Позитивті эмоциялар мен шабыттың қызықты әлеміне ену мүмкіндігіне ие болған жастарымыз Қарқаралының ежелгі тарихымен, ғажайып табиғатымен және бар ғұмырын қазақ өлеңіне арнаған Қасымның туған жері мен дауылпаз жырларымен жүздесіп қайтты.

Қасым Аманжолов – қазақ рухының алтын діңгегі. Қасымтануға өз үлесін қосып келе жатқан кітапхананың дәстүрлі Қасым Аманжолов оқулары шығармашыл жастар арасында кеңінен танымал. Осы жоба аясында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қарағанды жоғары оқу орындары студенттерінің арасында  «ШЫҚШЫ ТАУҒА, ҚАРАШЫ КЕҢ ДАЛАҢА...» атты өлкетанулық экспедиция өз мәресіне жетті.

Экспедиция Қарағанды – Қарқаралы - Қасым ауылы – Сарыобалы – Қарқаралы – Қарағандытуристік маршрут бойынша іске асты. Шараға қатысқан Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-нің «Dayul»,  Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-нің «Сағынов жастары», Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр», Қазтұтынуодағы ҚарУ-нің «Бірлік», «Bolashaq» академиясының «Жауһар» топтарының өте жауапкершілікпен даярланғаны, өз өмірлерін техникамен байланыс­тырған жастардың әдебиетке деген құлшыныстары баршамызды бір серпілтіп тастады.

Осы топтарға әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында жазушы, республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы (қазылар алқасының төрағасы) Серік Сағынтай, Қ. Байжанов атындағы КБ-тің әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сырым Хордин және Қасым Аманжолов ауылдық округі әкімі Ербол Исатайұлы Жоламан болды.

Әлқиса.

Ғажап сұлулықтың мекені Қарқаралыға жеткенде бізді Қарқаралы қаласына кіре берістегі орналасқан қазақ даласындағы аналардың символы, есімін бір қауым ел ұранға айналдырған тарихи тұлға Қарқабат ананың ескірткіші алдында сән-салтанатпен қарсы алды. Барлығымызға бал қымыз бен ыстық бауырсақ ұсынды. Арқаның кербез сұлу, құт мекені – Қарқаралының ғажайып табиғатына тамсанып,  шатқалын өрлей, қара тасты жарып шыққан әсем қарағайларға қызыға қарап Қасым Аманжолов ауылдық округіне қалай жеткенімізді білмей қалдық.

Қарқаралының ежелгі тарихымен, ғажайып табиғатымен және бар ғұмырын қазақ өлеңіне арнаған Қасымның туған жері мен дауылпаз жырларымен жүздесуге  келген экспедиция қатысушыларын Қасым ауылының әкімі Е. Жоламан,  ауыл  мектебінің директоры М. Оспанқұлов бастаған ауыл тұрғындары Қасым ескерткіші алдында күтіп алды.

Экспедицияның алғашқы аялдамасы жазушы, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы Серік Сағынтай,   Қ. Байжанов атындағы КБ-тің әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сырым Хордин және осы өлкетанулық экспедициясын ұйымдастырушыларыН.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Айнұр Шаймуханбетова бастаған кітапхана қызметкерлері мен студенттердіңҚасым Аманжолов ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қоюдан басталды.

Мектеп оқушылары Қасымның өлеңдерін жатқа оқыды, қатысушы топтар өздерін таныстырып, ұрандарын айтты. Қасымның жас кезіндегі бейнесі кескінделген ескерткіш 1991 жылы 5 шілдеде орнатылған, авторы жергілікті мүсінші Тоқтар Ермеков.

Елге деген сүйіспеншіліктің, ұлтқа деген махаббаттың асқақ рухы сезілетін Қасым өлеңдерін бүгінгі ұрпақ жатқа айтып, қасиетті бойтұмарындай сақтап келе жатқанын Қасым ауылынан Аққора елді мекеніне қарай жылжыдық. «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа...» атты өлкетанулық экспедициясы Аққора ауылына және бала Қасым су ішкен құдыққа келді.

Аққора ауылында 1987 жылы ауыл тұрғындары өз қаражаттарына Алматы қаласына тапсырыс беріп жасатқан ақынның ескерткіші бар. Ол ауыл мектебінің ауласына қойылған. Барлығымыз дауылпаз ақынның ескерткішіне гүл шоғын қойып, тағзым еттік. Содан Қасымның құдығына бет бұрдық. Жастардың Қасымды көбірек тани түссе деген ниетпен біраз жағдай жасалған екен. Құдық қалыпқа келтірілген, қоршалған. Ескерткіш қойылған. Онда ақын Ұлықбек Есдәулеттің Қасым Аманжоловтың 100 жылдық мерейтойы аясында өткен республикалық жыр додасында Бас бәйгені алған «Қасымның құдығы» толғауынан үзінді жазылыпты.

«Жатқандай бірін-бірі жаңа біліп,

Тұңғиық ғарыш пенен қара құдық...

Қасым ақын тылсымын ұғам десең, жолаушым, мойыныңды қара бұрып!»

Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Бағдат Шахмерденов құдық жайлы үлкендерден естуі бойынша Қасымның әжесі қазғызған, тереңдігі шамамен 5 метрдей болғаны, әкесі Рақымжанның қыстауы жайлы айтып берді. Жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, қызығушылықтарымен бөлісті. Дауылпаз Қасымның есімін асқақтатуға, оның туған жеріне құрмет көрсетіп, азаматтық танытқан азаматтарға ризашылығымызды білдіріп, Сарыобалы ауылына жол тарттық.

