Биыл аңыз-әнші Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып, әншінің есімі Алматы қаласында Республикалық «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына берілді сонымен қоса, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдында ескерткіш орнатылды. Көзі тірісінде аты аңызға айналған Роза Тәжібайқызы майдан даласында ән салып, әсем дауысымен бүкіл әлемді тамсандырды.
2020 жылдан бастап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп», «Оқитын колледж« жобалары іске асырылуда. Осы жоба аясында кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөлімінің кітапханашылары Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде «Ел еркесі - Роза» атты ақпараттық сағат ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты: Жас оқырмандарды кітап оқуға қызығушылығын арттыру, әншінің өмірі мен шығармашылығын дәріптеу.
Аталмыш шара барысында әншінің мерейтойы аясында жарық көрген «Роза Бағланова» (Алматы, 2021) атты кітап-альбомының таныстырылымы өтті. Кітаптың алғашқы парағында әншінің авторлық қолтаңбасы көрсетілген. Бұл кітап-альбомда өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған Роза Тәжібайқызының өмір белестерінің суреттері мен жеткен жетістіктері топтастырылған.
Сонымен бірге, осы уақытқа дейін әнші жайлы бірнеше кітап жарыққа шыққан бірегей кітаптар оқырмандар назарына ұсынылды. Соның бірі, ақын, сазгер Бәкір Тәжібаевтың «Біздің Роза» (Алматы, 1969) атты кітабы. Бұл құнды кітаптың бірінші бетінде классик жазушы Сәбит Мұқановтің әншіге арналған өлеңі басылған:
Киіктің үйіріліп асығындай,
Ойнақшып тәтті әндерге басуын - ай!
Таулардан, өзендерден, мұхиттардан
Үнінің кідірместен асуын - ай!..
Жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың «Ақ құс» (Алматы, 1984) және «Жайдарман» (Алматы, 1993) атты қос кітабында қалың оқырманға берері көп, әншінің өнердегі өнегелі өмірімен қоса концерттік сапарлармен аралаған жерлері туралы хабардар ететін фотоматериалдар берілген.
Оқырман қауым берері мол шара соңында әншінің өнердегі өнегелі өміріне байланысты викториналық сұрақтарға қызығушылық танытып жауап берді.
«Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу мүмкін емес», – деп Серке Қожамқұлов ағамыз айтпақшы, адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші.