Көктемнің алғашқы күні – Қазақ даласында Алғыс айту күні. Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген мемлекеттік мереке аз уақыт ішінде бұқаралық сипат алып үлгерді.
Алғыс айту күні – сан сынақтан бірге өткен халықтың бірлігін арттырып, қандай кездерде де өзара сенімділігі мен құрметі орныға түсуіне негіз болды.
Биыл еліміз үшін ең қастерлі құндылық - егемендігіміздің еңсе тіктеген елеулі 30 жылына қадам бастық. Осы жылдар ішінде Қазақстан ұлттар достығының алтын бесігі саналды. Айрандай ұйыған татулық пен берекенің ұйтқысы бола білді. Тағдырдың түрлі сынағын бастан кешкен халықтар жан-жақтан ағылып келгенде, бауырмалдық танытып, барша жұрттың баласына құшағын кең ашты. Олар қазақ даласында өсіп-өркендеп, кеңге құшақ жайды.
Осы айтулы мереке қарсаңында оқу залдары бөлімінде "Алғысым шексіз халқыма!" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесінің мақсаты - Өз бірлігімізді, бірегейлігімізді сезіну, этностардың бір-біріне деген мейірімін, сыйластығын, тұтастығын одан әрі нығайту.
Көрмеде ЕлбасыН. Назарбаевтың "Мәңгілік ел. Ғасырға бергісіз жылдар" атты туындысы басты назарда. А. Қалыштың "Қазіргі Қазақстандағы этникалық және этномәдени процестер" еңбегінде Республика халықтарының этникалық және этномәдени процестерінің өрбу, даму, қалыптасу мәселелері теориялық тұрғыда қарастырылған.
"Қазақстан халқы" және "Қазақстан" атты энциклопедиялар көпэтносты қоғамның қалыптасуы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы мен дамуы жайлы, жалпыұлттық бірліктің дамуына үлес қосқан тұлғалар туралы деректер береді. "Ортақ үйімізде татулық пен келісім болсын" кітабы қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту жайлы ой толғайды. Е. Шаймерденұлының "Мәңгілік мұрат" атты еңбегі ой қазына, қанатты ойлар жинақталған кітап. Татулық пен ынтымақтың төбесі көрінген жерде ғана тұтастық пен елдіктің туы көтеріледі. Қазақстан жерінен пана тауып, ұрпақ өрбіткен ұлттар жайлы еңбектер "Из истории поляков в Казахстане", Н. Надировтың "Мы курды - Казахстанцы", М. Увайсовтың "Дагестанцы в Казахстане", В. Канның "Корейцы Казахстана" деп аталады.
Сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарық көрген риясыз таза көңілден шыққан алғыстар легінде де шек жоқ. "Егемен Қазақстан" газетінің 2021 жылғы 25 ақпандағы санында жарық көрген В.Тохтасуновтың "Отанымызға шексіз ризамыз" атты мақаласы бүгінгідей әлемді коронавирус індеті өз құрсауына алған күрделі заманда бір – бірімізді дұрыс түсініп, кез келген қауіп қатерге бірлігіміз, достығымыз арқылы қарсы тұрамыз деп ой толғайды. Орталық Қазақстан газеті 2020 жылғы 29 ақпан күні жарық көрген Е. Шульцтың "Жан жылуы" атты мақаласы құндылықтарын сақтауға мүмкіндік жасаған қазақ еліне, барша Қазақстан халқына бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқаны үшін алғыстарын білдіруге арналған. "Дәстүр" журналының №2 санында шыққан Ж. Түймебаевтың "Алғыс айту күні – бейбітшілік пен келісім саясатын айшықтайтын айтулы мереке" мақаласы береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келе жатқанын атап көрсетті.
Нағыз алғыс - жылы жүректен, риясыз көңілден шығатын әсем сезім. Ортақ Отанымызды мекендеген түрлі этнос өкілдері бұл күні қасиетті қазақ даласына, бауырмал қазақ халқына ризашылықтарын білдіреді.
Бұл күн - бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн - мейірімділіктің, қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болмақ!
Оқу залдары бөлімі кітапханашы К. Айтбаева