Шынболат Ділдебаев (1937-1998) Сыр сүлейлерінің сарқытын ішіп, Арқаның ақтанкерлерінің жолын қуған, есімі бүкіл республикаға танымал ақын, жыршы, термеші, өнердің ерен жүйрігі, ұлтымызға белгілі өнер саңлақтарының бірі. 80-жылдардан республикалық ақындар айтысына жиі қатысып, жүлделі орындарға ие болды, шебер термешілдігімен танылды.
Шынболаттың заман, адам туралы толғаулары өршіл ақынның асқақ рухын, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін аңғартады. ("Шындық" "Оңашада", "Тынымсыз шақ", "Тәуелсіз ел Қазақстан" т. б.). Ақынның "Кенші сыры" (1993), "Жылжиды жылдар" (1997) өлендер жинағы жарық көрді.Кештің негізгі мақсаты – Ш.Ділдебаевтың туындыларын әр өскелең ұрпақтың жүрегіне дарыту, бойына сіңіру. Оқырманның отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, туған жеріне, атамекеніне деген сүйіспеншіліктерін арттыруға дұрыс бағыт-бағдар беру, өз елінің тарихын сыйлауға үйрету, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, адалдыққа, адамгершілікке баулу. Осы кешке арнайы шақырылған Шынболат Ділдебаевтың жары Қоңырбайқызы Гүлсара, қызы Ділдебаева Шолпанай, немересі Қайсарұлы Айдын Сәтбаев қаласынан келді.Кештің шымылдығын бас ақынмен кезінде қатарлас жүрген жас ақын Қойлыбай Дәулетханұлы Шынкеңнің өнер жолындағы естеліктерімен ашты. Арқалы жырдың ардағы - Шынболат Ділдебаевқа қандай құрмет көрсетілсе де, оның рухын қалай дәріптеп, қалай көтерсе де артық еместігі жайлы ойын ортаға салды.Сонымен қатар, кеш барысында Ш.Ділдебаевтың өмірі туралы және шығармашылығының қазақ әдебиетінде алатын орны жайлы айтыскер ақын Мақсұтов Қуаныш, ақын Омаров Ермек әңгіме өрбітті.Ақынның жары Г.Қоңырбайқызы Ш.Ділдебаевтың шығармашылығы жайлы оқырмандармен ой бөлісіп, әдебиетке, өнерге жақын жауқазын жастардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берсе, немересі Айдын ата өнерінің жалғастырушы ретінде Шынболаттың толғауын орындады.
Сонымен қатар қызы Шолпанай әкесі жайлы толғана әңгімелеп, оқырманға осындай көл-көсір қуаныш сыйлаған кешті ұйымдастыруға атсалысқан кітапхана ұжымына алғысын білдірді. Өзі өмірден өтсе де сөзі жердің жүзін шарлап кеткен, өнер әлемінде Шындық болып самғаған Шынболат Ділдебаев туған халқының жүрегінде мәңгі жасай бермек деп кітапхана директоры Д.Б.Аманжолова Шынболаттың зайыбы Гүлсараның иығына қамзол жауып, қызы Шолпанайға гүл шоқтарын сыйлады."Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері оқыған жырлар ақын жарының жүрегін толқытып, көзіне жас алдырды. Жас ақындарға риза болған Гүлсара апай ақ батасымен Шынболат ақынның кітаптарын сыйға тартты. Кеш соңында "Арқаның ақтаңгері" атты кітап көрмесіне әдеби шолу жасалады.Ең бастысы, оқырман өнер ләззатына бөленді. Шынболат Ділдебаев тәрізді тарланымен қайта қауышқандай күй кешті.