ҰЛТТЫҢ ТАРИХИ КӨШБАСШЫЛАРЫ: ұлы есімдер эстафетасы
Халқымыздың айналасына зер салып, арғымағына ер салып, өз алдына жұрт болып, тұрмыстық қалпын, қазақи салтын қалыптастырып, түпкі атасы ежелгі түркінің тамырынан нәр алған ұлттық мемлекеттілігін орнықтыруда XV ғасырдың 50-60 жылдары тарихта өте маңызды кезең екені белгілі. Сонау 1465 жылы қазақтың ең алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің "Қазақ хандығының" туын тіккеніне, міне, биыл 550 жыл толып отыр.
Жыл басынан бері елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай республикалық, облыстық деңгейде көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатыр. Оның ішінде ең ауқымдылары 11-13 қыркүйекте еліміздің бас қаласы Астанада өткен салтанатты жиын мен мерекелік концерт және 8 қазан күні Тараз қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен дүбірлі той. Бұл жиында қазақ мемлекетінің негізін қалаушы – Керей мен Жәнібек хандарға арналған ескерткіш ашылды.
Сондай үлкен шараның бірі Қарағанды облысына қарасты, қаншама тарихи уақиғаның куәгері болған қасиетті мекен Ұлытауда өтті. Онда келер ұрпаққа қалдырар құнды дүние – қазақ-жоңғар соғысының шешуші шайқасы болған жер "Байқоңыр" ауылында "Бұланты шайқасы" атты стелла орнатылды.
Бүкіл ел болып, республикалық деңгейде тойланып жатқан мерекені атап өтуде біздің кітапхана да шет қалған жоқ. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен қазақ тарихының көркем шежірешісі І.Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойларына арналған әдеби кештер, салтанатты жиындар, кітап көрмелері жыл бойы өткізіліп келеді.
Құрметті оқырман! Назарларыңызға 2015 жылдың айтулы мерекесі аясында "Ұлттың тарихи көшбасшылары" атты виртуалды кітап көрмесін ұсынып отырмыз.
Көрменің мақсаты – халқымыздың өткен тарихын жаңғыртып, тарих сахнасында өшпестей із қалдырған ұлы көшбасшыларымыздың есімдерін ұлықтау.
Көрме қазақ жерін мекендеген ру-тайпа, алғашқы мемлекеттер мен Қазақ хандығының құрылуынан бастап, тарихи даму жолы, соңынан ерген халықты ержүректігімен, көрегендігімен басқарған ұлы хандар жайлы сыр шертеді. Түркі халықтарының қара шаңырағы саналатын қазіргі Қазақстан Республикасының түп-тамыры Қазақ хандығының негізін қалаушы әрі тұңғыш хандары Керей мен Жәнібек хандар болса, хандықты Ресей мен Қытай сияқты алпауыт елдермен дипломатиялық қарым-қатынас жасай отырып, ірі мемлекет деңгейіне жеткізген – Абылай хан. Ал, Кенесары патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы шыққан, қазақ елінің азаттығын сақтап қаламын деп, ат үстінде күресіп өткен қазақтың соңғы ханы. Өз тарихы мен ұлы тұлғалар жайлы білгісі келетін барлық көпшілік қауымға арналған көрменің берері мол.
МАЗМҰНЫ: