымы «Ortalyq Qazaqstan» арасында сонау алыс жылдардан бері үзілмей келе жатқан тығыз іскерлік байланыс бар. Кітапхана қорында 1949 жылдардан бергі «Советтік Қарағанды» атауымен шыққан кезінен бергі газет тігінділері сақтаулы. Өлкенің тыныс-тіршілігі, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени саладағы оң өзгерістер мен жарқын жетістіктерді осы басылымды оқу нәтижесінде дәйекті деректерге негізделген ақпаратқа қол жеткіземіз.
Газетке шыққан жерлестеріміздің әр жетістігін кітапхананың мұрағатына және электронды каталогына мұқият сақтаймыз. Бұл - ертеден қалыптасқан дәстүр. Қазыналы аймағымыздың шежіресі, жүрек соғысы бар газетті оқу арқылы ана тілімізге деген құрметті көрсетеміз. Ана тілімізде шығатын газеттің беделін көтеру, кеңінен насихаттау – біздің міндет болса, сол газеттің құндылығын сақтап қалу – көзі ашық, көкірегі ояу әр азаматтың міндеті.
2024 жылдың 29 қараша күні Кеншілер мәдениет сарайында өткен Алаштың ардақты ақыны, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Қойлыбай Асановтың 60 жас мерейтойлық кешінде кітапханамыз ақынның шығармашылығына арналған «Қобыз қылып қолымдағы қаламды...» атты фото - кітап көрмесін қалың жұртшылыққа ұсынды.
Кітап көрмеге автордың «Жылымық жылдар жаңғырығы» (2004), «Аңызақ соңы ақ жауын...» (2014), «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (2010), Сарыарқа кітапханасы сериясымен және Қойлекеңнің құрастыруымен жарық көрген «Арқаның би-шешендері мен ақын-жыраулары», «Арқаның айтыс ақындары», «Шығармалар» (2013) , «Қызыл асық» (2020), «Райыс - көшкен елдің өшпес тарихы» т.б. кітаптармен бірге бірнеше фотосуреттер қойылды.
Сонымен бірге автор өзінің «Сарша тамыз, сары жел», «Сәуірдің соңы құралай» кітаптарын кітапханамызға сыйға тартты.
Ардакүрең ақынның жыр маржандары оның поэзиялық жинақтарында сайрап жатыр. «Теңіздің дәмі тамшысынан білінеді» дегендей, Қойлыбай Асановтың жыр маржандарының дәмін білгіңіз келсе, мына кітаптарды оқуға асығыңыздар!
Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен ұлттық бірлік нышаны ретінде қоғамдық өмірде ерекше маңызға ие киелі орындар бар. Осындай қасиетті жерлер мен нысандар жайлы жастарға түсіндіріп, олардың өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстардың бағыт-бағдарын білу мақсатында «Ой-Орда» пікірлесу клубының кезекті отырысы өтті.
Шара Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінде ұйымдастырылды. Клуб отырысына тарихшы ғалым, өлкетанушы, этнограф, Қарағанды облысының ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы Темірғали Аршабеков қатысып, Қарағанды өңіріндегі киелі орындары жайлы әңгімелеп, бағзы бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көздің қарашығындай мұқият сақтауға, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжанды, елжанды болуға шақырды. Сонымен бірге клубтың жетекшісі, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің тарих факультетінің студенті Мирас Қанат Қарағанды облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші, киелі нысан Сеңкібай батыр, Жидебай батыр туралы айтып, қызықты деректермен бөлісті.
1 бет. Барлығы: 3
- Бас жағына
- Артқа
- 1
- 2
- 3
- Алға
- Аяқ жағына