Абылай хан – қазақ тарихында аты аңызға айналған Қазақ Ордасының ханы, Қазақ мемлекетінің тарихындағы аса көрнекті мемлекет қайраткері. 1743 жылға дейін Орта жүздің сұлтаны болған. Әбілмамбет хан қаза болған соң, Абылай Ұлы жүздің ханы болады.
Абылай ханның ата-бабалары Шыңғысханның ұлы Жошы ханның ұрпағы болып табылатын, Қазақ Ордасының негізін қалаған Әз Жәнібектен тараған.
Әбілмансұрдың әкесі жау қолынан қаза табады. Абылай жастайынан қиындықты көп көреді және Ораз құлға арқа сүйеп өседі. Ол жас кезінен ақ Отан қорғау жолында ерекше жауынгерлік қасиеттерімен танылады. Қашанда қанды шайқастардың бел ортасында жүреді, әсіресе жекпе-жекте ерен ерлік көрсетеді. Қалың халық бұқарасына оны әйгілі еткен ірі жеңіске ол Әбілмәмбет бастаған қазақ жауынгерлерінің жоңғарлармен болған шайқасында қол жеткізді. Бұл ұрыста 20 жасар Әбілмансұр қалмақтардың қоңтайшысы Қалдан – Сереннің ұлы Шарышты жекпе-жекте өлтіреді. Жиырма жасында хан сайланған Абылай жарты ғасырға жуық хандықты аброймен басқарады. Ол зерделі саясаткер, білімдар дипломат, дарынды қолбасшы болды. Оның көздеген мақсаты мемлеетті нығайту еді. Ол сыртқы жаулардан қорғану үшін үш жүзді біріктіруді жүзеге асырады.
1743 жылы Түркістан қаласында үш жүздің хандары, сұлтандары, батырлары бір тудың астына бірігіп, Абылайды ресми түрде Қазақ ханы етіп сайлайды. Абылай Қазақ мемлекетін нығайту мен оның тәуелсіздігін сақтау жолында көп еңбек сіңірді. Ол билік құрған кездерде алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды, Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды.
1752 жылы жоңғар басшысы Лама-Доржы қазақ жеріне қарақшылық шабуыл жасағанда, Абылай хан бастаған қазақ әскері оларға ойсырата тойтарыс береді. Абылайдың арғы есебі жоңғарларды жеңіп, оларды қазақтардың ықпалына көндіру, Қытаймен және Ресеймен терезесі тең мемлекет орнату еді. Бұл мақсатта 1753-1754 жылдары ол Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Өтеген сынды батырларымен бірге қалмақ ұлыстарына шабуылды үдете түсті. 1755 жылдың көктемінде сарбаздардың жемісті жорықтары жалғаса берді. Ақыры, ойраттар мен қазақтардың арасында 200 жылға созылған сұрапыл соғыста қазақ халқы түпкілікті жеңіске жетті.