Биыл Астана ресми түрде елорда мәртебесіне ие болғанына 25 жыл толады. 1997 жылғы 10 желтоқсанда Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев тиісті жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезеңнен бастап, қазір Астана Еуразия құрлығының саяси және экономикалық орталығы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Астана – жаңаның бейнесі. Бұл біздің республикамыздың тәуелсіздігінің нышаны» деп атап өткен болатын.

 

Астана қазір тек Елорда ғана емес, Қазақстанның іскерлік, өнеркәсіптік, энергетикалық және көлік торабы болып табылады. Мұнда қаржылық, әлемдік деңгейдегі жоғары деңгейлі білім беру орталықтары, үлкен масштабтағы теңдесі жоқ құрылыстар, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі саласында да, әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялар саласында да ең перспективалы және қарқынды дамып келе жатқан салалар шоғырланған.

Елорданың мерейтойы қарсаңында кітапхана «Әлем картасында Қазақстанның астанасы» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Кітап көрмесінде ұлы даланың ажарына айналған Астана қаласының тарихымен, қарыштап дамып келе жатқан экономикасымен, әсем сәулет өнерімен, күнделікті тыныс-тіршілігімен таныстыратын түрлі-түсті ірі форматты басылымдар, энциклопедиялар, анықтамалықтар, кітаптар, газет мақалалары қойылған. Солардың бір қатарын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз:

«Тарих таңдаған Астана» және «Астана ғасырлары» атты  еңбектері  жазушы, публицист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алдан Смайылдың ежелгі Ақмола – Қараөткел өңірінің тарихын ұзақ уақыт зерттеудің нәтижесінде жазылған тарихи деректемелік туынды.

Жергілікті автор Марат Әбсеметовтың «Астана – мыңжылдық тарихы бар қала» атты кітабы елбасы Жарлығымен және Парламенттің Қаулысымен 1997 жылы 10 желтоқсанда Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жариялағаннан бастап Ақмола қаласы жайлы аңыздар мен хикаялары топтастырылған.

Жиырма жыл ішінде жаңа дәуірдің жасампаз шаһарына айналып үлгерген Астана ақын, композиторлар шығармаларына  да тың тақырып, жаңа серпін әкелді. Олардың ойлы өлең, отты жырларынан, елорданың келбет – көркін, тыныс – тіршілігін аңғартатын Сәдібек Түгелдің «Астана хикаялары» (Астана, 2014),Сәуле Досжанның «Арман қаласы» (Алматы, 2011),Кәкімбек Салықовтың «Астана елдің ажары» (Астана, 2013) және «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Астана жыр құшағында, ән қанатында» (Астана, 2018)  кітаптарын ерекше атап өткен жөн.

Сондай-ақ көрмедегі кітаптармен қоса мерзімді басылымдарда жарық көреген мақалалары да ұсынылған. Мәселен, Абай Отардың 2022 жылғы 18 қыркүйектегі «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Астана-бас қала» атты мақаласында еліміздің бас қаласындағы саяси даму кезеңдері, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға және Қазақстандағы демократиялық парламентаризмді дамытуға ықпал ететін жас парламентшілердің заң шығару бастамалары туралы баяндаса, 2022 жылғы 19 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетінде Асел Муканованың «Астана как символ перемен»атты мақаласында Отанымыздың астанасы – Астана, оның тарихы мен қалыптасуы туралы айтылады.

Құрметті оқырмандар! Жаңа Елорда қысқа мерзім ішінде жалпы ұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің Тәуелсіздігінің символына және жаһандық табысына айналғанын білгіңіз келсе осы аталған кітаптардан  толықтай мағлұмат ала аласыздар. 

 

Оқу залдары бөлімінің

 кітапханашысы: Майданбекова А.