Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасын, халық мұрасын тірнектеп жинап, хаттап қағазға түсіріп, рухани әлеміміздің ұмытылмауына өлшеусіз үлес қосып кеткен қазақтану ілімінің қара нары Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына арналған «Арқа даласы – Ақселеу әлемінде» атты өлкетанулық әдеби-марафоны - «Ұлы даланың Ақселеуі» атты әдеби-сазды кешімен Ақаңның туған күні 12 желтоқсан күні өз мәресіне жетті. Аталмыш әдеби-марафонының қорытынды кеші.
XX ғасыр басында ұлт көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ жоқ іздеуші» дегенін, осындай ізгі мұратқа адал болғандардың бірі Ақселеу Сейдімбек екенін Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында осы жылдың наурыз айынан бастап «Арқа даласы – Ақселеу әлемінде» атты өлкетанулық әдеби-марафоныарқылы біраз оқырман білді. Жыл бойы кітапхана қабырғасында әдеби-марафон аясында Ақаңның өмір мен шығармашылығына арналған түрлі форматтағы іс-шаралар өтті. Атап айтсақ, ақпараттық сағат, мектеп мұғалімдері арасында ғылыми-тәжірибе алмасу алаңы, кездесулер, «Естеліктегі Ақселеу» атты тікелей эфирлер, ғылыми дәрістер, кітапханашылар арасындағы «Мен оқыдым, Сізге де оқуға кеңес беремін» буктрейлер байқауы, виртуалды экскурсиялар өтті.
Іс-шараға Ақаңмен жіті таныс, сыйлас-пікірлес болған ақын-жазушылар, ғалымдар, туған-туысқандары қатысты.
Жазушы, Шет ауданының Құрметті азаматы Ө. Кәріпұлы, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткері С.Ж. Жанысбай, жазушы, этнограф, өлкетанушы Т.Ә. Майбас, ф.ғ.д., профессор Б.С. Рахымов, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж. Кемалов, еңбек ардагері, күйші Е.Ж. Жәнібеков, ҚР Мәдениет қайраткері, тележурналист Ә.М. Тойжігіт, Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысытық филиалының төрағасы, ақын Ж. Жаңқашұлы ұлт жанашыры А. Сейдімбектің үлгі болар өмірі мен шығармашылығы туралы ой толғады. Асылымызды еске алып, бір сәт өткенге көз тастады. Саналы ғұмырын ел ертеңінің жарқын болуына арнаған өр тұлғаның есімі дәріптеген кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
Кеш шымылдығыҚ.Байжанов атындағы КБ «Арқа сазы» ансамблінің орындауындағы Ықыластың күйі «Жезкиік» пен Абылайдың «Шаңды жорық» күйімен ашылды. Республикалық конкурстардың лауреаттары Қ. Ыбышев пен Е. Базарбеков «Сарыарқа», «Дәуренай» әндерін шырқады. Көпшілік қауымның сұрауымен әнші Ж. Кемалов «Айбозым әнін орындады.Әнді тыңдай отырып, Ақаңның ғасырларда есесі кеткен елінің өнерін өрнектегенін, тарихын түгендегенін, дәстүрін дәуірлеткенін сезінесін.
Сонымен бірге, Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің 3 курс студенті Жаннұр Нұржанның оқыған А.Сейдімбектің «Бақ, дәулет және аман» ертегісі оқырман қауымға ой тастады.
Ардақтайтын халық барда Ақселеу Сланұлының есімі ешқашан ұмытылмайтыны, осындай танымдық шаралардың дәлелі. Қазақ этнографиясына, тарихы мен әдебиетіне айшықты із қалдырған тұлғаға ұрпақ құрметі шексіз.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы С.О.Телпекбаева