Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы екі тұлғаның бірі – Керей хан. Тарихи әдебиеттерде оның есімі Кирай, Герей, Гирай, Керей түрінде кездеседі. Оның арғы ата-бабалары Моңғол империясының негізін қалаған – Шыңғысханнан басталып, Жошы ұлысының билеушісі – Жошы ханмен, Ақ Орданың билеушісі – Ордаеженмен жалғасады. Ал, бергі ата-бабалары – Алтын Орда мен Ақ Орданың ханы болған Орыс ханға кеп тіреледі де, Орыс ханнан Тоқтақия одан Болат, одан Керей хан шығады. 1457 жылы күз айының соңында туысы Жәнібек ханмен бірге қазақ хандығын құрайтын этникалық ру-тайпаларды Әбілхайыр хандығынан бөліп алып, Моғолстанның батысындағы Шу бойы мен Қозыбасы өңірі аралығына келіп қоныстанады. 1458 жылдың ерте көктемінде өз ұлыстары ақ киізге көтеріп хан сайлайды. Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай басқарады. Хан тауы етегінде жерленген. Туған жылы белгісіз. XV ғасырдың 70-жылдарының басында қайтыс болған. Бірақ, қандай жағдайда қайтыс болғандығы туралы нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болған. Олар Бұрындық хан, Қожа-Мұхамед және Сұлтан-Әлі. Олардың ішінде Бұрындық хан Қазақ хандығын 30 жылдан астам билейді. Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді.
Жәнібек хан – қазақ тарихында туысқан ағасы Керей ханмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаушы белгілі тұлға және екінші қазақ ханы. Шын есімі – Әбу Сайд. Оның да арғы ата – бабалары – Шыңғыс хан, Жошы хандар. Бергі аталары – тарихта есімі қалған Орыс хан, одан Қойыршақ хан, одан Барақ хан. Жәнібек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Жәнібек хан Керей ханнан соң билікке келеді. 6-7 жыл билік жүргізеді. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылы Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына жасаған жорығында жеңіске жетеді. Екіншісі, 1463 жылы Әбілхайыр хан қайтыс болғаннан соң, көшпелі өзбектер мемлекетіне Сібірден – Ибақ хан, Алтын Ордадан – Ахмет хан, Ноғай ордасынан – Мұса мен Жаңбыршы билер, Хорезмнен – Береке сұлтан, ал Қазақ хандығынан Жәнібек хан қарсы шығады. 1470 жылдың басында Шайх-Хайдар хан өлтірілген соң, көшпелі өзбектер мемлекеті толық күйреп, Дешті Қыпшақтың басым бөлігінде Жәнібек хан басқарып отырған Қазақ хандығы билік етеді. Қазақ хандығының құрылуының соңғы кезеңі Жәнібек ханның тұсында табысты аяқталады. Осы тұста Қазақ хандығы өз алдына жеке мемлекет болады. Ол шамамен 1473-1474 жылы қайтыс болады. Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұд, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдың соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың екінші жартысында Жінібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар – Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді.