Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың отансүйгіштік сезімін, білім мен біліктілігін, дағдысы мен шеберлігін, асқақ адамшылық және адамгершілік қадір – қасиеттерін, жаңа дүниетанымдық көзқарастарын, салауаттылық дағдыларын, ұнамды мінез – құлық нормаларын, рухани – адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігін ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев үнемі еске салады.
Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден – бір жолы адамның рухани байлығын арттыру. "Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне опат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие" - деп Әл-Фараби айтқандай, негізгі мәселенің бірі - тәрбие. Рухани тәрбие ең бірінші біздің имандылығымыз. Рухани – адамгершілік тәрбиесі қоғамның барлық сатысында зерттеу нысаны болып отырғаны баршаға белгілі. Рухани – адамгершілік құндылықтар мәні, тәрбиелік маңызы туралы қазақ ғұламаларының, қоғам қайраткерлері мен ағартушы – педагогтарының, ой – пікірлері мен көзқарастары бар. Бүгінгі таңда сұраныс қоғамдағы ізгілікке, руханилыққа бет бұрғызып, оқу – тәрбие жұмысын рухани – адамгершілік тәрбие негізінде ұйымдастырып, рухани – адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру қажеттілігін айқындап отыр.
Адамгершілік – адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады. Бұл қасиет адамды мейірімділікке, Отанын, елін, отбасын сүюге үйретеді. Рухани тәрбие – өзіндік сананы дамытуға жағдай жасауды, жеке тұлғаның әдеп ұстанымын, оның қоғам өмірінің нормаларымен, дәстүрлерімен келістірілетін моральдік қасиеттерін және бағдарларын қалыптастыруды болжайды.
18 қазанда 1992 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Конгреске қатысушылар 18 қазан - рухани келісім күні қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу күні, татулық іздеу күні, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдады. 1992 жылдан бастап бұл күн Қазақстанда атаулы күн ретінде атап өтіліп жатыр.
Осыған орай біздің кітапханамызда Қарағанды облысының дін істері басқармасының ұйымдастыруымен Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың базасында кездесу өтті.
Кездесу спикерлері Қарағанды облысының дін істері басқармасының басшысы – Халел Дулат Қанышұлы, "Сарыарқа ақпарат" медиахолдингінің директоры – Ахметов Қамбар Жұмағалиұлы, Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі – Тулегенов Дулат Рашидұлы.
Кездесу барысында діни келісім, бірлік пен тұрақтылық, рухани тәрбие жайлы мәселелер қозғалды. Рухани тәрбие дегеніміз – ең бірінші Алланы таныту (Алладан қорқу, құлшылық жасау, иман келтіру), Екіншіден құран, намаз үйрену. Үшіншіден қазақ халқы ұрпағын үш нәрсемен тәрбиелеген: обал, сауап, ұят болады деген. Төртіншіден білімге құштарлық жайлы жан – жақты мағлұматтар, ұлттық тәрбие мәселелері жайлы қозғалса және діни құндылықтарға, өзінің мінез құлқын жетілдіруге, түрлі мәдени нанымның бірлігіне, өз ата – анасына, отан, қоғам алдындағы парызын, адамгершілік сезімімен ұрпақ тәрбиесі жайлы біраз мағлұматтарын жас оқырмандарға айтылды.
"Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата – ана үлгісі" – деп Ы.Алтынсарин атамыз айтқандай, құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру баланың туғанынан басталуы керек. Халықта "Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың" деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен педагогтар шешуші роль атқарады. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі жыл сайын атап өтілетін, 18 қазан – ұлтаралық татулық пен рухани келісім күнімен тығыз байланысты. Ұлтымыз бен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін күш — қоғамдағы тұрақтылық пен келісім. Бейбітшілік бар жерде береке жүретінін тарих дәлелдеп отыр. "Біз – бір елміз, біртұтас халықпыз" деп айту әбден орынды.
Қорыта келе, мемлекетіміздің болашағы, еліміздің ертеңі – қазіргі Қазақстан жастары. Біздің бойымыздағы рухани – адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы қоғам игілігі үшін маңызды.
Оқу залы бөлімінің кітапханашысы: Шохшина Ж.С.