Дауылпаз ақынның туған топырағын басу, Кент таулары мен Қарқаралы баурайындағы небір ғажап көріністерді көру әркімге арман. Бұндай жерлер туризмнің орталығы болу керек дейді жастар. Шындығында алдымен жолын жөндеп, туризмнің  жолын ашса, керемет болар еді.

Біздің келесі аялдамамыз Сарыобалы ауылы.

Мұнда қатысушыларымыз «Уа, дариға, алтын бесік туған жер...» атты ақынның өлеңдерін оқу мен әндерін орындау бойынша өзара сайысқа түсті.

Заман жаңарып, ғасыр өзгерсе де Қасым өлеңдерінің құндылығы артып, тақырыбы мен мағынасы замана дауысымен үндесіп, асқақтап келеді. Міне, осындай өлең жырларын студенттер жатқа оқыды. Сырлы сазды, әуезді әндерін орындады.

Содан кейін ауыл клубының өнерпаздары даярлаған концертін тамашаладық. Көтеріңкі көңіл күй сыйлап, әннен шашу шашқан, қонақжайлылық танытқан ауыл тұрғындарының шаңырақтарына бақыт пен береке, мықты денсаулық тілеп Қасым ауылына қарай бет алдық.

Қасым ауылындағы №19 жалпы білім беретін тірек мектебінің тарихи-өлкетану музейіне экскурсия жасадық. Ауыл тарихына қатысты қызықты мә­лі­меттермен таныстық. Музейдің бір бөлмесі Қасым Аманжоловқа арналған екен. Онда ақынның сирек кездесетін суреттері, өзі тұтынған сиясауыты мен қаламсабы және басқа да жәдігерлер қойылған. Экскурсия барысында жастар ақын жайлы толымды ақпарат алып, жаңа деректермен таныс болды.

Осы жерде қатысушыларымыз Қарағанды облысының тарихынан, географиясынан, әдебиеті мен мәдениетінен, Қасым ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ой ширату» жылдамдыққа жауап беру ойнына қатысып, өз білімдерін ортаға салды.

Бір таңғалатының, ауылдағы қай баланы тоқтатып сұрасаңыз, Қасым ақынның өлеңдерін жатқа айтады. Жас ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиелеп, Қасымның жырларын дәріптеп отырған ауылдың мұғалімдері мен кітапханашыларына мың алғыс.

Жастар арасында тек Қасым жырларын дәріптеп қана қоймай, ауызбіршілік, бауырмалшылдық және жақсылыққа жақын болуды  мақсат еткен «Шықшы тауға, қарашы кең далаңа...» атты өлкетанулық экспедициясының екінші күні Қарқаралы қаласында жалғасты.

Көтеріңкі көңіл күймен басталған іс-шарамыз Қарқаралы ауданының мәдениет үйінде жалғасын тапты. Шара жазушы, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, қазылар алқасының төрағасы Серік Сағынтайдың құттықтау сөзімен басталды.

Қатысушыларымыз өлкетанулық экспедицияның ЕРЕЖЕСІНЕ сәйкес үй тапсырмасы ретінде дайындаған Қ. Аманжоловтың шығармашылығынан (ақынның өлеңдері, әндері, кітаптары т.б.) бейнебаяндарын көрсетіп, қазылар алқасының қолма-қол берген тапсырмасын орындады.

Қазылар алқасы әр топқа «Өлеңмен өрілген суреттер» тақырыбы бойынша Қасым Аманжоловтың «Балбөбек», «Күн көтерген қарындас», «Ай астында алтын тау», «Жаңбырлы кеште, көшеде», «Туған жер» өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның мазмұнын қағаз бетіне түсіруге тапсырма берді. Әр топ өздеріне берген тапсырмаларын мұқият орындап, қазылар алқасына ұсынды.

Қазылар алқасы екі күнгі жұмыстарды қарап, іріктеп, жеңімпаздарды анықтау уақыт аралығында қатысушыларымыз Қарқаралы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертін тамашалады.

Марапаттау рәсімі әнші Сырым Хординнің орындауындағы Қасымның "Өзім туралы" әнімен басталды.

Сонымен қазылар алқасының құрамы: жазушы, «Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, қазылар алқасының төрағасы Серік Сағынтайдың,  Қ. Байжанов атындағы КБ-тің әншісі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сырым Хординнің,  Қасым Аманжолов ауылдық округінің әкімі Ербол  Жоламанның әділ шешімдерімен қатарластарынан оқ бойы оза шапқан жеңімпаз топтар анықталып, марапатталды.

  • І орын  дипломмен және 300 000 ақшалай сыйлықпен Қарағанды медицина университетінің «Күретамыр» тобы;
  • ІІ орын дипломмен және 250 000 ақшалай сыйлықпен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Dauyl» тобы;
  • ІІІ орын дипломмен және 150 000 ақшалай сыйлықпен Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Сағынов жастары» тобы;
  • Арнайы дипломмен Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Бірлік» тобы, «Bolashaq» академиясы жеке меншік мекемесінің «Жауһар» тобы.

Арнайы сыйлықты Қасым ауылының әкімі Ербол Жоламан өз атынан ақшалай сыйлық табыстады.

Осылайша, жастардың басын қосқан екі күнгі тағылымға толы игі шара Қасым Аманжолов жырларының рухы асқақтай беретінін тағы да дәлелдеді.

Шара Қарқаралының тарихи орындарына экскурсия жасаумен аяқталды.

Жүректері жалынды, өр тұлғалы өрендеріміз бен жігерлі жастарымыз бар кезде Қасым рухы, хәм қазақ рухы қашанда биікте.

Рахмет саған, Қарқаралы елі!

 Өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева