Күні кеше «Жыр-Жауһар» шығармашыл жастар орталығының ұйымдастыруымен, Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен үзеңгі қағысып жыр додасында қатар шауып келе жатқан жас ақындар Нұрдәулет Бақытұлы мен Тілеужан Ерқанатұлының кітапханамызда  «Жалын. Жүрек. Жыр...» атты шығармашылық кеші өтті.

Іс-шараның басты мақсаты - өнер өлкесіне қанат қағып келе жатқан жас таланттарды қолдау. Аға буын мен жастардың арасында үзеңгілестік орнату. Жастарға замандастарын үлгі етіп көрсету арқылы, тұлғалық болмысын қалыптастыруға талпындыру.

Ия, сезімге толы сырлы кештің шымылдығын тал шыбықтай бұралған, аққудай сұлу қос бірдей бойжеткен ақындардың өлеңімен ашып берді. Сахнаның сәнін келтірген сұлулар құдды бір екі ақынның музасындай көрінгені де көпшілікке мәлім. Ақындар бір-бір шоқ гүлін қыздарға табыстап, орындарына жайғастырды. Әрмен қарай өлеңдерін оқып, авторлық әндерін де орындады. Нұрдәулет Бақытұлы жастайынан арғымақтың жалын тартып мінген бозбала, есейе келе жыр жалына жармасқаны көрініп-ақ тұр. Оған осы бір өлеңі дәлел:

«Көздеріне қуат алам қарасам,

Тұлпар мінсем тектілікпен жарасам.

Тұлпар мінсем бар қайғыны ұмытып,

Бақытпенен қауышамын орасын» десе, Тілеужан Ерқанатұлының өлеңдерінде махаббат пен ғадауат, есейген сайын бозбала күніне деген сарқылмас сағыныш жатты. Ол бір өлеңінде:

«Ешкімнің де қоңырауын күткем жоқ,

Сүю, күю ондай ойлар тіптен жоқ.

Жас жүрекке сала алмаймын ауырлық,

Менің әлі балалығым біткен жоқ» дейді. Жастардың лирикаға толы өлеңдері әсіресе көрермен болып келген студенттердің жүректерін селк еткізбей қоймады. Жыр кешінің жоғары деңгейде өткенін көрермендердің шабытқа толы қол соққандары айқындап тұрды.

Кешке Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университитеті филология факультетінің деканы - Елдос Түйте бастаған бір топ ұстаздар, Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы – Нұржан Ағыбайұлы, Ақын, Әлихан Бөкейханов атындағы мектептің директоры – Айнұр Тұрсынбекқызы шайырлардың шашбауын көтеріп келіп ізгі тілектерін айтып, сый-сыйапаттарын табыс етті.

Кеш соңында кітапханамыздың басшысы Аманжолова Дина Базарбайқызы ақындарға ізгі лебізін жеткізіп кешті қортындылады. Ақындар Дина Базарбайқызы мен кештің басы-қасында жүрген Эльмира Сайлауқызына кештерінің осындай жоғары деңгейде өтуіне себепкер болағандары үшін алғыстарын айтып, гүл шоқтарын табыс етті.

 

«Жыр-Жауһар» шығармашылық орталығының жетекшісі-Б.Ноғайбайұлы