Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі, ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Саят Қамшыгер 1978 жылы 1 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Кезеңсу ауылында дүниеге келген.

Алматы мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін 1999 жылы үздік аяқтаған. Әр жылдарда Алматы қаласындағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназияда мұғалім, Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын республикалық мектеп-интернатта оқытушы, «Қайнар» университетінде аға оқытушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып еңбек еткен. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Проза, сатира жанрлары бойынша әдеби кеңесші.

1996 жылғы «Поэзия көктемі» жыр мүшәйрасының жеңімпазы, 1998 жылы «Жұлдыз» журналы ұйымдастырған Артығали Ыбыраев атындағы жас ақындар мүшәйрасының, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған мүшәйраның, Астананың 10 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның, «Алаш және рух» жыр мүшәйрасының жүлдегері.

1999 жылы «Білім» баспасынан шыққан «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» атты студент ақындардың жыр жинағына, 2006 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жас толқын» ұжымдық жинағына өлеңдері енген. 2001 жылы «Отырар кітапханасы» сериясымен «Сары гүл» атты тұңғыш кітабы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. 2008 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Жүректегі ағыстар» атты жыр жинағының авторы. «Сәуір құрылтайы. 2002 жыл» (2007), «Алматының жүрегіндей Алмалы» (2006) кітаптарының құрастырушысы.

Ауылға деген мәңгілік сағыныш Саят жырларының да үзілмес арқауы. «Досым келді» деген өлеңінде ауылдан бала кездегі досы келгендегі тебіреніске түскен көңіл күйін әдемі суреттеген. Досы оны ауылына ғана емес, алыстағы балалық шағына да бір мезгіл қайта оралтқандай болады:

Қимай-қимай досыма қол бұлғаймын,

Ұзап бара жатқандай балалығым.

Досына арнаған осы туындысы 2008 жылы «Жүректегі ағыстар» жыр жинағына енген. 2009 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан. Ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы «Бәріміздің жүрегімізде досымызға жазылмаған жүз өлең бар. Сенің өлеңің жаныма жылы көрінді. Жақсы шығарылған екен. Маған керемет ұнады» деп шығармашылығына ақ жол тілеген.

Ақын шығармашылығынан бүгінгі уақыт шындығы көрініс береді. «Жүректегі ағыстар» кітабында:

Жақсы жандар, келіңдерші бос тұр ғой,

Жүрегімнің бөлмелері қаңырап! - деп өзінің рухани әлеміне шақырады.

Ақынның жүрегі тазалыққа құштар, өзгелердің де бойынан тазалықты іздейді. «Тазалықты аңсаймын. Бірақ бар ма бұл күндері тазалық?» деп сұрақ тастап, жанайқайын жеткізетін «Жүректегі ағыстар» кітабында тың теңеулер мен әсерлі ой оралымдары жиі кездеседі.

Ақындық – ол ақын боп жүру емес,

Жеткен ойды түйсіну ғарыштан мың, – деп өзі айтқандай, асқақ рухпен суарылған жаңа жырлары оқырмандар көңілінен шығуда.

Шығармалары:

  1. Қамшыгер С. Сары гүл: өлеңдер / С.Қамшыгер– Алматы: Жазушы. - 2001. – 40 б. - (Отырар кітапханасы).
  2. Қамшыгер С. Сен бе екенсің?..:өлеңдер / С.Қамшыгер // Жұлдыз. – 2001. - №8. – 78-79 б.
  3. Қамшыгер С. Жүруші ем сол әсерден шыға алмай...:өлең / С.Қамшыгер // Таң-Шолпан. – 2002. - №5. – 46-49 б.
  4. Қамшыгер, С. Мен көктемнің өлеңі [Мәтін] : өлеңдер / С. Қамшыгер // Жұлдыз. - 2010. - № 5. - 134-136 б.
  5. Қамшыгер, С. Жүректегі ағыстар [Мәтін] / С. Қамшыгер. - Алматы : Жалын, 2008. - 80 б. - (Жас толқын).
  6. Қазақстан жазушылары [Мәтін]: анықтамалық : 75 жыл / құраст. С. Қамшыгер. - Алматы : Ан Арыс, 2009. - 480 б.
  7. Қамшыгер, С. Мінезімді жырларымнан танырсың... [Мәтін] / С. Қамшыгер // Таң-Шолпан. - 2010. - № 3. - 92-103 б.
  8. Қамшыгер, С. Көзімде – жас, Жүрегімде – сағыныш..:өлең / С.Қамшыгер // - Қазақ әдебиеті. – 2012. – 12-18 қазан (42). – 8б.

Мақалалары:

Қамшыгер С. Сабырбай Ақтайлақұлы (1775- 1865) / С.Қамшыгер // Абай. – 2005. - №3. – 61-66 б.

Ол туралы:

1) Қамшыгер Саят // Қазақстан жазушылары: XX ғасыр. Анықтамалық. – Алматы: Ана тілі, 2004. – 179 б.

2) Қамшыгер Саят // Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық / бас сарапшы Б.Әбдіғалиев. – Алматы, 2005. – 313 б.

3) Қ.Шағыр. Әуезе - Дала мен Қала.