Қазақ халқының тәуелсіздігі мен болашағы үшін жанталасып өткен ұлы тұлғаның бірі – Кенесары хан. Ол 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Туған кезде өте кішкентай, шашы сары болған екен. Сол себепті есімі Кенесары деп қойылған. Шыңғысханның жиырма жетінші ұрпағы Абылай ханның немересі. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Қалдан – Сереннің қызынан дүниеге келген Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынан шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, төзімді болып тәрбиеленеді.
1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кененің әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап тұрды, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты. Міне, солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымов та мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбектер атқарды. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін ол жете түсінді.
Кенесары қолы алғашқы әрекетін 1838 жылдың көктемінде Ақмола бекінісін қоршап, өртеуден бастады. Қамал бастығы әскери старшина Карбышев пен Ақмола аумағының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин төнген ажалдан құтылып кетті.
1841 жылы Кенесары Қасымов хан сайланды, оның саясатының басты мақсаты – қазақ хандығын қайта қалпына келтіру болды. Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды қамтуымен ерекшеленді. Үш жүздің қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты. 1843 жылы 27 шілдеде Николай I империя құрамындағы қазақ хандығына қарсы ең көлемді әскери қозғалыстарға рұқсат беретін басқа мемлекет болмауы тиіс деген қарарға қол қойды. Бір кезеңде патша әскерлерімен және ымыраға келмес сұлтандармен күрес жүргізген Кенесары 1843-1844 жылдары біраз жеңістерге қол жеткізсе де, шегінуге мәжбүр болды. Шегіне келе, Кенесары қырғыз жеріне шекаралас Ұлы жүздің аумағына орналасты. Ханның келесі бағыты қырғыз халқын орыс отаршылдығына қарсы ортақ күреске көтеру болды, алайда ол манаптар тарапынан күшті тойтарысқа тап болды. Кенесары Қасымов 1895 жылы Тоқмақ маңындағы екі жақтың күші тең емес шайқаста қаза болады.
Кенесары хан қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдырды. Елім деп өткен Кенесары ханның есімі халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.