Тарихқа көз жүгіртсек үш мың жылдық тарихы бар Қазақ елінің тарихында жиырмадан аса мемлекеттер мен мемлекеттік құрылымдар болған екен. Олардың алғашқылары Скиф, Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері болса, одан кейін Түрік, Батыс Түрік қағанаттары, Түргеш, Қарлұқ, Қарахандар, Қидан мемлекеттері, Қимақ, Оғыз, Қыпшақ хандықтары болып жалғасады. Одан әрі XIII ғасырдың басынан XV ғасырдың ортасына дейінгі Алтын Орда, Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы, Әбілқайыр хандығы атты мемлекеттер бірінен соң бірі өмір сүріп, тарихтың еншісінде қала берді. Ал сол ғасырдың ортасында бұрынғы Дешті Қыпшақ, қазіргі Қазақстан аумағындағы мемлекеттіліктің тарихи тізгінін Қазақ хандығы өз қолына алады да XIX ғасырдың 20-жылдарына дейін жеткізеді. Міне, сол кезеңдерден бастап бүгінгі күнге дейін көптеген сындардан өтіп келіп отырмыз.
ХV ғасырдың ортасы Моғолстан, Әбілқайыр хандығы т.б. мемлекеттердің дипломотиялық байланысы шиеленісіп тұрған қиын кезең болатын. Дәл осы уақытта Әбілқайыр хандығына сыйыса алмаған Керей мен Жәнібек сұлтандар қазақ халқының этникасын құрайтын көптеген ру-тайпаларды алып шығып, Шудың бойына Қазақ хандығының туын тігеді. Алғашында халқының саны аз хандыққа сырттан төнетін қауіптер шаш етектен болған. Дегенмен, сол уақытта Жәнібек пен Керей хандар Қазақ хандығын түрлі қауіптерден қорғап, болашаққа қарай жылжуына, дамуына жағдай жасады.
XV ғасырдың ортасынан XIX ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүрген Қазақ хандығы өзіне дейінгі мемлекеттер мен мемлекеттіліктің әрі жалғасы, әрі мұрагері болып саналады. Қазақ хандығының ең басты ерекшелігі – оның қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекет болуы. Құрылғаннан кейін пайда болған «қазақ» сөзі мемлекет атауына да, халықтың атауына да беріледі. Және осы атау қазіргі кезеңде ешбір өзгеріссіз қазақ халқына және оның мемлекеті – Қазақстан Республикасына қатысты қолданылып отыр.